"Басқа әлеуметтік желілер бұғатталған": Түркіменстанда жалғыз қолжетімді мессенджер қызметін тоқтатты
Түркіменстанда соңғы IMO хабар алмасу қосымшасы жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azatlyk радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлем бойынша ең төмен деп танылған интернет жылдамдығы Түркіменстанда бұрынғыдан да баяулады. Бұл жергілікті тұрғындардың қолжетімді жалғыз мессенджерді пайдалана алмауына себеп болды. Барлық басқа мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді авторитарлық үкімет бұғаттап, Түркіменстан азаматтарын әлемнің қалған бөлігінен номиналды түрде ажыратқан еді.
"IMO енді жұмыс істемейді, қалғанының бәрі бұғатталды. Тіпті шетелдік телеарналар да жоғалып барады. Бір аптадай болды Euronews телеарнасын көре алмай жатырмыз", - деді Ашхабад қаласының тұрғыны.
Түркіменстандағы интернет, тіпті, жергілікті стандарттар бойынша да бұрын-соңды болмаған баяу қарқынмен жұмыс істей бастады, дейді желі қолданушылары. Түркімен интернеті жылдамдығы өте төмен болғандықтан, әлемдегі ең қымбат интернеттердің бірі.
"Түркімендер виртуалды жеке желілер арқылы бұғатталған әлеуметтік желілерге кіруді жалғастыруда. Әр жолы үкіметтің қудалауына ұшырап келеді. Бірақ өте баяу интернет кез келген сайтты ашуға кедергі келтіреді", - деді Азаттық радиосы.
Британдық Cable.co.uk компаниясының дүние жүзіндегі кең жолақты интернетке қосылу жылдамдығы туралы есебіне сәйкес, 2021 жылы Түркіменстандағы интернеттің орташа жылдамдығы 0,50 мегабитті құрады.
"5 гигабайттық фильмді төмен жылдамдықта жүктеп алу 22 сағат 34 минутты алады", - делінген хабарламада.
WhatsApp, Viber және басқа қолданбалар Түркіменстанда бұрыннан бері қолжетімді емес, сонымен қатар Facebook, Twitter, YouTube сияқты әлеуметтік желілер де. Түркіменстанға арналған көптеген тәуелсіз интернет-басылымдар мен шетелдік БАҚ ел ішінде VPNсіз ашылмайды. IMO елде қолжетімді соңғы жылдам хабар алмасу қолданбасы болды. 2023 жылдың сәуір айының соңында түркімен билігі ICQ мессенджерін бұғаттады.
"Сырттағы адамдармен байланысудың жалғыз құралы - электрондық пошта, ол әлі күнге дейін смартфондар арқылы қолжетімді. Бірақ Түркіменстанның қауіпсіздік қызметі шетелдегі телефон қоңырауларын бақылайтындықтан, адамдардан оларға тікелей ұялы немесе қалалық телефоннан қоңырау шалмауды сұрайды", - деді Ашхабад қаласының тұрғыны.