Бас прокуратура жексенбіде өтетін референдум қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады
ҚР бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев алдағы республикалық референдумға байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дембаев өз сөзінде 2022 жылғы 4 маусым сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жұмыстары толығымен тоқтайтынын айтты.
"Биылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізіледі. Ертең, 4 маусымда сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізу аяқталады ("Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағы). Бұл үгіт-насихатқа, соның ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялауға қатысты мәліметтерге референдум өткізілетін күннің алдындағы күні және ол өткізілетін күні, яғни 4 және 5 маусымда тыйым салынады", - делінген Б. Дембаевтың үндеуінде.
Дембаев сонымен қоса екі немесе одан да көп рет не басқа біреу үшін дауыс беру немесе учаскелік референдум комиссиясы мүшесінің азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында бюллетеньдерді беру ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.
- Алматыда референдум күні көлік тұрақтары тегін болады
- Тоқаев Назарбаевтың жолын қуа ма? Мемлекет басшысы президенттік мерзімін ұзарту туралы пікір білдірді
- "Кейбіреулер менің жасаған еңбегімді ұмытып кетеді": Назарбаев алдағы референдум туралы көзқарасын айтты
Бас прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады.
"Жоғарыда келтірілген заң талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, олар туралы ден қою шараларын қабылдау үшін прокуратура органдарына дереу хабарлауды сұраймыз", - деп түйіндеді Болат Дембаев.
Еске салайық, 5 маусым күні Қазақстанда республикалық референдум өтіп, онда ел азаматтары Конституцияға өзгертулер мәселесін шешеді.
Бюллетеньде тек бір ғана сұрақ болады: "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында белгіленген Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды (референдумға барлығы 56 өзгертулер шығарылды – Ескерту) қабылдайсыз ба".

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
