"Биатлоннан футболға дейін": Жоғары аудиторлық палата миллиардтаған қаржы бөлінсе де, медаль әкелмеген спорт түрлерін атады
Фото: Freepik.сom
Таяуда жоғары аудиторлық палата қорытындысында олимпиадалық емес спорт түрлеріне артық қаржы бөлініп, 19 спортта дайындық бағдарламасы жоқ екені белгілі болды. Stan.kz бюджеттен қомақты қаржы алғанымен нәтиже көрсетпеген спорт түрлерін және 2022-2024 жылдары бұл салаға нақты қанша қаражат бөлінгенін анықтады.
Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит тексеріс жүргізген соң Қазақстанның спорт саласында жалпы 17 миллиард теңге көлемінде заңбұзушылық анықталды.
Осы ретте жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысына сәйкес, биатлон, баскетбол, волейбол, теннис, баскетбол 3*3, скейтбординг, гольф, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, сноуборд және футбол секілді ойын түрлерінде спортшылар 2022-2024 жылдары аралығында бірде-бір рет халықаралық жарыстардың жеңімпазы аталмаған.
Редакция аудиторлық палатадан 2022, 2023, 2024 жылдары осы спорт түрлеріне қанша қаржы бөлінгенін сұрап білді. Мысалы, ең көп қаржы бөлінген спорт түрі – биатлон. 2022 жылы 589 917 миллион теңге, келесі жылы 733 583 миллион теңге, ал былтыр 816 641 миллион теңге бөлінген. Бұл ойын түріне жалпы 2 миллиард 140 141 теңге бөлінген.
Тізімде екінші орынға волейбол жайғасты. Оған, әуелі, 120 774 миллион теңге, 197 174 миллион теңге, 400 011 миллион теңге, жалпы үш жылда 717 960 миллион теңге бөлінген.
• Баскетбол – 141 981 миллион теңге / 126 061 миллион теңге / 223 600 000 теңге = 491 641 миллион теңге.
• Баскетбол 3х3 – 41 578 миллион теңге / 93 762 миллион теңге / 47 828 миллион теңге = 183 168 миллион теңге.
• Теннис* – 26 759 миллион теңге / 47 200 миллион теңге / 42 045 миллион теңге = 116 005 миллион теңге.
• Скейтбординг – 26 028 миллион теңге / 43 449 миллион теңге / 20 788 миллион теңге = 90 265 миллион теңге.
• Гольф – 14 642 миллион теңге / 17 845 миллион теңге / 52 243 миллион теңге = 84 730 миллион теңге.
• Шаңғы қоссайысы – 7 736 миллион теңге / 16 104 миллион теңге / 16 602 миллион теңге = 40 442 миллион теңге.
• Тау шаңғысы спорты – 10 754 миллион теңге / 8 651 миллион теңге / 10 683 миллион теңге = 30 088 миллион теңге.
• Сноуборд – 5 785 миллион теңге / 4 516 миллион теңге / 4 231 миллион теңге = 14 532 миллион теңге.
• Футбол* – 1 123 миллион теңге / 2 412 миллион теңге / 4 381 миллион теңге = 7 917 миллион теңге.
Жалпы осы спорт түрлеріне 2022 жылы 987 078 миллион, келесі жылы 1 миллиард 290 757 теңге, ал былтыр 1 миллиард 639 053 теңге бөлінген. Осылайша үш жылда 3,9 млрд теңге бөлінген.
Кесте. Stan.kz
"Сонымен қатар жекелеген спорт түрлері бойынша шығындардың көрсеткіштері ұсынылды. Футбол және теннис спортын негізінен осы спорт түрлерінің федерациялары қаржыландырады. Аудит барысында мемлекеттік бюджет есебінен "Спортты дамыту дирекциясы" арқылы, тек осы федерациялармен байланыс үшін құралған штаттық қызметкерлердің жалақыларына және спорт түрлерін насихаттауға шығын кеткенін атап айтқан жөн", – деп ескертті жоғары аудиторлық палата.
Еске салайық, бұған дейін олимпиадалық емес спорт түрлеріне артық қаржы жұмсалғанын жазған едік. Жаттығу бағдарламаларының болмауы, спорт мектептеріндегі қабылдау жүйесінің ашық емес екені, медициналық көмектің ескіргені сияқты проблемалар да анықталды. Дирекция басшылығына 3,5 миллиард теңге көлемінде сыйақы берілген. Министрлік 2024 жылғы жаңа заң аясында спортты қаржыландыру жүйесін қайта қарағанын және ашықтықты арттыруға бағытталған жоспар қабылдағанын мәлімдеді.