Әзілкеш Жұмабек Құдіретолла: Екі баламды Алла сынағымен берді
“Өнер қырандары” театрының актері Жұмабек Құрметолла жарымен базарда танысқан. Бүгінде төрт баланың әкесі. Актер отбасындағы қиындықтар мен қызықтары жайлы айтты.
Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.
“Өнер қырандары” театрының мүшесі, актер Жұмабек Құрметолла жарымен алғаш базарда танысқан. Бір көргеннен ұнатқан қызы бүгінде төрт баланың анасы. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
“Театрда концерт қоятын болдық. Ол кезде пародия салып жүрген кезіміз. Мен өзбек ағайынның рөлін сомдаймын. Сол уақытта базарға барып мата алғаным бар. Мата керек болды. Бір оранған қызды байқап қалдым. Ол менен “Мәссаған” шоуындағы актерсіз бе?” деп сұрады. Мен “иә” деп мақтанғандай болдым. Ол қыз базарда, әкесімен бірге сауда жасап тұрды. Бір қарағанда ұнағандай болды. Бірақ сөйлесе алмадық. Екінші рет базарға барғанымда да солай болды. Сөйлесе алмадық. Телефон нөмірін сұрауға батпадым”, – дейді актер.
Айтуынша, Алладан жақсы жар жолықтыруды, ата-анасын, туысын сыйлай алатын жақсы келін бұйыртуды сұрап, дұға еткен. Көктен сұрағанды жерден табылғандай дәл осы қызға деген сезімі өрши бастайды.
- "Денис Тен спортта 25 жасыма дейін ғана жүремін дейтін": Айнұр Тұрсынбаева тек жақсы сөз айтуға кеңес берді
- "Айна алдында 3 сағат отырамын": Баян Мақсатқызы әдемі болып көрінудің құпиясын айтты
“Мен оны сырттай іздедім. Үшінші рет барып таппадым. Содан арада 1 жыл уақыт өтті. Бір күні сол маңнан айқайлаған даусынан таныдым. Мен ол кезде басқа зат іздеп жүргенмін. Дәл сол қыз мені танып амандасты. Солай сөйлесе бастадық. Телефонмен сөйлестік. Мен оған шариғат бойынша үйленгім келетінін айттым. Ол да келісті. Бүгінде Аллаға шүкір 4 баланың ата-анасымыз”, – дейді олар.
Әзілкеш екінші ұлының Алланың сынағымен келгенін айтты.
“Екінші ұлым Алланың сынағымен келді. Барлық жерге емдеттік. Бастысы таза ауа керек болды. Сол үшін Есік қаласына көшіп бардық. Баламның беті бері қарады. Қазір 8 жаста. Оның диагнозындағы балалардың көпшілігі о дүниелік болып кеткен. Аллаға шүкір деймін. Кейін әйелім қызыма жүкті кезде қалаға көшіп келдік. Әйелім қызымның 4 айынан бастап оны дәрігерге қаратайық деді. Өзі әлдене сезгендей болды. Бұл дәрігерлердің қателігінен болды. Себебі, қызымды уақытынан асып босандырған еді. Әйелім кесір тілігі арқылы босануы керек еді. Оған дәрігерлер көнбепті. Кейін уақыты асып кеткенде ауа жетіспеушілігі болды. Одан басы қысылып, ет өскен. Содан талып қалатынды шығарды”, – дейді Жұмабек.
Әртіс ауруханада азан шақырып қызының атын қойған. Осыдан соң оның өмірге деген құлшынысы арта бастапты. Қазір қызы 6 жаста.
“Түркияға барып емделдік. Әлі де барып жүрміз. Қазір жағдайы жақсарып қалды. Әрбір жамандықтан кейін жақсылық келеді. Барлық балам ерекше. Бәрі ақылды. Ең кенжем – қыз бала”, – деді Құрметолла.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
