Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биыл қан жылы": Иранда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардың жаңа толқыны басталды

Бейсенбі күні Иран полициясы Тегеран маңындағы наразылық кезінде оққа ұшқан Хадис Наджафиді аза тұтудың 40-шы күнін атап өту үшін мыңдаған көтерілісшілер ағылған Карадж қаласындағы зиратқа кіре беріс жолды жауып тастады. Күштік құрылымдар оның бейітіне көп адамның жақындауына жол бермеуге тырысты. Бұл шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардың жаңа толқынына әкелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC сайтына сілтеме жасап.

Иран котерилис 2022

Сурет ашық дереккөзден алынды

Шерушілер полицияның әрекетіне қарсы жауап ретінде Карадж қаласындағы тас жолды жауып, көліктерді өртеп, үкіметке қарсы ұрандар айтты. Солардың бірі: "Биыл қан жылы, Сейед Әли (Хаменеи) тақтан тайдырылатын жыл!".

Өткен аптада Иран полициясы өлімі елде жаппай наразылық тудырған Махса Амини мен қақтығыстар кезінде қаза тапқан Ника Шакарамиді аза тұтудың 40-шы күнінде осындай ұрандармен жиналған көпшілікке қарсы оқ жаудырған.

Қаза тапқан үш қыз да ирандық наразылықтың символына айналды.
Иранның ең құрметті адам құқықтары жөніндегі 40 заңгері бірлескен мәлімдеме жасап, елдің діни қызметкерлерін ашық сынап, шерушілер бұдан былай қатыгез қуғын-сүргіннен қорықпайтындықтан билеушілері құлайтынын мәлімдеді.

"Үкімет әлі өз өтірігіне өзі сенеді және ол адамдардың үнін өшіру үшін басып, тұтқындап, өлтіре аламыз деп ойлайды. Бірақ халықтың толқыны ақыры билікті жояды, өйткені Құдай халықтың жағында. Халықтың үні – Құдайдың үні", - делінген Reuters агенттігіне сұхбат берген құқық қорғаушылар мәлімдемесінде.

Орамалдан бастап режимді өзгертуге дейінгі жол

22 жастағы Махса Амини қыркүйектің ортасында хиджабты "тым ашық" кигені үшін полиция тұтқындаған. Полиция бөлімшесінен қыз бірден ауруханаға түсіп, қыз басынан ауыр жарақат алып, комаға түсіп, көп ұзамай қайтыс болды.

Билік ол уақытта қыздың "кенеттен жүрек талмасы ұстады" деп мәлімдеді, бірақ отбасы оның соққыға жығылғанына сенімді, ал қыздың қамауға алынғанын көрген куәгерлер оны көліктің ішінде ұрып-соға бастағанын айтқан.



Махсаның өлімі бүкіл елде бұрын-соңды болмаған наразылық тудырды, әйелдер алаңдарда орамалдары мен хиджабтарын өртеп, "Әйел, өмір, бостандық!" деп ұрандатты.

Он алты жасар Ника Шакарами Тегерандағы наразылық шарасы кезінде тұтқындалды. Көп ұзамай оның туыстары қыздың өлгенін, полицияның оның денесін жасырын түрде алып шығып, Тегераннан 40 шақырым жерде жерлегенін білген.

22 жастағы блогер әрі тиктокер Хадис Наджафи 21 қыркүйекте Караджидегі көтеріліске қатысып, жолда достарына бейнежазба жазып, онда былай дейді: "Бірнеше жылдан кейін артыма қараған кезде мен бәрінің жақсы жаққа өзгергенін көріп, қуанатын боламын".

Бір сағаттан кейін оны өлтіріп кетеді. Кейін шенеуніктер әкесінен қыздың жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтуды талап етеді.

Бірнеше апта ішінде наразылықтар 1979 жылғы Ислам революциясынан кейінгі ең ауыр және ауқымды көтерілістердің біріне айналды. Алаңға шыққандар Хаменеиді тақтан тайдыруды, тіпті өлтіруді және режимді өзгертуді талап етеді.

Тұтқынға алу және кінәсін күшпен мойындату

Қауіпсіздік күштері көтерілісшілерге оқ жаудырып, шерулерді аяусыз басып жатыр. Норвегияда орналасқан Иран адам құқықтары ұйымының мәліметінше, қақтығыстарда осы уақытқа дейін 277 адам қаза тапқан, оның 24-і әйел және 40-ы 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер.

Иран билігі өзінің алаңға шыққандарды өлтіруге қатысы жоқ екенін айтып, оның орнына жіберілген кейбір шетелдік "лаңкестерді" айыптады. Иранның мемлекеттік газеті дүйсенбі күні қақтығыс кезінде 35 қауіпсіздік қызметкерінің қаза тапқанын жазды.



Жүздеген адам қамауға алынды - қауіпсіздік күштері наразылық акцияларында адвокаттар мен дәрігерлерден бастап реппэрлерге дейін жаппай қамауға алып жатыр.

Олардың бірі, бұрын шерулерді қолдаған белгілі ирандық рэпер Тумадж Салехиді мемлекеттік телеарнадан көрсетті - видеода өзін Салехи деп атаған көзі байланған ер адам қателескенін мойындайды.

Ирандық құқық қорғаушылар оны күштеп мойындатқанына сенімді. Осы аптаның сәрсенбі күні АҚШ вице-президенті Камала Харрис әйелдердің наразылығын "батылдық" деп сипаттап, АҚШ Иранды БҰҰ-ның Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының құрамынан шығаруды талап ететінін айтты.

"Әйелдердің құқықтарын жоққа шығару және өз халқын аяусыз қудалау арқылы Иран бұл комиссияда қызмет ете алатын ел мәртебесіне сәйкес келмейтінін көрсетті", - деді Харрис.

Талқылау