Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нысан салсақ, турист тартпаймыз, қашырып аламыз": Экологтар Бозжыра шатқалына қонақ үй салуға қарсы шықты

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалындағы құрылыс басталмай жатып дауға шықты. Жеке меншік инвесторлар әкімдіктің қолдауымен Маңғыстаудың басты символы саналатын Бозжырада сафари-қонақ үй салады деген хабар тарай сала қоғам белсенділері дүрлігуде. Бірегей табиғи аумақтың келбетін бұзып, тарихтан ақша жасамақшы дегендер құрылысты тоқтатуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Қазақстандағы ең жұмбақ әрі қызықты орындардың бірі - Бозжыра саяхатшылар онсыз да мыңдап келетін жер. Табиғаты бірегей әрі тартымды жыраға инвесторлар сафари-қонақ үй саламыз деп құлшынып отыр. Оны "турист тарту"үшін таптырмас идея деп әкімдік те қолдай кеткен. Тіпті, осы мақсатқа 84 гектар жер де беруге келіскен. Бірақ бұл жоба табиғат жанашырлары мен экологтардың қарсылығына ұшырады. 

"Бұл аумақтың топырағына дейін аса сезімтал екенін түсіну керек. Құрылыстағы ауыр техника қайталанбас табиғатты бұзуы әбден мүмкін. Оның әсерін қаншалықты тексергенін біз білмейміз. Оның үстіне жол салып, газ, су жүргізетін болса әрі-беріден соң ол жердегі жануарлар әлеміне кедергісін тигізуі мүмкін ғой", - деді эколог Кирилл Осин.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығындағылар да экологтардың сөзін қолдайды. Олардың сөзінше, бұл қорықты құртады. Қызыл кітапқа енген уриал, қарақұйрық пен қарақал сияқты жануарлардың көбеюіне кесірін тигізеді екен. Басты себеп - Бозжыра тұрған үстірт ЮНЕСКО тізіміне енуге шақ тұр. Ал, ЮНЕСКО-ның басты талабы – бүлінбеген табиғат екенін ескерсек, коммерциялық нысан салынса ұйымға кіргізу жоспары құрдымға кетеді, дейді белсенділер. 

"Бозжыра – бірегей рухы бар, сирек магия тұнып тұрған жер. Көптеген турист осы қалпында көру үшін ғана келеді. Мұнда қонақ үй немесе басқа да коммерциялық нысан салатын болсақ біз турист тартпаймыз, қашырып алуымыз мүмкін. Сондықтан, осы күйінде сақтайық", - деді Маңғыстау бойынша эко-тур ұйымдастырушы Павел Худяков.  

Бұл құрылыстың басталуына экологтар, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар түгілі, шетелден келген туристтер де қарсылық танытып жатыр. Ал, әкімдіктегілер болса, қоғамдық тыңдау болмай, ешқандай да құрылыс салынбайды деп сендірді. Жалпының пікірін білу бізге де аса маңызды деген шенеуніктер турист тарту үшін қосымша құрылыс керек екенін алға тартты.

"Ол туристер енді қазір біздің Маңғыстаудың жаңағы жақсы, әдемі жерлерімен қыдырады. Қыдыру себептері ол ертең жабайы турист боп есептеліп кетеді. Яғни, оған арнайы туристік нысандар қажет болады тиісті. Әйтпесе тиісті жағдай болмаса туризм табиғатқа кері әсерін тигізуі мүмкін", - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.

Маңғыстау әкімдігі Бозжырадағы қонақ үй құрылысы бойынша жуық арада қоғамдық тыңдау ұйымдастырмақ. Ал, "қалай болса да киелі жердің үстінде құрылыс жүргізуге қарсымыз" дегендер өздерінің ұсынысын айтты. Яғни, нысанды таудың тура етегінен емес, 20 шақырым арыдан қазақи киіз үй тігіп, қонақтарын күте берсін деп отыр. Сонда, өгіз де өлмейді, арба да сынбайды.

Талқылау