Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтар мен үшін әлі де мал өсіретін, ішімдікке әуес халық ретінде елестейтін": Ресейлік қазақ тарихи Отанына оралуы жайлы

Ресейде туып-өскен қандасымыз Айвар Азаматов - YouTube платформасында AIVAR атауымен каналы бар танымал блогер. Қазақстанға біржолата көшкен ол Отанға оралудағы мақсаты жөнінде Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Блогер Алматыға көшкенде бетпе-бет келген қиындықтары мен қалада өзін таңғалдырған тұстарды айтып, Ресейдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрін алматылықтармен салыстырды. 

 - Тарихи отаныңызға оралуға не себеп болды?

 – Бірден көшуге шешім қабылдадым деп айта алмаймын, біраз ойландым. Қазақстанда тұрып көргім келетін, осы уақытқа дейін жарты жыл Ақтөбеде тұрғанмын. Содан кейін Ресейге қайтып оралып, сонда екі-үш жыл тұрдым. Осы жолы Қазақстанға екінші рет келуім. Басты себеп  – болашағымды осында көретінім шығар. Осында болсам, пайдамды тигізетін сияқтымын. 

  -  Айвар, сіз - қазақсыз, тегіңіз Владимирович, мұның себебі неде?

 – Екі жасымда әке-шешем ажырасқан, өз әкем - этникалық қазақ, бірақ анам кейін орыс ер адамға тұрмысқа шықты. Өгей әкем мені тәрбиелеп өсірді. Мен мұны ешқашан айтпағанмын, енді фанаттарым маған жабылып кететін болды (күледі - авт.). Мен оны әкем деп есептеймін. Өз биологиялық әкемнің аты төлқұжат бойынша Владимир, қазақша есімі - Мақадас. Совет одағы кезінде ата-апам есімдерін өзгерткен. Мен оларға әрдайым, "Құдайға шүкір, есімімді Айвар деп қойғандарыңызға, Сергей, Игорь деп емес" деп айтып отырамын. 

Маған сен "Айвар" емес, "Айбар"- сың деп жазатындар бар. "Сен бірінші есіміңді түзеп ал, дұрыс жазып ал" дейтіндер бар. Шындығында "Айбар" деген ат бар екенін, оның не мағына білдіретінін білемін. Бірақ менің есімім "Айвар", әжем  мен туылмай тұрып, маған өзі оқыған кітабындағы кейіпкердің есімін берген. Түрлі есімдер бар қазақ тіліне тән емес "в", "ф" әріптері бар.  Қазақтар арасында "Фатима", "Мұстафа" деген сияқты есімдер кең таралған ғой... Сондықтан, сөздегі әріп үшін сенің есімің дұрыс емес деу қателік деп ойлаймын.

 - Алматыға келгенде үмітіңіз ақталды ма? Қандай қиындықтар болды?

 – Қиындықтар болды. Тіпті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдау жасағым келіп жүр. Не себепті дейсіз ғой?

Қазір осында жұмыс істегісі келетін, болашағын Қазақстанда көретін Ресей азаматы Қазақстанға келіп, осы жерде бір айдан аса уақытқа қалуды жоспарласа, үш күннің ішінде қайда тұрақтап қалғаны жөнінде Көші-қон қызметіне хабарлауы қажет деген заң қабылданған. Меніңше, бұл – ақымақтық. Мұның мақсаты не? Мысалы бір ай болса, сол уақыт ішінде таныстар табасың, осында қалуға мүмкіндік жасауға тырысасың, ал қазір елде қалу, тұру мәселесі қиындатылған.

Екінші мәселе, Алматыда Ресей азаматтарына пәтер алу қиын. Егер сен ресейлікпін десең, саған пәтерді жалға бермеуі мүмкін, себебі адамдар қорқады. 



Үшіншіден, тұрғын үйдің бағасы қымбат. Орта есеппен, 16 000 рубль (90 мың теңге) ай сайын төлеу қиын. Мен оппозиционер емеспін, дегенмен Алматыда жалақы мөлшері пәтерді жалдайтын сомамен бірдей. Егер жалақысы 100 000 теңге болса, пәтерге де сондай ақша төлейді. Сондай ол не нәрсеге өмір сүреді?

