Уақыт белдеуінің өзгеруі екінші ауысымдағы оқушылардың денсаулығына теріс әсер етеді: Дәрігер баланың бойының өсуі баяулайтынын айтты
Эндокринолог Камила Бурбаева уақытты бір сағатқа артқа ауыстыру оқушылардың денсаулығына кері әсерін тигізді деп отыр. Оның айтуынша, ата-аналар мектеп жасындағы балаларындағы ұйқысыздық пен өсу гормонының, қалқанша безіндегі өзгерістерін байқап, шағымданған. Stan.kz тілшісі дәрігерден ағзада тағы қандай ауытқулар болатынын сұрап білді.
Фото: freepik.com
“Режимге үйрене алмай жүрміз”
Шығысқазақстандық Ләззат есімді әйел уақыт белдеуінің өзгеруі ересектермен қатар балаларға да көп зиянын тигізіп жатқанын атап өтті.
“Біз Абай облысында тұрамыз. Уақыттың өзеруі көп зиянын тигізіп жатыр. Жазда түнгі 02:30да таң атады, тауық шақырады, сиырлар мөңіреп, ит үріп, құстар ән салады. Дала азан-қазан болғанда жануарларға "Әй, жануарлар, тыныш жатыңдар” деп түсіндіріп көріңіз. Сағаттағы санды ұғатын адам болсақ та, организм жер бетіне жарық түскен соң жата алмайды. Ал кешке сағат 18:00-де қараңғы түседі. Ұйқыға жатайын десең сағат ерте дейді. Сонымен не істеген ісің өндімейді, не ұйқың қанбайды, ауру болмағанда не боласың?.. ” – деді Ләззат.
Ата-ананың айтуынша, түскі ауысымда оқитын баласы кешкі сағат 19:30-да қайтады. Алайда ол шығыс уақытымен түн ортасы болып кететінін айтты.
“Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты түскен кейінгі сағат 14:00-де басталатын сабағына, қазір 13:20-да барады. Одан кейін олар төрт сабақтан шығамын дегенше, дала тас қараңғы болып кетеді. Ал алты, жеті сабақ болған кезде 19:30-да қайтады. Ал ол уақытта бізде түн ортасы ауып кетеді. Үйге жетемін дегенше сағат 20:00 болады. Өзіміз ауылдық жерде тұрғандықтан, көшеде жарық та жоқ. Көбіне қаңғыған иттер, кейде мастар жүреді. Соның барлығына міндетті түрде үйден біреу күтіп алу керек. Мысалы, қазіргі кешкі сағат 20:00 бұрынғы 22:00-дің уақыты. Мұндай кезде адамда энергиясы таусылып, ұйқы басады. Ерте ұйықтап қалайын десең бір түрлі сағат ерте. Кейде қонақ күткен кезде ерте ұйықтау тіпті мүмкін емес. Бала-шағамен шулап-шұрқырап жатқанша, түнгі сағат 00:00-де ұйықтаса, 1-2 сағатта тағы қайтадан таң атады", – деді ата-ана Ләззат.
Ал Түркістан облысы, Келес ауданының тумасы Алия жаңа уақыт белдеуі ауысқаннан бері балаларының бойында әлсіздік байқалып, әрдайым шаршаңқы жүретінін айтады.
“Сағат ауысқаннан кейін өзіміз де, балаларымыз да бұл режимге үйрене алмай жүрміз. Ойлаңызшы, одан бері қанша уақыт өтті. Баламның төртеуі мектепте 3, 6, 8, 11-сыныпта оқиды. Балаларым наурыздан кейін шаршаңқы, ұйқылары қанбай жүреді. Әрине, олардың бойында әлсіздік байқалған соң көңіл-күйі түсіп, сабаққа ынтасы болмайды. Түскі ауысымда 6-сыныптағы балам оқиды. Қазір оның кеш қайтатынына қатты алаңдаймын. Қазір күн ерте шығып, ерте батады. Әлі кішкентай болғандықтан мектептен қайту уақытына, оның қауіпсіздігіне уайымдаймын”, – деді ата-ана.
“Оқушылардың үлгерімі нашарлайды”
Эндокринолог Камила Бурбаева екінші ауысымда оқитын балаларға күннің ерте батуы айтарлықтай әсер ететінін айтты. Күндіз күн сәулесін көп мөлшерде алмаған оқушыларда мелатонин гормоны дұрыс бөліндейді дейді дәрігер.
