Клиенттерінің көлігін қайта сатып жіберген: Атыраудағы "Абырой Авто" автосалонынан 120 адам зардап шекті
Фото: Аzh.kz
Атыраудағы "Абырой Авто" автосалонына көлігін тапсырған жүзден аса тұрғын алданып қалды. Олар қысқа мерзімде ақшаларын аламыз деп сенгенімен, уәде орындалмай, темір тұлпарлар қайта сатылып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Клиенттерге "көлікті сатылымға қойсаңыздар, он күннен кейін толық сомасы қолдарыңызға беріледі" деп түсіндірген. Алайда іс жүзінде көліктер автосалон атына тіркеліп, аз уақытта басқа адамдарға сатылып кеткен. Ал иелері уәде етілген ақшаны мүлде көрмеген.
"Маған он күннен кейін ақшаны толық аласыз деді. Бірақ бірнеше ай өтті, көлігім әлдеқашан басқа қалада жүр. Ал маған әлі күнге дейін “күте тұрыңыз” дейді", – деді жәбірленушілердің бірі.
Алдын ала деректер бойынша 120-дан астам адам зардап шеккен. Олардың арасында жалғыз көлігін несиеге алып, енді қарызын өтей алмай қалғандар да бар.
Полиция "Абырой Автоның" иелерін ұстағанын және "Алаяқтық" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу қазір келтірілген шығын көлемін және іске қатысы бар өзге адамдарды анықтап жатыр.
Ал елордада полиция "Абырой Авто" арқылы сатып алынған Toyota Prado көлігін тәркілеп әкетті. Жаңа иелері қолдарында келісімшарт пен тіркеу құжаттары бар екенін айтқанымен, көлікті алып кеткен.
"Патруль үйге келіп, ештеңе түсіндірместен көлікті айдап әкетті. Қолымызға бір де бір ресми құжат бермеді", – деді оқиғаның куәгері болған әйел.
Астана полициясы көліктің Атыраудағы қылмыстық іске қатысты екенін, сондықтан тергеушінің нұсқауымен тәркіленгенін мәлімдеді. Зардап шеккендер әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жазалануын және шығындарының өтелуін талап етіп отыр.
"Біз оларға сендік. Автосалон ресми кеңсемен, маңдайшасымен жұмыс істеп тұрды. Мұндай алдауды ешкім күтпеген еді", – деді олар.
Қазақстандықтың дилерлік орталыққа апарған көлігін қызметкерлер айдап кетіп, соғып тастаған
Шілдеде жаңа көліктердің сатылымы рекордтық көрсеткішке жетті
Еске салайық, бұған дейін Астанада жалған кәсіпкер төрт адамға автонесие алдырып, 270 млн теңге қарызға батырғанын жазған едік. Ер адам іскерлік ынтымақтастықты желеу етіп, төрт жәбірленушіні автонесие алуға көндірген. Көліктерді бизнесте пайдаланамын деп уәде берсе де, оларды Ресейге шығарып сатып жіберіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Нәтижесінде жәбірленушілер қомақты қарызға батты. Шығын көлемі 270 млн теңгеден асты. Сот күдіктіні 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды, бірақ үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
