Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында "Жайық" футбол клубы құрылды

Батыс Қазақстан облысында жаңадан “Жайық” футбол клубы құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Бұл ақпаратты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі растады.

“Ең алдымен 5 жылдан кейін мемлекеттің қаржысынан тыс, тек демеушілермен өз-өзін ақтайтындай клубқа жеткізу. Екіншіден, балалар футболына көп назар аудару керек. Клуб нәтижеге ғана жұмыс істемейді. Стадионның ішкі реконструкциясына, одан бөлек аулаларда футбол алаңдарын салуға көмектесуге тиіс”, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов.

Клубтың құрылтайшылары болып кәсіпкерлер Дамир Калаков пен Асылхан Сапиев тағайындалды.

Дамир клубтың спорт бағытына жауап береді. Калаков қазір Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жүрген БҚО “Бәйтерек” футзал клубының да жетекшісі. 

Ал Асылхан Сапиев клубқа жеке демеушілер тарту бағыты бойынша жұмыс істейді.

Бұл жобаға 80 миллион теңге инвестиция салынып жатыр. Оның 65 миллионы бұрынғы “Ақжайық” футбол клубының қарызын жабуға кетеді. Айта кетейік, оралдық клуб қазір қарамағындағы 36 қызметкерге 2024 жылдың қаңтар-қазан айларындағы жалақыларын төлемеген.

Қалған 15 миллион теңге футболдан Қазақстан екінші лигасында ойнауға лицензия алу үшін жұмсалады. Сонымен қатар клубтың жастар құрамасы QJ League (Қазақстанның жасөспірімдер лигасы) турниріне қатысуы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында елімізде үш өңірден еуропалық стандарттарға сай футбол академиялары ашылатынын айтқан еді.

 

Талқылау