Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз әлі ашық, демократиялық елде тұрмаймыз": Экс-министр Біртанов өзіне жемқорлық айыбын таққандардың атын атаудан қорқатынын айтты

Жемқорлық бойынша айып тағылған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне айып таққандардың нақты кім екенін білмейтінін және есімдерін айтуға қорқатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қасқа жол” YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынды

Журналист экс-министрден Тоқаевтың алдына бізде Біртановқа қатысты бұлтартпас айғақ бар, ол кісі жемқорлыққа батқан екен, оны ұстауға рұқсат беріңіз деген хат келгендігін. Бұл хатты нақты кім ұсынғанын сұрады.  

“Мен де бұл әңгімені естідім. Себебі бұл әңгіме интернетте бар. Бұл қағазды өзім көрген емеспін. Сыйлайтын азамат осындай әңгіме айтқан соң сенімім бар. Күрделі деңгейде мені, әріптестерімді, тұтас денсаулық сақтау жүйесін тексерді. Президентке осындай ақпарат жетсе жақсылап тексеріп, анықтаңдар деген тапсырма береді әрине. Бірақ нәтиже бойынша сотта Біртанов ақша ұрлады, пара алды деген ешқандай айыптау болған жоқ. Мен қазір де айтамын, пара алған, коррупцияға батқан адам емеспін”, – деді Біртанов.

Сондай-ақ экс-министр өзін айыптаған адамдардың аты-жөнін атаудан қорқатынын жеткізді. 

“Шынын айтсақ, әрине қорқамын. Біріншіден, өкінішке орай біз әлі ашық, демократиялық елде тұрмаймыз. Екіншіден, олардың атын нақты білсем айтар едім. Олардың кім екенін нақты білмеймін. Түрлі ойлар, версиялар болады. Мен қазір оны ойламаймын. Тергеу барысында, сот кезінде сондай ойлар болды. Бірақ қазір сот бітті. Сот үкімі күшіне енгізілді. Оны орындап жүрмін. Мен енді қылмыскер деп саналамын. Ары қарай өмір сүру керек. Менің, отбасымның алдында мақсаттар бар. Менің ойымша ерте ме, кеш пе бәрі анықталады. Жалпы Біртанов пен Олжас Әбішев жемқор емес деген жағдай анықталады деп сенемін”, – деді Біртанов. 

Еске салайық, Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған еді. Қаржы мониторингі агенттігінің (AFM) бағалауы бойынша, орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн доллар немесе 1,5 млрд теңгені құрайды. Біртановқа сондай-ақ "2020 жылдың маусым айында санитарлық авиацияның ұшағын жеке мақсатта пайдаланған кезде" өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айып тағылды.

Ал экс-министр өз кінәсін мойындамады. 

Айта кетейік, бұған дейін Экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шығарылғаны және Елжан Біртановтың мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеуіне 561 жыл керектігі туралы жазған едік. 

Талқылау