Қазақ тілін білмегендіктен қиындық болған жоқ. Себебі тілдің негізін білемін. Жауап бере аламын, не айтып жатқанын түсінемін. Ал менің жұбайыма түсіну қиындау болды, ол қазақ тілін білмейді.

 -  Ресейлік қазақтар мен алматылық қазақтардың айырмашылығын байқадыңыз ба?

 – Алматылық қазақтар -  елдегі қазақтардың жиынтығы, симбиозы іспеттес. Әрине, ресейлік қазақтардың тілді білмеуі өз әсерін тигізеді. Орыс тілінде ойлаймыз. Бізде еуропалық және шығыстың қосындысын байқауға болады. Мен өскен орта еуропалық көзқараста болды деуге болады, бұл бір керемет деген сөз емес. Волгоград облысында өстім, сондықтан қазақтар мен үшін мал өсіретін, ішімдікке жақын халық ретінде елестейтін. Ал мұнда қазақтар қымбат көлік мінген, көпқабатты кешендерде тұрады. Осының бәрі таңғалдырды. Арман Давлетияров (ресейлік "МузТВ" арнасының бас директоры - ред.) жас кезінде бірінші рет Алматыға келгенде былай депті: "Алматыға келгенде әдемі қыздардың көптігін көріп таңғалдым". Яғни Ресейде мұндай таңдау жоқ дегісі келеді.

Мәселен, 2010 жылғы санақ бойынша, Волгоград облысында 45 000 қазақ тұрады. Жалпы қазақтардың саны 640 000 адам болған. Бізде қазақ қыз кішкене болсын сүйкімді болса, оның артынан жігіттердің бәрі сабылып жүреді. Содан кейін ол да өзімшілдене бастайды. Ал Алматыда таңдау көп.

Алматыда сіз ұнатпаған және таңғалдырған не нәрсе болды?

 – Көшеде көлікті агрессивиті айдау: автобустардан бастап көлік жүргізушілеріне дейін қатты айдайды. 

Таңғалдырғаны: мен көбісі орыс тілінде сөйлесетін шығар деп ойлайтынмын, бірақ қоғамдық көлікте болсын, көшеде қазақ тілін жиі естимін.

Алматының өзінде байқауым бойынша, Қазақстанның шет-шетінен келгендердң жиынтығын көруге болады, бірнеше менталитет тоғысқан: оңтүстік, бастыс, шығыстың адамдарын кездестіресің, осы жағы қызық болды. 

 -  Блогерлікпен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бәрі неден басталды?

 – Блогерлік ақпаратты жеткізудің заманауи әдісі дер едім. Сені толғандыратын тақырыптарды қозғау тәсілі, бұл - мамандық, жұмыстың түрі емес. Мен өзімді блогер ретінде емес, көбіне кәсіпкер ретінде есептеймін. Өз өнімімді жасап шығарумен, сатумен айналысамын.

2017 жылы робототехникадан сабақ бердім. Аптасына төрт сағат жұмыс істегендіктен, бос уақытым көп болды. Интернеттен камера іздеп, сатып алып, робототехникадан сабақ беретін кабинетте видео түсіре бастадым. Демалысқа шығып, аулыма барған кезімде әжеммен видео түсіру идеясы келді. Әжем қазақ дәстүрін, тілін жақсы білетндіктен, осы туралы видео түсіру қызық болатын шығар деп ойладым. Бала кезде бізге жасайтын түрлі тыйымдардың мағынасы жайлы сұрап, сол видеоны интернетке салдым.

Бұл менің алғашқы видеом болған жоқ, бірақ сәтті шыққандардың алғашқысы болды. Бірден 100 000 қаралым жиналды, шыны керек, менің апамның аузынан шыққан әңгіме елге қызық болады деп ойлаған жоқпын. Әрине, кейбір адамдарға қызық болуы мүмкін екенін білсем де, осыншалықты көп адам көреді деп күтпедім.

- Аудиторияңыз кімдер? Каналыңызда қандай тақырыптар қозғайсыз?

–  Блогтағы басты тақырыптарымның бірі қазақ тілін үйренуге бағытталған, себебі мен өзім де оны үйреніп жүрмін. Қазақ тарихы, дәстүр, қазақ тілінің, жалпы қазақтардың Ресейдегі жағдайы жайлы видеоларым бар. Қазіргі уақытта оралмандар жайлы түсіріп жүрмін. Маған осы тақырып ұнап жүр. Ресейден келген қазақтар, басқа елден келгендер Қазақстанға келіп немен айналысып жүргендері жайлы видео түсіремін.

