Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыздың болашағы қандай болмақ?": Атырауда көп балалы аналар шағымдарын айтып әкімдік алдына жиналды

Атырауда елуден астам көпбалалы ана балабақша, тұрақты жұмыс, тұрғын үй мәселесін шұғыл түрде шешіп беруді талап етіп, әкімдік алдына жиналды. Тіпті күнкөрістерінің төмендігінен жасөспірім балаларының да күйзеліске түскенін айтып ашынады. Ал олардың уәжін асықпай тыңдаған әкімдіктегілер, әрқайсының арызын аяқсыз қалдырмаймыз деп сендірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

аналар

Әкімдік алдына жиналған атыраулық аналар өз шағымдарын жеткізді. Бірі баспана, бірі тұрақты жұмыс сұраса, енді бірі балаларын балабақшаға орналастыра алмай жүргенін жарыса айтты. Жылдар бойы баспана кезегінің жылжымайтынына алға тартқан аналар "тұрғын үй кезегі үкіметтің алдамшы әрекеті" деп айқайға басты. 

"Үй бермейтін болса, бізді кезекке не үшін алады үкімет? Не үшін алады, оны орындамайтын болса? Үй береміз, кезекке қоямыз дегенді алып тастау керек қой", - дейді қала тұрғыны Шынаргүл Достанова. 

Тұрақты баспана мен табыстың жоқтығынан күнкөрістің қиындағаны аздай, жағдайдың бәрін көріп отырған жеткіншек балаларымыз да күйзеліске түсті дейді жиналғандар. 

"Арнайы психологтар талап етеді. Аналардың күйзелісте жүргені ештеңе емес, балалар күйзеліске түскен. Қандай болашақ келе жатыр? Балаларымыздың болашағы қандай болмақ? Балалар үшін шырылдап жүрміз. Біздің көрген мұқтаждығымызды көрмесінші", - деп қосты Сандуғаш Кукенова.

Әкімдіктегілер ашынған аналарды арнайы залға кіргізіп, әрқайсысын асықпай тыңдады. 

"Мәселелердің барлығын жазып алдым. Жұмыс жоспарымызға аламыз. Өзім де, орынбасарларым да осы бағыттағы жұмысты күшейтетін боламыз", - деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи. 

Осылайша Атырау қаласы әкімі әр ананың арызын аяқсыз қалдырмаймын деп сендірді.

Назархан Уән
Бейсенбі, 14 Сәуір, 2022 07:46
Талқылау