Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларым қатты қысым көрді": Гүлмира Сатыбалдының сотында жәбірленуші өзіне 713 миллион теңге шығын өтеуді талап етті

Астана сотында Қаңтар оқиғаларынан кейін сотталған Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Жәбірленуші Айгүл Мекешева соттан 713 миллион теңгеден астам шығынды өндіріп беруін сұрады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Гулмира 2
"713 809 780 теңге материалдық шығынды және 50 миллион теңге моральдық шығынды өтеуді сұраймын", - деді Мекешева. Ол судья Кемеңгер Имашевтың азаматтық талапқа қатысты сұрағына жауап берген.

Бірақ жәбірленуші бұл сомаларды тек Гүлмира Сатыбалдыдан ғана сұрап отырғанын немесе осы қылмыстық іске қатысы бар барлық сотталушылардан қайтаруды талап етіп отырғанын нақтыламаған.

"Материалдық және моральдық шығынды өтеуді сұраймын. Жалғыз мен ғана емес, менің балаларым да қысым көрді. Оларда да депрессия болды. Біз әлі күнге дейін дұрыс ұйықтай алмаймыз, жан жағымызға жалтақтап жүреміз. Балаларым қатты қорқып қалды", - деді Мекешева сотта.

Бұған дейін сот отырысында  Айгүл Мекешева Гүлмира Сатыбалдының өзіне қалай қысым жасағаны жайлы айтқан. Екеуі  алғаш рет 2013 жылы танысқан. Содан кейін Мекешеваға Сатыбалды отбасына тиесілі компаниялардың бірінен жұмыс ұсынылады. Кейін Айгүл Мекешеваға Гүлмира Сатыбалдыдан өзінің 5% акциясын берсе, сыйақысына "Maxi Bottlers" компаниясының 75% акциясының номиналды егесі атану туралы ұсыныс түседі. Бірақ сыйақының орнына Айгүл Мекешевадан барлық акциясын басқа адамға беру талап етіледі. Көп ұзамай оны ұрлап әкетеді.

"2020 жылдың 1 қазанында кешкі уақытта үйге қайтып келе жатқанмын. Подъезде мені екі бейтаныс ер адам күтіп алды. Олардың бірі өзін Рашид деп таныстырды (Рашид Өтебеков - сотталушылардың бірі), сөйтіп өздерінің Гүлмира Сатыбалдының адамдары екенін айтты. Мен қорқып кеттім. Оларға подъезге кіруді өтіндім, ол жер жарық болатын, консьерж де отырушы еді", –деген Айгүл Мекешева.



Осындай жағдайлардан кейін Айгүл Мекешеваның айтуынша, өзіне қол қоюға қажетті құжаттар берілген. Онда нотариустың мөрі қойылған акцияларды сатып алу-сату шарты да болған. Құжаттарға қол қойғаннан кейін оны үйіне апарып тастаған.

Ұрлау эпизодын сотқа дейінгі тергеу деректері де растады, бұл туралы мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсембаев сотта хабарлады. Оның айтуынша, Гүлмира Сатыбалды Мекешеваны бір топ адамның көмегімен ұрлауды ұйымдастырған, олардың арасында оның жүргізушісі Батыршаев та болған.

Бұған дейін прокурор Азамат Сәрсембаев  Гүлмира Сатыбалдыға қандай айып тағылып отырғанын айтқан.

Айыптау қарарына сүйенсек, Сатыбалды Гүлмираға қатысты мынадай қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылған:

ҚК 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру);

ҚК 389-бабының 3-бөлігі (Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру);

ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігі, 1, 8-тармақтары (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша пайдакүнемдік ниетпен адам ұрлау).

Еске салайық, өткен сот отырысында сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сотталушы Гүлмира Сатыбалдының Қазақстаннан кетуге әрекеттенгені айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, 18 наурызда Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды және басқа тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кейін сот Гүлмира Сатыбалдыны екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бастапқыда ол 747 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінген.

Талқылау