Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балуандар кілемде жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады": Қазақстандық спортшылардың жеңілісі жайлы бас бапкер айтты

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да қарсыластарына алғашқы айналымда жол берді. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz порталына сілтеме жасап. 

Бапкер

"Кеше Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, біздің тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ”, –  дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Бұған қоса, ол Демеу Жадыраевтың жеңілісі туралы пікір білдірді. 

“Бүгін Демеу Жадыраев белдесуді ұпай санымен жеңіп тұрған болатын. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық. Ертең Нұрсұлтан Тұрсынов белдеседі. Күрестің қандай болатынын кілем көрсетеді", – дейді бас бапкер.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Ертең, 3 тамыз күні 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады. 

Еске салсақ, бұған дейін балуан Демеу Жадыраев алғашқы айналымда қарсыласына жол бергені айтылған еді. 

Дидар Халық
Дүйсенбі, 02 Тамыз, 2021 08:56
Талқылау