БҚО-да ереуілге шыққан 47 жұмысшыдан коронавирус анықталды
Батыс Қазақстан облысында Bonatti компаниясы басшылығының бастамасымен барлық қызметкерлер ПТР-тест тапсырды. Олардың 47-сі COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Bonatti компаниясы қызметкерлерінің скринингі 6 және 7 қаңтарда екі кезеңде өтті. Коронавирус 650 адамның 47-інде анықталды. Науқастар өзін оқшаулауға жіберілді, компания осы мақсаттар үшін пәтер жалдады", - деді БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхаметғали Арыспаев облыс әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында.
БҚО әкімі Ғали Есқалиев шетелдік компания қызметкерлері өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтауы және дәрігерлік ұсыныстарды ұстануы тиіс екенін атап өтті.
"Егер бұл адамдар үйден шықса, біз компания басшылығымен сөйлесетін боламыз. Оларға жұмысқа шығуға тыйым салынады, соңы босатуға дейін жетеді. Сондай-ақ біз ҚПО және "Жайық мұнай"компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргіземіз. Олардың да жұқтыру қаупі бар", - деді әкім.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 6 қаңтарында БҚО-да Bonatti компаниясының қызметкерлері ереуіл өткізді. Олар жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етті. Басшылық мәселені 15 қаңтарға дейін шешуге уәде берді. Қазір компания қызметкерлері жұмысқа кірісті.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