"Бөлмедегі немесе күндізгі жарық сәулесі баланың ағзасында барлық нәрседе маңызды рөл атқарады. Себебі кешке қарай мелатонин бөлініп, түнде ғана шарықтау шегіне жетеді. Мелатонин – ұйқы гормоны. Ымырт түсіп, жарық азайған кезде, әдетте, ағзаны тез ұйықтап кетуге дайындау керек. Мұндай құбылыс балаларға бір жағынан оң әсер етсе, екіншіден теріс ықпалы бар. Оң әсері – оқушылар ертерек ұйықтауға бейімделеді. Осылайша олар жақсы ұйықтап, таңертең немесе түскі ауысымға жаңа күшпен барады. Ал келесі жағдайда ата-аналар кеш батқаннан кейін балаларын далаға ойнауға, я серуендеуге жібермейді. Тиісінше, екінші ауысымдағы балалар кешкі ауамен дұрыс тыныстай алмайды", – деді эндокринолог.
Сондай-ақ маман оқуға байланысты эмоциялық стресстің нәтижесінде ұйқымен проблемалар туындайтынын айтады. Егер мектептегі және сабақтан тыс жұмыстар көп энергияны алса, балалар физикалық тұрғыда шаршағынына қарамастан ұйықтап қалуы қиынға соғады.
Эндокринолог сонымен қатар ұйқы жетіспеушілігі оқушылардың мектептегі үлгеріміне әсер етеді.
"Бұл өзгерістер мектептегі оқушылардың үлгерімін нашарлатып, есте сақтау мен зейін қоюын азайтады. Мысалы, ми күндіз көп ақпаратты көріп, естиді. Түнде ми осы ақпараттарды қажетіне қарай жіктеп, маңызына қарай өшіріп тастайды. Егер бала да, ересектер де дұрыс ұйықтамаса, қажет емес ақпаратты сіңіріп, керек мәліметті есте сақтай алмайды. Тағы бір мәселе бастауыш сынып оқушылары жиі ЖРВИ-мен ауырғандықтан олар мектепте флора алмаса бастайды. Біріншісі түшкірсе, енді екіншісі жөтеледі. Ұйқысы қанбаған жеткіншектердің иммунитеті төмендеп, түрлі ауруларды тез жұқтырады", – деп түсіндірді дәрігер.
Ол уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты ересектер ерте ұйықтамағандықтан балалардың да ұйқы режимі ауысатынын айтты.
"Бір жағынан балалар үлкендердің жанында болғанымен, екінші тұсынан олар түрлі гаджет пен смартфонда уақытын өткізеді. Себебі миымыз кез келген гаджеттен түскен жарықты күн сәулесі ретінде қабылдайды. Яғни ол телефонның немесе планшеттің экранынан түскен жарық па әлде жұлдыздардан келетін нағыз ультракүлгін сәулелер ме, ол ми үшін маңызды емес. Ол мұны күндізгі жарық деп санайды. Сөйтіп мелатонин бөлінісі кешке азайып, балаға немесе ересек адамға ұйықтау қажет болған кезде қажет мөлшерден азырақ болады. Сондықтан бұл ұйқысыздық тудыруы мүмкін", – деді Камила Бурбаева.
Фото: Stan.kz / chatgpt.com жасанды интеллект көмегімен жасалған
“Баланың бойы өспей қалуы мүмкін”
Бұдан бөлек ол қалқанша безінен бөлінетін соматотропин гормонына тоқталды.
"Қандағы өсу гормонының қалыпты концентрациясы, әсіресе, туғаннан жыныстық жетілуге дейінгі балалар үшін маңызды. Өйткені бұл кезең олардың сүйектерінің дұрыс өсуіне ықпал етеді. Бозбаланың ұйқысы қанып, сергек жүрсе, оның бойы да ұзын болады. Егер ұйықтап жатқан сәтте оның бөлмесіне қандай да бір жарық сәулесі қатты түссе, баланың бойы баяу өседі. Негізінде, бұл жаман емес. Бірақ бұл қабаққа түспейтін, яғни баланың бетіне түспейтін өте күңгірт жарық болуы керек. Өйткені жарық біздің қабағымызға түсуін тоқтатпаса, онда ми оянып, соматотропин гормоны толық бөлінбейді. Қараңғыдан қорқатын балаларды да түсінемін. Алайда ата-аналардың ерте кезден балаларының денсаулығына мән беруін сұраймын", – деді эндокринолог.
Дәрігердің сөзінше, ата-аналар өз балаларын ерте жастан бастап эндокринологтың қабылдауына апарып тұруы керек.
