Бензин бағасының өсуі инфляцияға әсер етеді - Үкімет басшысы
Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуы инфляцияға әсер етеді. Бұл туралы Үкімет кулуарында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
"Жанар-жағармай бағасының өсуі белгілі бір деңгейде инфляцияға әсер етеді. Тікелей ықпалын алып қарасақ, 0,4 мөлшеріндегі дизель отыны мен АИ-92 бензинінің тұтыну үлесін ескере отырып, орта есеппен жан басына шаққанда, инфляцияға әсері шамамен 0,35% болады. Бұл - тікелей әсер",- деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан соң журналистердің сауалына жауап бере отырып.
Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасы өсуінің инфляцияға жанама әсері де болатынын айтты.
"Дизель мен бензин өндірушілердің шығындарын ескерсек, инфляцияға белгілі бір мультипликативті әсер болады. Дегенмен Мемлекет басшысы бізге жыл соңына қарай инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойып отыр. Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі түрде шешім қабылдап жатыр", - деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, наурыз айында инфляция деңгейі баяулаған. Алдағы уақытта да инфляцияны төмендету бойынша арнайы шаралар қабылданады.