Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Банктер мен компаниялар банкрот болады": 2008 жылғы ғаламдық дағдарыс қайталана ма?

2023 жылдың наурызында америкалық банктердің жабылуына байланысты қаржы нарығы дүр сілкінген еді. Дәл осындай жағдай 2008 жылы орын алған және соңы ғаламдық экономикалық дағдарыспен аяқталды. Биыл Америкада алдымен Silicon Valley Bank банкротқа ұшырады. Бұдан кейін мәселе Нью-Йорктегі Signature Bank-те туындады. Аталмыш банктер ірі болмағанымен, 2007-2008 жылдары дағдарыс дәл осындай орташа қаржы мекемелерінен басталған еді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

банк

Өткен аптада Америкада көлемі бойынша 14-орында тұрған First Republic Bank-ке көмек көрсетуге тура келді. Қазіргі уақытта әлемдік экономикаға пандемиядан кейінгі инфляция мен Ресейдің Украинаға басып кіруі кері әсер етіп отыр. Сондықтан инвесторлар тоқырауға ұшырымау үшін банктегі қаржыларын жиі шығара бастады. Жағдайға мемлекет араласса да, инвесторларға бұл тоқтау бола алмады.

Наурыз басталғалы бері АҚШ, Еуропа мен Жапония банктері нарықтағы бағасының 15%-нан айырылды. Инвесторлар құны жарты триллион долларға жуық акцияны сатылымға шығарған. Сонымен қатар Швейцариядағы 167 жылдық тарихы бар Credit Suisse банкі де тоқыраудың алдында тұр. Әлемдегі қаржы жүйесін қалыптастырушы 30 банктің бірі болып саналатын бұл ұйымға мемлекеттің ұлттық банкі де қолдау білдірген. Алайда жағдай әлі де тұрақталған жоқ.

Егер банк саласындағы даурығу әлі басылмаса, қаржы нарығында үлкен мәселеге алып келуі мүмкін. Себебі мұнда тұрақталықтың негізі сенім мен екіжақты байланыс екенін ұмытпаған жөн. 

Silicon Valley Bank пен Credit Suisse-тің құлдырауы

Silicon Valley Bank депозитінде стартаптарда артылған қаржы сақталған еді. Ал банк бұл ақшаны АҚШ-тың сенімді деген мемлекеттік облигацияларына инвестициялаған еді. 

Қазір инфляциямен күресу үшін АҚШ-тың ұлттық банкі базалық ставканы көтерді. Ал бұл өз кезегінде облигация бағасының төмендеуіне алып келді. Тартылған ақша мен инвестицияға бағытталған ақшаның арасы алшақтады. Сондықтан Silicon Valley Bank 21 миллиард доллар болатын облигацияларды шұғыл сатылымға шығарды. Нәтижесінде 1,8 миллиард теңгеден айырылып, акционерлер алдындағы шығынды өтеуі керек еді. 

Жағымсыз хабар банк клиенттері арасында тез тарап, олар есепшоттарынан 42 миллиард долларды бір уақытта шешіп алмақшы болған. Салдарынан банк құлдырап, мемелкеттің меншігіне өтті. 

Ал Credit Suisse банкінде проблема бұрын туындаған. Ал жанжал 10 жылдан бері жалғасып келеді. Сондықтан банк соңғы 1,5 жарым жылда антидағдарыс жоспарын 3 рет жазып шықты. Жоспар іске аспағандықтан миллионерлер өз қаржысын шешіп алды. 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында ғана банктен 100 миллиард доллардан астам қаржы шығарылған. 
Банк бірте-бірте құлдырай бастады. Оның үстіне америкалық Silicon Valley Bank банкроттық жариялаған соң инвесторлардың бірі аталмыш банкке "енді ақша құймайтынын" ашық мәлімдеді. Салдарынан инвесторлар Credit Suisse  акцияларын жаппай сатты, ал Швейцария оған үлкен несие желісін ашты. 

2008 жылғы ғаламдық дағдарыс қайталана ма?

2007-2008 жылдары банктер ипотека салдарынан қаржысынан айырылды. Бұл кезде азаматтар ипотека бойынша қарыздарын төлемеген. Дегенмен Silicon Valley Bank-тің қаржысы сенімді мемлекеттік облигацияға салынған еді. Осылайша Silicon Valley Bank мемлекеттік құнды қағаздарға қатысты жаңа қатердің бетін ашты. 

"Бұл облигациялардың несие қатері болмаса да нарықтық қатері бар. Егер қатер артса, облигация құны төмендейді. Қазір ұзақ мерзімді облигациялардың көбеюі салдарынан инвесторларға келген шығын триллиондаған долларға жетті", – деді экономист Нуриэль Рубини. 

Экономистің сөзінше, жағдай әрі қарай да нашарлай береді. 

"Әлі қарай нарық құлдыраса, өткен дағдарыстағы секілді бұған несие қатері де қосылады. Сондықтан адамдар, банктер мен компаниялар банкрот болады", – деп қосты ол.

Салымшылардың қаржысыз қалуы банктердің де құлауына алып келеді. Дегенмен қаржы мекемелері қазір әлдеқайда жақсы дайындалған. Сондықтан экономистер әзірге даурығуға негіз жоқ екенін айтады. 

"Қазір банктерде капитал көп және ақшаны өтей алу қабілеті де жоғары", – деді Рубини. 

Сонымен қатар қос банктің құлдырауы бір-біріне байланысты емес. Осы тұста да сарапшылар азаматтардың даурықпауына болатынын алға тартты. 

Талқылау