Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баспана аламыз деп ақша салдық": Атырауда 200-ден астам салымшы пәтерсіз қалды

Атырауда кооперативтерге алданған салымшылар наразылыққа шықты. Жарты миллиардқа жуық қаржы салған 200-ден астам адам екі жыл бұрын баспаналы болуға тиіс еді. Бірақ әлі не ақша, не пәтер кілтін алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сан соғып қалған салымшылар құзырлы орындарға арыз жазып, уәдесінде тұрмаған кооператив басшыларын жазалауды талап етіп отыр.

2018 жылдан бері "Қазанат", "Сарайшық", "Байсанат", "Фэмали таун" деп аталатын төрт кооперативке  миллиондаған қаржысын салған атыраулықтар алданып қалдық деп шу щығарды. Төрт бірдей тұрғын үй кешеніне 200-ге жуық салымшы жарты миллиард теңгеден астам ақша беріпті. Тіпті кейбірі екі пәтердің ақысын алдын ала төлеп тастаған. 2019 жылы басталған құрылысты бір жылдан кейін мемлекеттік сәулет құрылысы басқармасы заңсыз деп тоқтатып тастаған. Содан бері салымшылар сенделіп жүр.

“Мен екі бөлмелі пәтерге 20 миллион салып едім. Кеңсесі Атырау қаласының орталығында орналасқан 2021 жылы ақша салдық. Содан кейін ол компания жоғалып кетті. Алты тұрғын үй кешені келіп отыр. Бәрі де өзіміз сияқты қарапайым халық. Атырау қаласында жарнамаларын көріп, бәрі келіп ақшасын салды”, – дейді Эдуард Айтасов.

“Бұл жерде тұрғындардың бір бөлігі ақшасын қайтаруды сұрайды, Бір бөлігі әлі де үйді қайтарар деген үмітте. Бірақ негізі үйге сенім жоқ. Біреулер 5 миллионнан бастап, 20 миллиондай салған. Менің "Қазанатта" 6 миллионым жатыр. Маған ол 60 миллиондай ақша”, – дейді Амандық Абдолов.

Жиналғандардың әкімдікке де өкпесі қара қазандай. Себебі үйлердің құжаты заңсыз болса, құрылысқа қалай рұқсат берді деп ашулы. 

“Төрт бірдей тұрғын үй кешені салынып жатады. Ал мұны мемелкеттік сәулет құрылысы неге қадағаламаған?! Рұқсат құжатсыз дейді. Бақылау қайда болды? Әкімдік қайда қарады? Қалада салынып жатқан құрылыстар неге бақылауға алынбайды?” – дейді Айнұр Молдағалиева.

200-ге жуық салымшы құзырлы органдарға арыз жазған. Қазір тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр. Тіпті бір күдікті қамауға да алыныпты. 

“Тағайындалған сараптамалар күрделі сараптама қатарына жатады. Және оның қорытындысына сәйкес , яғни кооперативтердің құрылтайшыларына қатысты заңды шешім қабылданады. Қамауға алу немесе қандай да бір заңды бағасы беріліп, құқықтық жауапкершлік  қарастырылады”, – дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Бұл салымшылар бұған дейін де бірнеше рет наразылыққа шыққан. Сол кезде Атырау облысы мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасындағылар аталған тұрғын үй кешендерін  аяқтауға инвестор іздейміз деп уәде берген. Бұл жолы инвестор табу біздің құзырымызға жатпайды деп жалтарып кетті. Ал салы суға кеткен салымшылар енді сотқа жүгінейін деп отыр.

Талқылау