Air Astana авиация саласында мансап құруға шақырады
Астана қаласында Жұмысшы мамандықтар жылын ресми ашатын "Жұмысшы мамандықтар қаласы" фестивалі басталды. Ауқымды жиынға елдегі ең ірі Air Astana әуе компаниясы да қатысты. Бүгінде 6 500-ден аса қызметкерді жұмыспен қамтып отырған Air Astana білікті мамандар даярлайтын бірегей ортаға айналған. Stan.kz тілшісі компания басшысыларымен тілдесіп, Air Astana-дағы білім беру бағдарламалары мен жұмысшыларға ұсынылатын мансап мүмкіндіктері жайында біліп қайтты.
Фото: Air Astana баспасөз қызметінен
“Жұмысшы мамандықтар қаласы” фестивалінде оқушылар мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, қала тұрғындары мен қонақтарына 200-ден аса кәсіп түрі таныстырылды. Сондай-ақ олар арнайы жасақталған "Авиация үйінде" шеберлік сабақтарға қатысып, ұшқыш, бортсерік, жердегі қызмет көрсету және инженерлік-техникалық қызмет мамандықтары туралы көбірек біле алады. Ал ұшқыш болуды армандайтын жастар Airbus ұшу тренажерінде ұшып көріп, авиация әлеміне бір қадам жақындай түсті.
Фото: Питер Фостер, Air Astana баспасөз қызметінен
Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Питер Фостер топта 600-ге жуық ұшқыштың жұмыс істейтінін айтты. Компания басшысының сөзінше, ұшқыштардың ішінен 280-і Air Astana ұйымдастырған Ab-Initio ұшқыштарды даярлау бағдарламаның түлектері.
"Бұл бағдарлама аясында біз жігіттер мен бойжеткендерді іріктеп, Еуропадағы ұшқыштар мектептеріне жібереміз. Сол жерден олар халықаралық ұшу лицензиясын алып шығады. Бұдан кейін ұшқыштар Airbus немесе Boeing ұшақтарын басқаруға арналған біліктілік курсын өтеді де, Air Astana компаниясында екінші ұшқыш ретінде қызмет ете бастайды. Мұның барлығына бас-аяғы 2 жыл уақыт кетеді. Бұл аралықта оқуға қажет шығынның барлығын Air Astana төлейді ", – дейді Питер Фостер.
Ab-Initio бағдарламасы бойынша кадеттер Испания немесе Ирландияда орналасқан ұшқыштар мектебіне жіберіледі екен. Компанияның бас атқарушы директоры Питер Фостер тек ұшқыштар емес, әуекомпанияда сонымен қатар инженерлерді оқытуға арналған бағдарлама барын айтып өтті. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағдарламалар бойынша білім алатын мамандардың санын көбейту қажет дейді.
Питер Фостердің сөзінше, Air Astana-ның ұшқыштарды оқытуға арналған бағдарламасы Еуропа мен Қазақстанның арасындағы көпірге айналған. Сондай-ақ азаматтық авиация комитеті Қазақстанда еуропалық стандарттар бойынша ұшқыштар мектебін ашуды жоспарлап жатқан көрінеді.
"Қажет қаржы бөлініп, дұрыс ұйымдастырылса, жақсы серіктестер тартылса, мұны жүзеге асыруға болады", – деп түйіндеді Питер Фостер.
"Компанияның басшылық құрамы да мансабын өндіруші қызметтен бастаған"
Air Astana-ның қызметкерлерді басқару жөніндегі атқарушы директоры Евгения Ни қызметкерлер үшін компания таптырмас мүмкіндіктер мен керемет мансап жолын береді дейді. Сөзінше, бүгінде Air Astana компаниялар тобында барлығы 6,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жасы 34 жас екен.
