Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір тамшы су да жоқ": Түркістан облысының ауылында тұрғындар 7 жыл бойы ауыз сусыз отыр

 

 

Түркістан облысының Алпамыс батыр ауылындағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп қазынадан 1 миллиард теңге жұмсаған әкімдік әлі күнге жұртты сумен қамтамасыз ете алмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

ауылТүсірілімнен скриншот

Алпамыс батыр ауылында 7 жыл бұрын жасатқан сараптама қате болып шықты. Су шығады деп қазған ұңғымалардан ештеңе шықпады. Енді мердігер компания ауылдың жан-жағын қазып, су шығатын жерді іздеуде.

Ауылда осымен үшінші мәрте жер асты ұңғымасы қазылып жатыр. Ол 800 метр тереңдікте тұр. Бірақ құбырлар салынбайынша, жер асты суы шықпайды. Мамандар дәл осы жерден тіршілік көзі табылады деген сенімде. Бірақ ауылдың ахуалынан хабардар жергілікті жұрт бұған күмәнмен қарайды.

Алғашқы геологиялық зерттеу 2015 жылы жүргізілген. Ол кезде 50-70 метр тереңдікте су шығады деп сараптама қорытындысы берілді. Бірақ 7 жыл бұрын берілген сараптама қате болды.

“Бұл жерден су шықпайды деп басынан айттық. Бірінші суларыңызды қазыңыздар, сосын біздің көшемізді бүлдіріңдер дедік. Су шықса, одан кейін қазыңдар, біз шыдаймыз деп түсіндірдік. Бірақ бізге тіпті бір ожау, бір тамшы су көрсеткен жоқ. Біз су көрген жоқпыз. шаршадық!”, – дейді тұрғын Гауһар Жораева.

Су көзін күтіп сандалған жұрт жауында көшелерінің батпаққа айналғанына наразы. Айтуларынша, қосалқы мердігер жолды қопарып, жүретін жер қалдырмаған. Істің шалалығынан шаршаған ел биліктен бұл мәселені тез арада шешуді сұрайды.

“Көшелеріміздің бәрін бүлдіріп кетті. Ол жерге мал да, адам да, машина да түсіп жатыр. Қазған жерлерін жөндеп бекітпейді. Көшені төбе-төбе, лай-лай, шұқыр қылып кеткен. Істері сапасыз”, – деді тағы бір тұрғын.

Ал жеті жылдан бері жұтым суға зар болған халықтың жыларман жағдайын мердігер ұғынуға емес, ұрысуға келгендей кейіп танытты. 

“Екі рет қазамыз, керек болса оны үш рет қазамыз”, – деді мердігер Марат Әбітаев. 

Ал 70 метр тереңдіктен соң су шығады деген сараптамаға сенген тапсырыс берушілер қалай болса да, тіршілік көзін табамыз деп отыр.

“800 метрден қазір су дебиті анықталып отыр. Обсадка жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сенімдіміз, бізге каратаж ұсынылған”, – деді Келес ауданы Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шырынбеков.

1 миллиард теңге бөлініп, жеті жыл бойы жетпеген судың келесі жылы болатынына халық күмәнмен қарайды.

Талқылау