Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады

Бір күнде ұзатылған апалы сіңліФото: Дананың жеке архиві

Алматылық Дана мен Жансая есімді әпкелі-сіңлілер бір күнде тұрмысқа шығып, ерекше ұзату тойын өткізді. Қызығы екі арудың да таңдауы – Нұрсұлтан есімді азаматтар. Ұқсастық мұнымен бітпейді: қос жұптың арасы да, жастары да сәйкес келеді екен. Ал олардың отбасы алғашында тек ортаншысы Жансаяның ұзатуына дайындалып жүрген. Дана Stan.kz тілшісіне ерекше өткен қос ұзату мен қызықты оқиғасын айтып берді. 

28 жастағы Дана мен 24 жастағы Жансая бір отбасының үлкен қыздары. Олардан кейін отбасыда Айжүз есімді сіңлілері бар.

“Мен журналиспін, сіңлім Жансая IT- маманы. Осыдан 1 жыл бұрын Түркиядағы оқуымды аяқтап, Қазақстанға келген кезде сіңлімнің Нұрсұлтан есімді кездесіп жүрген жігіті барын білдім. Олар келесі жылы шаңырақ көтереміз деп жоспарлады. Ал менде ол кезде тіпті тұрмысқа шығу туралы жоспар болмады. Себебі оқудан енді келдім әрі көңіл жарастырып жүрген адамым болмады”, – деп баяндады Дана.

Бір күнде ұзатылған апалы сіңліФото: Дананың жеке архиві

“Үйдегілер мен де Нұрсұлтанға тұрмысқа шығамын дегенде сенбеді”

Алайда көп ұзамай Дана да өз жұбын кездестіріпті. Қызығы оның да таңдауы Нұрсұлтан есімді жігітке түскен.

“Бірде Астанада ағамыздың тойы болды. Мен өзімнің Нұрсұлтаныммен сол тойда таныстым. Бір-бірімізбен жақын араласып, 11 айдай кездестік. Кейін отбасы болуды шештік. Мен Нұрсұлтанмен кездесіп жүргенде сіңлім күліп “қызық ертең екеуіміз де осы жігіттерге тұрмысқа шықсақ, оларды қалай атаймыз? Бірінші Нұрсұлтан, Екінші Нұрсұлтан дейміз бе, үлкені, кішісі дейміз бе” деп бір күліп алғанымыз бар. Соны періште әумин дегендей.  

Оларды бір-бірімен таныстырғанда да қызық болған. Сіңлім “Нұрсұлтан танысып қой, бұл Нұрсұлтан” деп таныстырды. Қызығы екеуінің де аты Нұрсұлтан, сіңлім екеуіміздің арамыз 4 жас болса, олардың да арасы 4 жас. Жансаяның Нұрсұлтаны өзінен 2 жасқа үлкен, менің Нұрсұлтаным да өзімнен 2 жасқа үлкен”, – деп қосты ол. 

Сіңлісі Жансая тұрмысқа шығатыны туралы бұрыннан отбасына хабарлап қойғандықтан әпкесі Дана алғашында өз ұзатуын кейінге қалдыруды ойлаған екен.

“Отбасым ағамыздың тойынан кейін “бір жылдан соң Жансаяны ұзатамыз” деп дайындалып жүрді. Ал мен де тұрмысқа шығатыным туралы хабарлағанымда сіңлімнің сәл көңілі түсті. Тіпті үйдегілер “мен де тұрмысқа шығамын. Менің жұбымның аты да Нұрсұлтан” деген кезде сенбей, мені әзілдеп тұр екен деп ойлады. Сосын мен “жарайды, онда келесі жылға қалдырармын” деп ойладым. Алайда ата-анам кейін жігітімнің отбасыммен танысқан соң, олардың жазда жасайық деген ұсынысын жөн көрді. Осылайша ата-анамыз сіңлім екеуіміздің ұзатуымызды бірге жасайтын болып шешті”, – деді ару. 

Бір күнде ұзатылған апалы сіңліФото: Дананың жеке архиві

“Ата-анам көңілімізді қалдырмауға тырысты: Тойға шамамен 10 миллион теңге жұмсалды”

Туыстарымыз да солай шақыру билеттегі Дана мен Жансаяның ұзатуы дегенді көрмейінше сенбепті. Дананың айтуынша, екі Нұрсұлтан да мұндай ұзатуға қарсы болмапты. Керісінше ерекше екенін айтып, бастысы қолдарын сұрайтынын жеткізіпті. 

“Енді екеуіміз де қатарынан Нұрсұлтан есімді жігіттерге кетіп бара жатқаннан кейін ата-анамыз екеуіміздің де көңілімізді қалдырмай шығарып салуға тырысты. Жасауға ұсақ-түйек заттарға дейін бәрін бірдей етіп алды. Шығын жағына аса кіріспедім. Барлығын үлкендер шешті. Дегенмен екі бірдей қыздың ұзатуы болған соң, барлығына шамамен 10 миллион теңгедей кетті ғой деймін. 

Кіші сіңліміз болса, осы екі жақтағы құдалық, тойлардың бәрін қосқанда, соларға бару үшін 8 көйлек алуым керек деп бір күлдірді. Ал 84 жастағы әжем “тіпті жақсы болды, аттарын ұмытып қиналмаймын. Біреуінікін жаттасам болды” деп әзілдейді. Бастысы Жансая екеуіміз ерекше ұзату болғасын барынша креативті өткізуге тырыстық”, – деп қосты Дана. 

Ерекше тойдың басында отбасының кенже қызы екі әпкесін бірдей алып шықса, ұзатылған кезде де жолды қыздар бірге жүріп өткен.

Бір күнде ұзатылған апалы сіңліФото: Дананың жеке архиві

“Ұзатылар кезде ұзын бір жол жасадық. Сосын отбасылық құрбымыз сіңлім екеуімізді құрбым мен сіңлім деген шумақтармен ән арнап, екеуімізді қатар шығарып салды. Әйтпесе кезекпен шығарылатын болсақ, ата-анамыз бірінші тұңғыштарына, кейін екінші қызына жылайтындай жағдайда жасағымыз келмеді. 

Екі қыздың тойын қатар жасағанда да шақыратын қонақтар тізімі ортақ қой. Туыстарымыз, ата-анамның дос-жарандары барлығы сол келетін қонақтар. Тек екі жақтан келетін құдалар жаңа адамдар болды. Сосын барынша көңілдеріне алып қалмас үшін, тамада оларды ортаға шақырғанда жолына қарап үлкен қыздыкін бірінші, сосын сіңлімдікін шақырды”, – деді ол. 

Қазір қыздардың ата-анасы күйеу балаларын “Дананың Нұрсұлтаны, Жансаяның Нұрсұлтаны” деп атайды екен.

“Бәрібір дегеннің өзінде іштей кішкене бәсеке болады. Кім бірінші неке қидырып келді, кімнің жігіті бірінші сөз салды, ол қалай жасады, қандай гүл жіберді? деген сияқты салыстырулар бәрібір сезіледі екен. Дегенмен бәрі бірдей деңгейде болды. Тостта да туыстарымыз екеуімізді бөліп-жармай мақтауымызды асырып, жылы сөздерін теңдей аямады. Әйтеуір көңілге тиетіндей сәттер болмады”, – деп қорытты ол.

@nazema321 #той ♬ оригинальный звук - nazema321
STAN.KZ
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 18:31
Талқылау