“Бірінші скрининг нәрестенің саусағынан алынады. Содан кейін бәрі жақсы болса және педиатр сізді маманға жібермесе, скринингке 6 жаста апарасыз. Кейін 10, 15, 16 жасында тексертесіз. Әрі қарай ересек эндокринолог дәрігердің құзырында. Осы жасқа дейін, 6 жасқа дейін педиатр, егер ол өсудің тежелуін немесе жыныстық дамудың бұзылуын немесе қалқанша безінің қандай да бір патологиясын байқаса, баланы жібере алады. Мұнда эндокринолог дәрігер әр баланы жеке-жеке тексереді”, – деді маман.
“Бала артық салмақ жинайды”
Сонымен қатар маман қалқанша безінің жұмысы нашарласа, адамның ұйқысы қанбаса, ересектер мен балалар да салмақ қосатынын айтты. Сөзінше, ұйқысыздық 100% cеміздікке әкеп соғады.
“Егер адам өзінің тәуліктік ырғағы бойынша өмір сүрмесе, ол салмақ қоса бастайды. Соматотропин гормоны балалар мен ересектерде бойдың өсуіне, майдың бөлінуіне және бұлшықет массасының өсуіне жауап береді. Ал адам сол екеуін жоғалтқанда салмақ қоса бастайды. Маған артық салмағы бойынша шағымданып келген науқастарға, ең әуелі, ұйқысын ретке келтіріп, ұйқы гигиенасын сақтауды ұсынамын. Өйткені бала ұйқыдан қажет күшті ала алмаса, оны тамақ жеуден алады. Мысалы, негізінен, ол күндіз көп мөлшерде жегісі келеді. Сонымен қатар тағамды таңдау, әдетте, таза психологиялық тұрғыдан жоғары калориялы, майлы немесе көмірсуларға бай тағамдарды тұтынуы жиілейді. Ұйқы жетіспегенде миымыздағы қанықтыру және аштық гормондарының тепе-теңдігі бұзылады. Ал ұйқының болмауына байланысты қандағы аштық гормондарының концентрациясы жоғары, қанықтыру гормондарының концентрациясы төмен болады”, – деді эндокринолог.
“Энергия тапшылығы қалқанша безге әсер етеді”
Сонымен қатар маман адам ұйықтаған кезде бөлмені тас қараңғы етуді міндеттейді.
"Себебі бөлмеде қалың перде болмаса, адам ұйқыға арналған арнайы масканы тақпаса, ол таңның атқанын қабағы арқылы көреді және ол миға оянуға сигнал береді. Иә, адам тікелей оянбауы мүмкін, бірақ бізде мелатонин болатынына байланысты ұйқының терең фазасы төмендейді. Оның қандағы концентрациясы төмендейді және оны таңертеңгі гормон – кортизол алмастырады. Бұдан кейін адам ұйқының жеткіліксіздігін сезінеді. Мұндай сәтте ағзада апатия, ашушаңдық энергияның жетіспеушілігі пайда болады.
- физикалық немесе интеллектуалдық дамуында құрдастарынан артта қалу байқалады;
- жүйке бұзылулары және қыңыр мінезін көбірек көрсетеді;
- отбасымен және достарымен қарым-қатынасы нашарлайды;
Ал энергия тапшылығы қалқанша безге әсер етеді. Сондықтан уақыт белдеуінің ауысуы қалқанша безінің жұмысына да теріс ықпал етеді. Себебі оған да мелатонин гормоны қажет", – деді эндокринолог.
Ұйқы бұзылса, психосоматика шеңберінде келесідей жағдайларды байқауға болады. Мұндай кезде психологтармен кеңесу керек.
- күні бойы тұрақты есінеу;
- эмоционалдық тұрақсыздық, бала көп жылайды және жанжал шығарады;
- ұйықтау алдындағы ұзақ кешкі рәсімдер: су ішу, содан кейін қайтадан дәретханаға баруы жиілейді.
Фото Камила Бурбаеваның жеке архивінен алынған
Балаларға қалай көмектесуге болады?
Камила Бурбаева уақыт белдеуі өзгергеннен кейін түскі ауысымда оқитын қазақстандық оқушыларға көмектесу үшін бірнеше шараларды қабылдауға болатынын айтты. Олар:
1. Дене шынықтыру және серуендеу: Балалардың бос уақытында белсенді қозғалыс жасауға жағдай жасау қажет. Қысқа күндізгі уақытты тиімді пайдалану үшін мектептен кейінгі серуендеуге немесе спорттық шараларға көңіл бөлу керек.
2. Технологиялық қолдау көрсету: Кейбір жағдайларда, қысқы мезгілде оқушылардың үйден білім алуына мүмкіндік беру арқылы уақытты үнемдеуге болады. Егер кешкі уақыттарда сабақ аяқталғаннан кейін оқушылардың қосымша материалдармен жұмыс істеуін жеңілдету үшін оқу құралдарын цифрландыру ұсынылады.