Фото: Евгения Ни, Air Astana баспасөз қызметінен
" 6 500 адамның шамамен 90%-ы өндіруші лауазымдағы қызметкерлер. Біз "жұмысшы мамандық" деп емес, "өндіруші лауазым" деп атаймыз. Олардың барлығы ұшуды қамтамасыз ету үшін жерде де, әуеде де еңбек етеді", – дейді компанияның қызметкерлерді басқару жөніндегі атқарушы директоры.
Евгения Ни білімін жетілдіруден жалықпайтын, биікке ұмтылатын кез келген қызметкер жоғары лауазымға жете алады дейді. Осылайша компания қызметкерлері әуеде ғана емес, мансапта да биікке ұмтыла алады .
"Компанияның басшылық құрамы, біздің вице-президенттер де мансабын өндіруші қызметінен бастаған. Мәселен, жерүсті қызмет көрсету жөніндегі вице-президент Александр Небога 15 жыл бұрын маман ретінде жұмыс істеген. Бізде дайын жоғары лауазымға келген адамдар өте аз, басшылардың көбі Air Astana-да еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап көтерілген", – деп түсіндірді ол.
Евгения Нидің айтуынша, компанияда қызмет еткісі келетін 17-18 жастағы мектеп түлектері де өтініштерін жолдай алады.
"Air Astana ұшқыштар мен инженерлерді өз бағдарламаларымен оқытады. Оның үстіне бортсеріктер, жерүсті қызмет көрсету жөніндегі мамандар, жүкті қабылдап алушылар, механиктер және т.б. қызметкерлерді қабылдау тоқтаусыз жүріп жатады. Кейбір қызметтерге мектепті енді аяқтаған түлектерді де қабылдап, өзіміздің білім беру бағдарламамыздан өткіземіз. Тек базалық білімі болса, яғни физика мен математикадан хабары болса және ағылшын тілін білсе жеткілікті", – деп түйіндеді ол.
20 жастағы Артем Сафонов Air Astana-да 2023 жылдан бері техникалық қызмет көрсету бойынша механик болып жұмыс істейді.
Фото: Артем Сафонов, Air Astana баспасөз қызметінен
"Бала күнімнен ұшақтарға қызығатынмын, оның үстіне техникамен жұмыс істеуге де бейім едім. Осылайша қызығушылығым мен қалауымды ұштастырып, авиация бағытын таңдадым. Алдымен авиация колледжінде білім алдым, сондай-ақ Air Astana-дағы механиктерді даярлайтын бағдарламаға қосылдым. Осылайша колледждегі оқу мен өндірістегі жұмысты қатар алып жүрдім. Бұл теориялық білімді әуе кемесіндегі практикалық жұмыспен бекітуге мүмкіндік берді. Айта кетері, ұшақ инженері атану үшін авиациялық колледжді аяқтаудың қажеті жоқ. Авиатехниктерді даярлайтын бағдарламаға қосылып-ақ, EASA Еуропалық үлгідегі лицензиясы бар сертификатталған маман атануы әбден мүмкін", – деді Артем Сафонов.
Жас маманның айтуынша, ұшақтың әуеге көтерілуі мен қауіпсіздігі тікелей техникалық қызмет көрсету департаментінің мойнында. Себебі олар ұшақтың ұшуға жарамдылығына жауап береді.
"Техник инспекция жүргізбесе, ұшақ ешқайда ұша алмайды. Бұл салада жұмыс істеу үшін ағылшын тілін, физика мен математиканы білуі керек. Өйткені ұшақтың қалай ұшатынын түсіну үшін механиканың заңдылықтарын білуі керек. Авиациялық механик болғысы келетін жандарға айтарым, Air Astana-ның job.airastana.com cайтына өтініш жіберіп, механиктерді даярлайтын бағдарламасына келіңіздер. Осылайша жас қазақстандықтар сұраныс жоғары мамандықты басынан бастап меңгеруге мүмкіндік алады. Қатарымызға енді қосылған мамандарды кіші механик позициясынан EASA Еуропалық үлгідегі лицензиясы бар әуе кемесінің инженеріне дейін мансаптық өсу және жеке даму перспективасы күтеді”, – дейді жас маман.