Статистика бойынша, каналымды ең көп көретіндер  алматылықтар, 25-40 жас аралығында. Көбіне ер адамдар, 40 жастағы әйелдер, жалпы қазақ тілін дамытуды мақсат ететін қазақтілді аудитория.

 -  Миллион көрілім жинаған видеоңыз жайлы айтып беріңізші? Қандай әсер алдыңыз?

 – Бұл видео "Ресейдегі танымал ТОП-5 қазақ" туралы болды. Ресейде қазақтар әр жерде шашыраңқы орналасқандықтан, көбі танымал адамдарды тани бермейді. Сондықтан осы тақырыпта видео түсіру ойға келді. Шынымды айтсам, жақсы қаралым жинайды деп күткен жоқпын. Бірақ өте жақсы көрілді, аудиторияға ұнады.

- Ресейде қазақтарға ұлтшылдық тұрғысынан қысым көрсетіле ме? Өз басыңыздан осындай жағдай өтті ме?

 – Меніңше, ұлтшылдық екі түрлі жағдайда көрініс табуы мүмкін: тұрмыстық және ашық түрде. Ашық ұлтшылдық деп отырғаным, ұлтыңа қарай, жұмысқа алмау деген сынды. Мұндай жағдайлар басымнан өтпеді. Ресейден бұл жағынан еркіндік бар деуге болады.

Мұнда түрлі ұлттар тұрып жатқандықтан ашық қысым көрсетілмейді. Түсініспеушіліктер, қақтығыстар сияқты тұрмыстық жағдайлар болып тұрады. Бірақ жалпы алғанда жағдай жөнделіп келе жатыр деуге болады. Осындай жағдайдың орын алмауы үшін ұлтаралық неке де көбейген.

Ресейдегі қазақтар қазақ тілін не себепті үйрену керек деп ойлайсыз?

 – Бір жағынан, қазақ деген ұғымның өзі қазақ тілін білу керек дегенді аңғартады. Тіл халықтың ажырамас маңызды бөлігі. Тілсіз халық та, мәдениет те жоқ. Тіл жоғалғанда, халық та жоғалады. Мұны Ахмет Байтұрсынов та айтып кеткен. 

Шындығына келгенде, Ресейде тілді дамытуға ешқандай нақты шаралар жасалып жатқан жоқ. Ол үшін мектеп кезінен бастап қазақ тілін үйретіп, қазақ тілінде шығатын әдеби кітаптарды көбейту қажет, білікті мұғалімдер мен жүйелі жұмыс керек. 

“Қазақ тілін білмейсің ба, ұят емес па?!” дейтіндер бар. Бірақ бала балабақшада, мектепте орысша оқиды. Қазақ тілін күнделікті өмірде пайдаланбайды. Ресейде қазақ тіліне деген экономикалық қажеттілік жоқ, қазақ тілінің мұғалімдері де  бағаланбайды. Мысалы, егер Қазақстан ТОП - 10 ел тізіміне кірсе, тілдің деңгейі көтерілер еді. 

Тілді мәжбүрлі түрде емес, артышылықтарын көрсету арқылы үйрету керек. Біріншіден, тілді үйренудің басты себебі – ата-бабалармен байланысты сақтап қалу. Екіншіден, Отанмен, Қазақстанмен байланысты сақтау болса, үшінші себеп  – тілді білу арқылы ғана қазақ мәдениетін түсінуге, ұғынуға болады. Мысалы, Абайды қазақ тілінде оқу үшін тілдің жоғары деңгейде меңгеруд қажет ететіні сөзсіз. Демек, қазақ тілі  – жәй ғана  сөздердің жиынтығы емес, халықтың ойлау қабілетін, мәдениетінің кілті жатқан жер.

Ресейдегі қазақтардың қазақ тілін, мәдениетін үйренуге деген қызығушылығы бар ма?

 – Әрине, қызғушылық бар. Әр аймақта автономия бар: Наурыз өткізіледі, қазақ қоғамдыстықтары бар, адамдардың шын мәнінде тілді үйренуге құштарлығы артуда. Тіл үйрету сабақтары бар, алайда мұның бәрі жүйесіз болғандықтан, тек адамдардың ынтасымен ғана жүзеге асқандықтан, ұзаққа бармайды. Нақты қаржыландыру, жүйелік жұмыс керек, сонда ғана нәтиже болады. 

Ресейдегі қазақтардың тілді, мәдениетті үйренуге құлшынысы, қызығушылығы бары анық. Көпшілігі Қазақстанға келсек, осында тұрсақ дейді, Отанымен байланысы барын сезінеді. 

Білуімше, Ресейдегі қазақтар сөздерді жұмсартып айтады. Тілдегі ерекшеліктер қандай?

 – Қазақ тілін мен апа-атамнан еститінмін. Бізде қазақ тілі орыс тілінің, татар тілінің, басқа да ұлт тілдерінің айтылу заңдылығын өзіне сіңіріп алған.  

Ресейдегі қазақтар қандай дәстүр ұстанады? Бізден айырмасы бар ма?

 – Бізде адамды жерлеу рәсімі толықтай "садақа" деп аталады. Адамдарды жинап, тамақтандырады. Қой, сиыр сойып, тағы 7, 40 күн адамдары күтеді. 

Бесбармақты "Инкаль" деп атайды. Ат қою, сүндетке отырғызу дәстүрі ерекше сақталған, тұсаукесер де өткізеді. Мұсылмандық дәстүрі бойынша жұма намаз оқу, астан кейін "Аллаху Әкбар" деп айту сақталған. Тамақтың алдында, бір нәрсе бастар алдында "Бисмилляхи Рахмани Рахим" деп айтамыз. Малды сою ерекшеліктері, орта жастағы әйелдер арасында "Сәлем бердік" деп амандасу кең таралған.

"Сәлем салу" да бар, әр жерде әртүрлі. Жас келіндерде шәй қою, дәмді тағамдар дайындап, қызмет көрсету ұғымдары да бар. Ер адамның да өзінің атқаратын міндеттері болады. 

Аралас некеге қалай қарайды?

 – Кең таралып келеді. Орыстарға жақын, көп жағдайда орысша ойлайтын болғандарына қарамастан үйленерде қазақ қызын таңдап, қазақ қазақпен отбасылы болу тенденциясы жақсы сақталып келеді. Ата-аналар да айтып жатады: "Қисық, қыңыр болса да, қазақ болсын" деген сияқты.

Содан кейін бізде әлеуметтік желі арқылы танысу кең етек жайған. Қазақтар тұратын Омск, Волгоград облыстарындағы ВКонтакте желісінде  "Подслушано",  "Казахи Омск" және т.б сынды топтар болады. Осы топтар арқылы жастар танысып жатады. 

Қазіргі уақытта қазақ тілі мен мәдениетін дамыту мәселесінде белсенді қала Омск болып отыр. Біріншіден, бұл қалада бұрын қазақ интеллигенциясы оқыған. Сондай-ақ, Омск қаласының өзінде тұратын қазақтар саны көп. 

Елдегі саяси жағдайды бақылап отырасыз ба? Кімдерді оқисыз?

 – Досым Сатпаев, Марғұлан Сейсембаевты қарап отырамын. Мені саяси жағдай алаңдатады.

Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз

 – Қазіргі саламда барынша жан-жақты даму жоспарда бар. Түсірілім жасау, сценарий жазу, сондай-ақ, тіл деңгейімді көтеруім керек, қазақ тарихын оқу да жоспарда бар. Ресейдегі сырттай оқуымды бітірген соң, осы жақта тарихи факультетке түсу ойда бар. Серал, деректі фильм түсіру ойда бар. Бір сөзбен айтқанда,, осы каналды салмақты түрде дамытаамын. Танымал оралмандар туралы видео түсіріп жатырмын. Осы тақырыпты өрбітсе, қазіргі уақытта көбісі оралмандарды жақтырмай жатады, осы нәрсені түсінбеймін. Меніңше, халық санын көбейту керек, сонда экномикалық тұрғыда мықты елге айналуға болады.

- Әңгімеңізге рахмет! Тарихи отаныңызға қош келдіңіз! Сәттілік тілеймін!

 

 

 

Сұхбаттасқан:

Назерке МҰСА

Талқылау