"Біз жоқта үйді ашып, тойлатып отыр": Пәтер иесі жалға алушылар жоқ кезде үйге кіре ала ма
Желіде тұрғын жалдамалы үйіне пәтер иесі кіріп алғанын мәлімдеп, сол сәтті видеоға түсіріп алған. Баспананы жалдап тұратындар пәтер иелерінің мұндай әрекеттеріне наразылықтарын білдіріп, пікір білдірген. Осы тұста Stan.kz тілшісі адвокаттан мұндай істің қаншалықты заңды екенін және пәтер иелерінің үйге келу мәселесін сұрап білді.
Видеодан скриншот
Желі қолданушысы пәтерге келсе, ер адамның, яғни пәтер иесінің үйде жатқанын айтады.
“Астанадан келсек, үй иесі үйді кілтімен рұқсатсыз ашып, тойлатып отыр”, – делінген видеода.
Сөзінше, мұндай жағдай бірнеше рет болған. Үйдің кіреберісіне мас күйде келген сәті болды деп жазады. Осы жайттан соң олар көшіп кеткен екен.
Адвокат Дайана Дүйсенбекова жалға алушы мен жалға берушінің арасындағы қатынастар Азаматтық кодекспен реттелетінін айтты. Сөзінше, аталмыш видеодағы әрекет заңға қайшы келеді.
“Пәтер иесі жалдау шартына қол қойғаннан кейін меншік иесі ретінде өз құқығын толық жүзеге асыра алмайды. Пайдалану және иелену құқығы жалға алушыға өтеді, бірақ иелік ету құқығы меншік иесінде қалады”, – деді маман.
Сөзінше, заңнамада пәтер иесінің үйге баруына қатысты арнайы ережелер қарастырылмаған. Бірақ жалға алушы оның келуіне, үйді көруіне тыйым сала алмайды дейді. Осы себепті бұл мәселені жалға беру шарты арқылы екі тарап анықтап алғаны жөн.
"Келісімшартта үй иесі пәтерді көруге неше рет келе алатынын анықтаған дұрыс. Мысалы, айына бір рет, келер алдында 1 күн немесе 1 апта бұрын ескертуге тиіс, бару уақыты сағат 22:00-ге дейін дегендей келіседі. Пәтер иесі үйді жалға алушы бар кезде ғана тексеріп, бақылай алады", – дейді заңгер.
Айтуынша, жалға алушы жоқта үйге кірген жағдайда Қылмыстық кодекстің 149-бабы “Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу” бойынша жазаға тартуға болады. Бұл үшін 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Тек төтенше жағдайларда үй иесі пәтерге жалға алушыларсыз кіре алады.
“Жалға берілген пәтерге жалға алушылар жоқта кіру тәртібін келісімшартта бекіткен абзал. Мысалы су басу салдарынан пәтердің зақымдалу қаупін болдырмау, су тасқынын тоқтату, өртті сөндіру және т.б. кезде кіруге болады”, – деді ол.
@aa11iiya 🤣🤣🤣
♬ оригинальный звук - sportik.777.