Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауа температурасы жыл сайын көтеріле береді": Климаттың өзгеруі Қазақстанға қалай әсер етеді

Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы дүниежүзімен салыстырғанда екі есе жылдам жоғарылап жатыр. Қазақстанның оңтүстік өңірлердегі тұрғындары үшін аптап ыстық қалыпты болса, теріскейдегі қазақстандықтар үшін қыс жұмсақ, ал жаз әдеттегіден жылы болып жүр. Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай елде жауын-шашын азайып, ыстық ауа райы ұзақ уақытқа сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Астаналық Арман Кеңбіловтың елордаға қоныс аударғанына 25 жыл болған. Айтуынша, сол кездері Астананың қысы қатты, боранды, ал жазда жел соғып, жаңбырлы күндер көп болатын. Қазір елорданың климаты өзгерген.

“Кейінгі уақытта климат қатты өзгерді. 2023 жылдың желтоқсан айында қар жауған жоқ, жаңбыр жауды. Ал өткен жылы аптап ыстық болған кезде қайда барарымызды білмей қалдық. Мен Астанаға қоныс аударғалы кондиционер іздеген емеспін”, – дейді Арман.

Елорда климатындағы өзгерістерді астаналықтар байқаған, ал синоптиктердің есебі мұны растап отыр. Олардың мәліметінше, 1976 жылдан бері әрбір 10 жыл сайын Қазақстанда ауаның орташа температурасы 0,36 градус көтерілген. Ал былтыр Қазақстандағы ең ыстық жаз болған.

“Орта есеппен алғанда, Қазақстанда ауа температурасы он жыл сайын 0,36 градус көтерілсе, ғаламдық температура 0,19-ға көтеріледі. Яғни, еліміздегі ауа температурасы дүниежүзімен салыстырғанда 2 есе тез жоғарылып жатыр. Бұл біздің климатымыздың континенттік сипатына байланысты екен. Өйткені Қазақстан  мұхиттан алшақ орналасқан”, – дейді “Қазгирдомет” РМК жетекші инженері Ғалия Тұрымова.

Аталған өзгерістер болмашы болып көрінгенімен, ел экономикасының барлық саласы зардап шегуі мүмкін. Жергілікті диқандар қазірдің өзінде жаһандық жылынудың салдарына бетпе-бет келіп отыр. Олардың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жағдай жыл өткен сайын нашарлап барады. Өзендер таязданып, топырақ түгесіліп, егін шығымы азайған.

“Егін егетін жерлерде бейімделгіш сорттарды қолдану керек. Мұндай сұрыптар құрғақшылыққа, ыстыққа, судың жоқтығына немесе керісінше, артық ылғалға төтеп бере алады, бейімделгіш келеді. Фермерлер бір-бірімен тәжірибесін бөлісіп отыруы керек, өйткені бәрі өзгереді. Бізге осындай білім беретін платформалар жасау керек”, – дейді "Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы" ЖШС бөлім бастығы Марина Цыганкова.

Климатологтардың айтуынша, елдегі ауа температурасы жыл сайын көтеріле береді.

“Ауа райының қолайсыздығы мен гидрологиялық құбылыстар күшейеді. Тиісінше, осыған бейімделуіміз керек. Өткен зерттеулердің бірі ХХІ ғасырдың басына қарай орташа температура Цельсий бойынша 4 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін көрсеткен. Яғни, жазда ауа температурасы 40 градус болса, осы ғасырдың соңында ол 44-ке дейін артып, ұзақ уақыт солай сақталуы мүмкін. Бұл да инфрақұрылымға, денсаулыққа және басқа салаларға әсер етеді”, – дейді климотолог Сәулет Сәкенов.

Аталған теріс зардаптарды азайту үшін елімізде бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Париж климаттық келісімі аясында 2030 жылға қарай "жасыл" энергия өндірісін 15%-ға дейін ұлғайтып, көмірқышқыл газының шығуын дәл осындай мөлшерде азайту жоспарланып отыр. Ал 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарда.

Талқылау