Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Әйелдерді қамшымен ұру керек» деп уағыз айтқан белгілі исламтанушы халықтан кешірім сұрады

«Әйелдерді қамшымен ұру керек» белгілі исламтанушы бұл әрекетінің теріс екендігін мойындап, эмоцияға беріліп кеткендігін айтады.

Имамдардың әрекетіне баға беретін Діни басқарма өкілдері теологтың қателігіне кешірім жасап отыр. Ал бұл жайтқа қатысты халықтың пікірі қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Ұрыңдар дейді. Яғни, Пайғамбарымыз с.ғ.у айтқан. Яғни, жарақат салып, дене мүшесін сындырып қоймайтын деңгейде «нұқып» алу керек қазақша тілмен айтқанда», – деді Ризабек Батталұлы уағыздарының бірінде.

Әйелдерді ұруға шақырған имам желіде қызу талқыға түскен еді.

Еріне бағынбаған әйелді «қамшымен ұруға» үгіттеген бұл теологтың есімі – Ризабек Батталұлы. Өзі діни бағытта білім беретін жоғарғы оқу орнында білдей бір қызмет атқарады. Ұстаз деген атқа ие! Сөйте тұра, жыл басында кезекті уағыз барысында жамағат алдында осылай теріс ақпар беріп, біраз адамның ашуына тиген-ді. Бірақ, арада 3 ай өткенде осы әрекеті үшін кешірім сұрады. Бүгінде тәубесіне келген ол уағыз кезінде эмоциясына көбірек ерік беріп қойғандығын айтады.

«Мен алдындағы өзімнің өрескел қателігім үшін мұсылман жамағатынан, Қазақстан халқынан кешірім сұрағым келеді. Өзімнің жаңағы эмоциялық тұрғыдан өрескел қателік жіберіп, қамшымен ұру деген секілді, мемлекетіміздің, халқымыздың мәдениетіне негізделмеген тұжырымды айтып, жамағаттың арасында келіспеушілік туғандығын білемін. Сондықтан, бұл қамшымен ұру деген ол біздің қасиетті құранымызда көрсетілмеген» – дейді исламтанушы Ризабек Батталұлы.

Исламтанушы ғалымдардың айтуынша, Пайғамбарымыз әйел затына қол көтермеген. Керісінше, оларды әрдайым қорғаштап келген. Ал бұл жөнінде көпшіліктің пікірі қандай? Е бағынбаған әйелді қамшымен сабаған дұрыс па?

“Жоқ, болмайды”. “Қамшым жоқ, бірақ алайын деп жүрмін. Бірақ, ондай мақсатта емес”.
“Негізі ауылды жерлерде болмаса, қалада мүмкін емес”.
“Ондай ерте кездері болған ғой. Қазір мүмкін емес”.
“Жоқ, ондай болуы мүмкін емес”, – дейді тұрғындар.

Зайырлы мемлекетте өмір сүрсек те, ескіден қалған жұрнақты ұстанатындар баршылық. Әйел затын қамшымен ұруды дінге таңып, салт-дәстүрмен сабақтастыратындар да бар. Оны өзге ұлттың өкілі болса да, жаны қазақ болып кеткен депутат Геннадий Шиповскихтің өзі растап отыр.

«Үйленген кезде өздеріңізге белгілі ер адамға қамшы береді. Оны төрдегі өзінің бөлмесіне іліп қояды. Яғни, бұл не деген сөз? Егер әйел адам өзінің басынан аттап жатса қамшымен осу керек деген. Біріншіден, бұның бәрі салт-дәстүр. Ал бүгінгі таңда қазір заман өзгерді. Бізде қазір кез келген әрекет тек қана заңға сүйенеді. Сондықтан да, әйелді қамшымен ұру ол дұрыс емес деп ойлаймын» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.

Дегенмен, атышулы теолог діни басқарма тарапынан ескерту алған. Бірақ, дініміз тәубесіне келген адамға кешіріммен қаруға шақырады, дейді мамандар.

«Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп қазақ атамыз айтқандай, білместікпен, сезімге беріліп, айтып кеткендігін жеткізді. Осыдан былай, мұндай нәрсе қайталанбайтындығын айтып отыр. Сондықтан, бұны дұрыс түсінісушілікпен қарағанымыз жөн деп ойлаймыз» – дейді ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы.

Ескіден қалған қағидалардан арылатын уақыттың келгені қашан. Десе де, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болатын әйелдер қатары қазір онсыз да көп. Оларға қазір заң аясында шара қолданылады. Алайда, бұл басқа тақырып.

Тағы да оқыңыз:

Семейлік келіншек балабақша тәрбиешілерінің кесірінен қызының аяғы сынып, көзі көгергенін айтады

Алматылық келіншек пойызда босанып қалды

Шымкентте әскери мектебінің шәкірті оқу-жаттығу кезінде көз жұмды

Атырауда аңға шыққан ер адам қасқыр екен деп досын атып тастаған

Талқылау