Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан әлем чемпионатының ширек финалында бес өзбек боксшысының төртеуі қазақ спортшыларын жеңіп кетті

Фото: KBF

Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионаты қазақстандықтар үшін аса тартысты ширек финал кезеңімен есте қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл күні рингте Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары бірнеше рет бетпе-бет келіп, әр жекпе-жек ерекше маңызға ие болды. Күндізгі сессияда 6 қазақ боксшысы ринг шықты. 4 боксшы қарсыластарын жеңіп жартылай финалға жолдама алса, ерлер арасындағы қос былғары қолғап шебері өзбекстандық боксшылардан жеңіліп қалды.

Күндізгі сессия

  • Виктория Графеева (60 кг) өзбекстандық Ситора Турдибекованы 4:1 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды.

  • Елдана Талипова (80+ кг) Жаңа Зеландия өкілі Селин Элин Дэниел Ли-Лоны 4:1 есебімен жеңіп, ел қоржынына тағы бір жеңіс қосты.

  • Махмұд Сабырхан (55 кг) жапон Руи Ямагучиді нокдаунға жіберіп, 5:0 есебімен айқын басымдық танытты.

  • Төрехан Сабырхан (70 кг) франциялық Макан Траореге еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен жеңді.

  • Алайда, Нұрбек Оралбай (80 кг) өзбек Жавохир Умматалиевтен 0:5 есебімен ұтылды.

  • Сағындық Тоғамбай (90 кг) да өзбек боксшысы Турабек Хабибуллаевқа қарсы айқаста 0:5 есебімен жол берді.



Ал кешкі сессияда ұлттық құрама сапында тағы 7 боксшы ширек финалдық бәсеке үшін рингке көтерілді. Нәтижесінде тек 3 спортшымыз ғана жартылай финалға жолдама алды.

Кешкі сессия

Кешкі жекпе-жектер де жанкүйерлерді бейжай қалдырмады.

  • Алуа Балқыбекова (51 кг) Қытай Тайбэйінің өкілі И-Сюань Гуоны 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

  • Карина Ибрагимова (57 кг) Польша боксшысы Юлия Шереметаға 2:3 есебімен есе жіберді.

  • Аида Әбікеева (65 кг) әлемнің үш дүркін чемпионы, түркиялық Бусеназ Сюрменеліні сенсациялық түрде 5:0 есебімен ұтып, турнирдің басты оқиғаларының бірін жасады.

  • Гүлсая Ержан (80 кг) австралиялық Эзета Флинтке қарсы жекпе-жекте 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

  • Бейбарыс Жексен (60 кг) Олимпиада чемпионы, өзбек Абдумалик Халоковқа қарсы айқаста тәжірибелі қарсыласынан айласын асыра алмады — 0:5.

  • Ертуған Зейнуллинов (65 кг) өзбекстандық Асадхуҗа Муйдинхуҗаевтан да жеңіліс тапты — 0:5.

  • Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай (90+ кг) хорват Луко Пратлячичті 5:0 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалға шықты.

Қорытынды

Осылайша, Қазақстан құрамасының 20 өкілінің 10-ы жарысты аяқтады. Олар: Бейбарыс Жексен (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (65 кг), Сабыржан Аққалыков (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Бекзат Нұрдәулетов (85 кг), Сағындық Тоғамбай (90 кг), Элина Базарова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Надежда Рябец (75 кг), Гүлсая Ержан (80 кг).

Ал сегіз қазақстандық жартылай финалға шығып, кем дегенде қола жүлдені қоржынға салды. Олар: Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Айбек Оралбай (90+ кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Наталья Богданова (70 кг) және Елдана Талипова (80+ кг).

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жекпе-жектер турнирдің негізгі бәсекесіне айналды. Осылайша ширек финалда бес кездесудің төртеуінде өзбек боксшылары отандастарымызды жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 04:12
Талқылау