3. Тамақтануды жақсарту: Ерте қараңғылық пен қысқа күн оқушылардың энергиясын тез сарқуы мүмкін, сондықтан мектепте пайдалы, дәрумендерге бай тағамдар ұсыну олардың күш-жігерін арттырады. Дұрыс тамақтануды қамтамасыз етіңіз және қажет болған жағдайда витаминдермен толықтырыңыз. Әсіресе энергия деңгейі мен көңіл-күйді сақтауға көмектесетін D дәруменін көбірек тұтынуға жағдай жасаңыз.
Жеңіл тамақтар мен сусындар: Сабақ арасындағы үзілістерде балаларға жеңіл тағамдар мен сусындарды ұсыну олардың сергек болуына көмектеседі.
4. Мектепте қосымша іс-шаралар ұйымдастыру: Мектептен кейінгі уақытты пайдалы өткізу үшін балаларға түрлі спорттық және шығармашылық секциялар ұйымдастыру пайдалы. Балаларға бос уақыттарын тиімді өткізу үшін үйірмелер мен клубтар ұйымдастыру арқылы олардың қысқы мезгілде бос уақытын өнімді пайдалануға мүмкіндік беру.
5. Ата-аналармен және мұғалімдермен тығыз байланыс: Ата-аналар мен мұғалімдер арасында тығыз байланыс орнату арқылы балалардың мектептегі және үйдегі жағдайын бақылап отыруға болады. Бұл балалардың бейімделу процесін жеңілдетеді. Ата-аналарға балалардың жағдайы туралы уақытылы ақпарат беру және кеңестер бөлісу маңызды.
6. Табиғи жарықтың жеткіліксіздігін толықтыру: Балаларға табиғи күн сәулесінен жеткілікті деңгейде энергия алуға мүмкіндік беру үшін, таңертеңгі серуендер немесе күндіз ашық ауада көп уақыт өткізу маңызды. Қысқы мезгілде табиғи күн сәулесі аз болғандықтан, мектептерде жарық терапиясын қолдану арқылы балалардың көңіл-күйін жақсартуға болады. Сынып бөлмелерінде және мектептің басқа орындарында энергияны үнемдейтін жарық көздерін орнату, бұл оқушыларға күн сәулесінің жоқтығын сезінбеуге көмектеседі.
Ультракүлгін шамдар: Қысқы маусымда қолданылатын арнайы шамдар оқушылардың денсаулығына оң әсерін тигізеді. Бұл оларға күн сәулесінен жеткіліксіз алған дәрумендерді толықтыруға мүмкіндік береді.
7. Балалардың эмоциялық жағдайын бақылау: Мұғалімдер мен ата-аналар балалардың эмоциялық жағдайын қадағалап, қиындықтарға тап болған балаларға қолдау көрсетуі керек. Балалардың мектепте бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету үшін топтық жұмыстар мен ойындар ұйымдастыру арқылы әлеуметтік қолдау көрсетуге болады. Бұл шаралар оқушыларға уақыт белдеуі өзгергеннен кейінгі қиындықтарды жеңуге және олардың денсаулығы мен өнімділігін сақтауға көмектеседі.
8. Қауіпсіздік шараларын күшейту: Оқушылардың үйге қайтатын уақытына байланысты мектептің айналасы мен жолдары жақсы жарықтандырылуы керек. Сондай-ақ мектептер ата-аналармен бірге балаларды қараңғы уақытта үйлеріне дейін жеткізу немесе бірге жүру мәселесін ұйымдастыруы мүмкін. Балалар қараңғы уақытта үйлеріне қауіпсіз жету үшін қоғамдық көліктің кестесін тиімді ету маңызды.
Камила Бурбаева бала неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым көп ұйықтау керек екенін ескертеді. Бірінші сынып оқушысы 10–13 сағат ұйықтауы керек, оның ішінде күндізгі ұйқы 1–2 сағат болуы керек. Жасөспірім кезіндегі ұйқының ұзақтығы 9-11 сағат аралығында болуы қажет. Оқушының күнделікті режимінде теледидар көруге немесе планшет қарауға арналған арнайы уақыт болса, бұл өте ыңғайлы болар еді дейді дәрігер.
“Ұйықтар алдында 2-3 сағат бұрын компьютер мен смартфоннан толық бас тартуға кеңес беремін. Бұл психиканың "демалу режиміне" өтуіне көмектеседі және экрандардағы жарық ұйқы гормонының бөлуін төмендетпейді”, – деді эндокринолог.
Айта кетейік, бұған дейін 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. Сонымен қатар бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік.