Берік Уәли президенттің Бозжыра шатқалындағы құрылыс туралы тапсырмасын түсіндірді
Қазақстан ррезидентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жобасы бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кеше Facebook әлеуметтік желісінде президенттің Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақ үйдің құрылысын қайта қарауды тапсырғаны жайында жазып едік. Аталған жазба ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі сұрақтар қойылып жатыр. Сондықтан осы мәселеге тағы бір мәрте оралып, қосымша түсініктеме бергенді жөн деп таптық.
Маңғыстау облысында туризмді дамыту – үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз", - деп атап өтті Берік Уәли.
Оның сөзінше, жақында Бозжыра табиғи қорығына жақын жерде қонақ үй салу жобасы ұсынылды.
"Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде.
Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан мемлекет басшысы үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады", - деді президенттің баспасөз хатшысы.
Еске салайық, Маңғыстаудың басты символы саналатын Бозжырада сафари-қонақ үй салады деген хабар тарай сала қоғам белсенділері дүрлікті. Көпшілік құрылысты тоқтатуды талап етті.
Кейін ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев Маңғыстау облысына келіп, халықпен Бозжыра трактатында қонақ үй салуды талқылады. Ол туристерді орналастыруға арналған орын таудан бір шақырым қашықтықта салынса, ол жойылмайды, керісінше табиғилығын сақтайтынын айтты.
Дегенмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Бозжыра шатқалындағы қонақ үй құрылысы жобасын қайта қарауды тапсырды.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
