Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белгілі саясаттанушы Екатерина Шульман Қазақстандағы референдумға қатысты пікірін айтты

Ресейлік саясаттанушы Екатерина Шульман Qazaqstan телеарнасындағы онлайн марафонға қатысып, елімізде өтіп жатқан референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шульман онлайн марафонға Берлиннен қосылды. Саясаттанушы өз сөзінде Қазақстанда референдумға дайындық еш жанжалсыз, тұтқындаусыз, қамаусыз өткенін айтты.

"Сайлаушылардың келіп жатқаны жаңа ғана айтылды. Дауыс берушілердің саны тым жоғары емес, бірақ  заңдылықтың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді. Әрине, Нұр-Сұлтандағы сайлаушылардың төмен деңгейде қатысуы, Алматыдағы сайлаушылар санының тым төмендігі және ауылдық жерлер мен оңтүстік облыстардағы сайлаушылардың көбірек қатысуы назар аудартады. Ресейлік тәжірибе бойынша таныс жағдай", – деді ол.



Екатерина Шульман шағын қалалар мен ауылдардағы сайлаушылардың жоғары белсенділігі туралы айта келіп, мұндағы тұрғындар дауыс беруге отбасыларымен бірге салтанатты мерекеге келгендей қатысатынын айтты.

t.me/eschulmann

Сөзінше, Қазақстан Конституциясымен танысып, енгізіліп жатқан түзетулерді жан-жақты зерттеген.

"Саясаттану қоғамдастығында бұл өзгерістер суперпрезиденттік басқару түрінен президенттік-парламенттік басқару түріне көшуді білдіре ме деген пікірталас болды. Мен президенттік өкілеттіктердің айтарлықтай қысқарғанын көріп тұрған жоқпын, бірақ мен белгілі бір ниеттің декларациясын көріп отырмын. Ниетті демократиялық деп атауға болады. Басқарудағы белсенді парламентті, азаматтардың көбірек атсалысуын, олардың құқықтарын жария түрде қорғауға деген ұмтылысты көремін", – деді Екатерина Шульман.

Сондай-ақ ол Қазақстанда өтіп жатқан референдумның шетелдік серіктестер мен инвесторлар үшін маңыздылығын да атап өтті.

"Өлім жазасын алып тастау – бұл өте жақсы шешім. Бұл, шын мәнінде, үлкен демократиялық жетістік. Мұндай нәрселерді Конституцияда жариялау, белгілеу керек. Бұл – маңызды", – деді заң шығару жөніндегі ресейлік сарапшы.

“Конституцияға енгізілген өзгерістердің серіктес елдерге әсеріне келер болсақ, бұл бақылауға қабілеттілікті көрсетеді. Әкімшілік өз жұмысын істеп жатыр, қоғам да айтарлықтай жоғары белсенділік танытып отыр”, деп атап өтті ол.

Саясаттанушы қазіргі геосаяси жағдай аясында көп нәрсе биліктің ел ішінде өзін қалай ұстауына емес, сыртқы жағдайға байланысты болатынын тілге тиек етті.

"Шақырғаныңыз үшін рахмет, бұл мен үшін өте маңызды. Мен әрқашан Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды бақылап отырамын, біздің жүрегімізге жақын ел", –  деп түйіндеді Шульман.

Айта кетейік, Екатерина Шульман – белгілі ресейлік саясаттанушы және публицист. Заң шығару мәселелері бойынша маманданған, саясаттану ғылымдарының кандидаты. Сәуір айының ортасында ол Ресейде БАҚ-тың реестрі– шетелдік агенттердің тізіміне енгізілді.

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 06 Маусым, 2022 10:02
Талқылау