"Бізден ақшаны алып, алдап кетті": "Алтын Орда" базарының сатушылары бұрынғы басшылыққа шағымданды
Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарында тағы дау шықты. Жүздеген сатушы өздерін жаңа павильонға ауыстыруларын сұрайды. Сөздерінше, кешен құрылысы басталған кезде орын сатып алған. Бірақ кәсіпкерлер сатып алу туралы құжаттың барлығына берілмегенін айтады. Базардың бұрынғы әкімшілігі жаңа орын беруге уәде берген. Алайда кешен құрылысы қазір тоқтап тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Алтын Орданың" қызметкерлері сауда орындарын қалдырып, әкімшілік ғимараты алдында жиналған. Олар басшылықпен кездесуді талап етті. Өткен жылы кәсіпкерлер құрылысы басталған жаңа павильоннан орын сатып алған. Ал жақында базар басшылығының ауысып кеткенін білген.
"Менің де жаңа орын алғым келеді, алдын ала төлем жасадым. Басшылық ауысып кетті ғой. Өз орнымызды аламыз ба, алмаймыз ба, соны білу үшін осында жиналдық", - дейді кәсіпкер Айгүл Жақыпова.
Угия Калигазина туыстарымен бірге жаңа павильоннан алты сауда орынын сатып алған. Ақшаның бір бөлігін, 35 мың долларды базар әкімшілігіне берген. Бастапқыда келісімшарт жасауға уәде берген, бірақ кейін сөздерінде тұрмады дейді.
"Мұнда барлығы сатылып кеткен. Ақшаны жинап, қалталарына басты, бізге ешқандай құжат берген жоқ. Барлық жалға алып отырған адамдарды да алдап, лақтырып кетті. Олар қазір қашып жүр. Ал біз қиналып отырмыз", - деп қосты кәсіпкер Угия Калигазина.
Құрылысы жүріп жатқан павильоннан орын алу үшін 800 саудагер алдын ала төлем жасаған. Әр орында 8 миллион теңгеге саудалапты. Кәсіпкерлердің басым бөлігі толық соманың жартысын төлеп қойған.
Саудагерлер жаңа павильонға көктемде көшу керек болғандарын алға тартты. Бірақ қаңтарда құрылыс тоқтап қалған. Ал базардың жаңа әкімшілігі құрылыстың қайта жанданып, бір жарым айдан кейін павильонның қолданысқа берілетінін айтты.
Ғимаратқа 250 кәсіпкер орналасады, ал қалғандары жанынан салынатын жаңа павильоннан орын алады. Қолында келісімшарты жоқ кәсіпкерлердің де мәселесі шешілетінін мәлімдеді.
"Кеше ғана құрылысшыларға айттық. Мен құрылысты аяқтап, жұмысты бастау үшін бір ай уақыт бердім. Менің ойымша, құрылыс тек бір жарым айға созылады. Сауда орынын сатып алғандар өз орындарын алады", - деді "Алтын Орда" базарының бас әкімшісі Ермек Мархабаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қанат Бозымбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында базардан көптеген заң бұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеген.