Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

LRT құрылысы, ғарышты игеру мен спортты дамыту: Министрліктер алғашқы жартыжылдықта бюджет қаржысын қайда жұмсады

Үкімет үйі, ғимарат/Фото: Primeminister.kzФото: Primeminister.kz

Республикалық бюджеттің 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында игерілуі туралы мәлімет жарияланды. Деректерге қарағанда, министрліктердің ең ірі шығындары әдеттегідей әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтауға, білімге және қорғанысқа бағытталған. Ал ерекше бағыттардың ішінде спорттағы жоғары жетістіктер, Астанадағы ЛРТ және мемлекеттік қарызды өтеу бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әдеттегі әлеуметтік және салалық шығыннан бөлек ерекше көзге түсетін бағыттар

Көлік министрлігі 419 миллиардқа жуық қаржыны жарты жылда игеріп, оның 105 миллиардын Астанадағы жаңа көлік жүйесі мен LRT-ға жұмсаған. Тағы 71 миллиард теңге Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттерді орындауға бөлініпті.

Ал Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігі 77 миллиардтан жоғары қаржыны игерді. Министрлік 30 млрд теңгені "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құруға бөлген. Тағы 32 миллиард теңгені "Электронды үкіметті", ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды және ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға жұмсапты.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл жартыжылдықта Туризм және спорт министрлігі 68 миллиардқа жуық қаржыны игерсе, оның 55 миллиардын спортта жоғары жетістіктерге жетуді дамытуға бөлген.

Қаржы министрлігі 4,7 миллиард теңгені игеріп, оның 1,6 миллиардын мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсапты.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі 72 миллиардты алғашқы алты айда игеріп, 26 миллиардын мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілетін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтап, зерделеу, танымал ету және мұрағат жұмысының тиімділігін арттыруға жұмсапты. Тағы 25 миллиард теңгені мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға бөлген.

Инфографика: Stan.kz

Инфографика: Stan.kz

Республикалық бюджеттің көп бөлігі қай министрліктерге бөлінді?

Үкіметтің жариялаған деректері бойынша, ең көп қаражатты әдеттегідей Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмсаған. Жарты жылда ведомство 3 триллион теңгеге жуық қаржыны игеріп, оның ішінде 2,9 триллион теңгені азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге жұмсады.

Келесі орында – Денсаулық сақтау министрлігі. Ол жарты жылда 889 миллиард теңгені игеріп, оның 793 миллиарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына нысаналы жарна ретінде аударылды.

Үшінші болып Ғылым және жоғары білім министрлігі тұр. Ведомство 455 миллиард теңгеге жуық қаражатты игеріп, оның 244 миллиарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге, ал 79 миллиарды ғылымды дамытуға жұмсалды.

Төртінші орында – Оқу-ағарту министрлігі. Жылдың алғашқы жартысында министрлік 353 миллиард теңге игеріп, оның 257 миллиарды орта білім сапасын арттыруға, 45 миллиарды мектепке дейінгі тәрбиеге, 38 миллиарды техникалық және кәсіптік білімге бағытталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 321 миллиардты игеріп үлгерсе, оның 140 миллиарды "Аграрлық несие корпорациясының" агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруына несие беруге жұмсалған. Ал 54 млрд Қазақстан үкіметінің шұғыл шығыстар резерві есебінен іс-шараларды жүзеге асыруға мемлекеттік басқарудың басқа деңгейлеріне нысаналы трансферттерге кеткен.

Қорғаныс министрлігі де ірі шығындалған ведомстволардың қатарында. Жарты жылда 302 миллиард теңге игеріліп, оның 282 миллиарды қарулы күштердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге жұмсалды.

Басқа министрліктер қалай игерді?

Ішкі істер министрлігі 1 шілдедеді жағдай бойынша, алғашқы жартыжылдықта барлығы 290 миллиард теңге жұмсаған. Бұл соманың ішінде ең көп қаржы Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне жұмсалған, сәйкесінше 121 миллиард теңге. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздік, қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы мемлекеттік саясатты айқындау және іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерге 90 миллиард теңге жұмсалған.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігі бірінші жартыжылдықта 68 миллиардқа жуық қаржы жұмсап үлгеріпті. Оның 60 миллиард теңгесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыруды ұйымдастыру ісіне жұмсалған.

Сыртқы істер министрлігі 68 миллиардтан жоғары қаржы жұмсаған, оның ішінде ең көп бөлігі – 47 миллиард теңге сыртқы саяси қызметті үйлестіру қызметтеріне бөлініп, игерілген.

Биылғы жартыжылдықта Экология және табиғи ресурстар министрлігі 42 миллиардтан жоғары қаражатты игерген. Оның 29 миллиардтан астамы орман ресурстары мен жануарлар дүниесін басқарып, сақтау және дамытуға жұмсалды.

Сауда және интеграция министрлігі 8,5 миллиардқа жуық қаржыны игеріпті. Алғашқы жартыжылдықта оның 3 миллиардқа жуығы несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және несиеге кепілдік беруге кеткен.

Әділет министрлігі 16 миллиард теңгені жұмсап, оның 6,8 миллиардын мемлекет қызметін құқықтық жағынан қамтамасыз етуге, 5,5 млн теңгесін сот сараптамасы қызметтеріне бөлген.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 189 миллиард теңгені игеріп, оның 70 миллиардын мемлекеттік қорғаныс тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етуге бағыттаған. Сонымен қатар тағы 38 миллиардты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шараларды жүзеге асыруға бөлген.

Энергетика министрлігі 67 миллиардқа жуық қаржының 20 миллиардын үкіметтің кезек күттірмейтін шығыстар резерві есебінен іс-шараларды жүзеге асыруға мемлекеттік басқарудың басқа деңгейлеріне дамуға нысаналы трансферттерге жұмсаған. Тағы 17 миллиард облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне газ тасымалдау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы трансферттерге кеткен. Оған қоса министрлік тағы 11 миллиардты жылумен жамбдықтау жүйелеріне бөліпті.

Ал Ұлттық экономика министрлігі 73 миллиард теңгенің 34,5 миллиардын Кәсіпкерлік субъектілерді мемлекеттік қолдау шараларына, тағы 33 миллиардын инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шараларына жұмсаған.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 58 миллиардтан аса қаржының 44 миллиардтан көбін Су ресурстарын тиімді басқаруға жұмсапты. Ал 11 миллиарды Суару және кәріз жүйелерін жетілдіруге бөлген.

Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 15:46
Талқылау