Батыс Қазақстан облысындағы ветеринариялық станциялар су жаңа көлікке ие болды
Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыстағы ветеринариялық станцияларға жаңа 18 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің биотехнология ғылыми-зерттеу зертханасы алаңында өткен салтанатты шараға ветеринария саласының мамандары, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азық-түлік қауіпсіздігі мен ұлт денсаулығын қамтамасыз етудің негізгі элементі ретінде ветеринария саласын дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы тұста Нариман Төреғалиев, өңірде ветеринария саласын жетілдіру қажет екенін айтты.
“Президент мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты болып отырғанын, бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер ететінін баса айтқан еді. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс екенін, атап айтқанда үрдістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары қолға алынуы керектігін жеткізген. Бүгінгі іс-шара – осы маңызды миссияны жүзеге асырудағы қадамдардың бірі. Облысымыздың ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіңірген еңбегіңіз бен осы мамандыққа деген күш-жігер мен адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін”, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыс аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артып, 2 миллиард 653 миллион теңгені құраған. Оның 235 миллион теңгесі автокөліктерді сатып алуға жұмсалған.
Салтанатты шарада екі Hyundai Tucson, бір Jac, бір Chevrolet Cobalt және 14 жол талғамайтын Газ Соболь көлігінің кілттері аудандық ветеринариялық мекемелерге табысталды.
Айта кетсек, ветеринариялық ұйымдардың көліктері осыдан он жыл бұрын жаңарған болатын. 2013-2014 жылдары мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында ветеринариялық станциялар республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 143 "НИВА" автокөлігі, дезинфекциялау қондырғылары орнатылған 13 УАЗ автокөлігі және санитариялық малдарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 16 дана жүк автокөлігі, арнайы 13 автокөлік алынған еді.
Биыл ветеринарлық станция қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында жаңа компьютерлер алынған. Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында жақын арада жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілді.
Ветеринарлық станция мамандарының жалақысы да 22 пайызға артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастағанын айта кеткен жөн. Қазір малдәрігер маманының орташа жалақысы білімі мен еңбек өтіліміне сәйкес 167-203 мың теңгеге дейін, ветфельдшердің жалақысы 171 мың теңгеге дейін, ветсанитардың жалақысы 93 мың теңге құрайды. Алдағы жылы ветеринарлардың жалақысын тағы да арттыру көзделген.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда БҚО ветеринария басқармасына бағынысты 13 ветеринариялық станция және 147 ветеринариялық пункт бар. Бұл ветеринариялық станциялар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ретінде қызмет жасайды. Құрылған мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ветеринариялық мамандары арқылы жылма-жыл белгіленген жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық егу, ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда бұл ұйымдарда барлығы 806 адам, соның ішінде 620 ветеринарлық маман, 186 әкімшілік қызметші жұмыспен қамтамасыз етілген.