Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам жетім қалып қоя ма деп қорқамын": Қызылордада жалғызбасты анаға шұғыл бауырын ауыстыру қажет

Қызылорда облысының тұрғыны Самал Игембаева жомарт жандардың көмегіне зәру. 33 жастағы келіншекке бала кезінде "Бауыр циррозы" диагнозы қойылған. Сол уақыттан бері Самал кеселді дертпен шамасы келгенше күресіп келеді. Алайда соңғы жылдары сырқаты асқынып, мүгедек жанның өміріне қауіп төндіріп тұр. Мамандар жалғызбасты ананың бауырын ауыстыру қажет деп отыр. Күрделі әрі өте қымбат отаны Беларусь елінің дәрігерлері жасауға дайын. Алайда құны 50 миллион теңге тұратын ем-дом шарасына жалғызбасты ананың қаражаты жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

әйел

Бүгінде Самал 8 жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, қаладағы мектеп-интернаттардың бірінде әлеуметтік педагог болып жұмыс жасайды. Мүгедектігіне байланысты мемлекет жәрдемақысын дәрі-дәрмегіне жаратса, жалақысына пәтерақысын төлеп, керек шығындарына жұмсайды. Өкінішке қарай, жас келіншектің бұл әлемде сенім артып, арқа сүйер ешқандай жақыны жоқ. Ата-анасы әріректе қайтыс болса, күйеуі 2014 жылы отбасын тастап кеткен екен.

"Күйеуім менің диагнозымның кесірінен кетіп қалды. Ол кісі қиындыққа шыдай алмады. Сол уақыттан бері ұлымды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Көзімнің ағы мен қарасы осы балам. Өміріме қуаныш сыйлап отыр. Осы перзентім үшін мен де күресіп келе жатырмын. Ұлымның жетімдікті сезініп, жалғызсырап қалғанын қаламаймын", – дейді Самал Игембаева.

"Бауыр циррозы" диагнозы Самалға бала кезінде қойылған екен. Ес білгелі дәрі ішіп, ұдайы ақ халаттылардың бақылауында болып келеді. Өзі – ІІ топ мүгедегі. Жас келіншекке бір рет ота да жасалынған екен. Бауырдың дұрыс жұмыс жасамағанынан ішкі ағзалары қабынып, аяқ-қолдары ісініп кетеді. Қатты ауырып тұрса да, қызылордалық келіншек жұмысынан қалмай, міндетін абыроймен атқаруға тырысады.

"2014 жылы мүгедектікке шықтым. Сол кезде Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен балалар үйінің жанындағы интернатқа жұмысқа орналастым. Мамандығым бойынша қызмет етіп жатырмын. Дәрігерлер жұмысты қою қажет екенін айтады. Бірақ балам мен өзімді асырауым керек. Төсекке танылып жататын ешқандай мүмкіндік жоқ", – дейді Самал.

Соңғы жылдары Самал Игембаеваның дерті дендеп кеткен. Бауыры қатты ауырып, жанына батады. Мамандар жас келіншекке көмектесуге болатынын айтады. Ол үшін бауырына трансплантация жасау керек. Қызылордалық ананың донор бола алатын ешқандай туысы жоқ. Ендігі кезекте көз жұмған кісілердің донорына иек арту ғана қалып отыр. Алайда мұндай күрделі операция Қазақстанда жасалынбайды.

"Беларусь мемлекетінің дәрігерлері маған ота жасауға дайын. Бірақ отаның құны 50 миллион теңге тұрады. Менің мұндай қаражатым жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын облысымызда мен сияқты науқасқа квота берілген екен. Осы орайда мен де ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдаған едім. Бірақ нақты жауап жоқ. Мен көз жұмсам, балама қарайтын ешкім жоқ. Оның жетім қалғанын, өмірдің салқынын сезініп өскенін қаламаймын. Маған көмек беріңіздерші, қайырымды жандар", – деп өтінеді жас келіншек.

Бүгінде Самалдың денсаулығы күн өте нашарлап барады. Жас келіншек жомарт жандардан көмек күтеді.

Самалдың реквизиттері: 

KASPI GOLD нөмірі
8 771 478 48 87

STAN.KZ
Сәрсенбі, 25 Тамыз, 2021 15:09
Талқылау