Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сейсмолог Қазақстанның қай өңірлерінде жер сілкінісі қаупі жоғары екенін айтты

Белгілі сейсмолог, инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, профессор Таңатқан Абақанов “Jibek joly” арнасына берген сұхбатында Қазақстанның қай өңірлерінде жер сілкінісі қаупі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Қауіпті табиғи жер сілкінісінің оңтүстік-шығыс маңында болу ықтималдығы жоғары. Ал жасанды жер сілкінісі батыс жағымызда болуы мүмкін. Онда кен, газ, мұнай  орындары бар. Оның ішінде теңізде бірнеше үлкен жер сілкіністері болды. Сол себепті бұл мәселеге көп мән беріп, қадағалау керек. Оның қай кезде, қай маңда болатынын алдын ала біліп отыру қажет. Бірақ оған біздің елде күш жетіңкіремейді”, – деді сейсмолог. 

Оның айтуынша біздің елде жер сілкінісі болу ықтималдығын зерттейтін құрал-жабдықтар көнерген. 

“Жапонияда 5 мыңдай, Қытайда 4 мыңға жуық, ал Иранда 2 мыңдай сейсмикалық станциялар бар. Қазақстанда бар-жоғы 200-дің шамасында. Қазақстанның жері менен Жапонияның жерін салыстыруға келмейді. Біздің елімізде осы мәселені көбісі көтере бермейді. 

Жапонияда сейсмостанцияны қою біздікінен 10 есе арзан. Сейсмостанцияны далаға қояйық десек халықтың тәрбиесі жетіспейді. 

Жер сілкіністерінің қай жерде болып жатқаны, қай жарықтан шығып жатқанын зерттеу керек. Сосын сейсмостанциялық орталықтарды жағалай салу керек. Ал біз не істедік? Үш ғалым, мен, марқұм Владимир Щацилов және доктор Тимуш үшеуіміз 10 күн дала кезіп жүрдік. Сосын жанымдағылар сейсмостанцияны қоятын орындарды белгілеп айтты. Олар геолог және геофизиктер. Мен біздің елде ауылдық жерге қоймау керек, оны ертең қиратып кетеді деп айттым. Сосын алдық та, Бетпеқдалаға орнаттық. 

Жерді қазып, сегіз тонналық үлкен бункер жасап, жердің астына сейсмостанцияны қойып, жерді білдіртпей  жауып, тек қана антеннаны шығарып қойдық. Бұл – осыдан 20 жыл бұрынғы оқиға. Сейсмостанцияның бағасынан бункердің бағасы 10 есе қымбат. Бетпақдалада Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін көлік жүргізушілері өтетін жол бар. Сейсмикалық станция үш айдай жұмыс істеді. Сосын трактормен қазып, автогенмен брондалған есігін бұзып, 8 килограмдық сейсмотанция темірін алып, қиратып кеткен. Оның іші толықтай схема. Ешжерге пайдалана алмайды. Бірақ сонда да сындырып, қиратып кеткен. Оны кім қиратты? Әрине, біздің халық”, – деді Таңатқан Абақанов. 

Талқылау