Атырау облысындағы екі баланың өлімі: Сотталушы бірнеше бап бойынша айыпталды
Атырау облысында пәтерге өрт қойып, екі баланың өліміне кінәлі деп танылған сотталушыға қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Мой город
Шілде айында тергеушілер Оразбек Саясатқа қатысты тергеуді аяқтап, іс сотқа жіберілді. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Зарема Хамидуллинаның төрағалық етіп, күдіктінің ісін қарады. Оразбек Саясат қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталды. Атап айтқанда, аса қатігездікпен адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, тұрғын үйге қолсұғылмаушылықты бұзу және бөтеннің мүлкін қасақана жою.
Сот отырысы кезінде күдіктінің психикалық ауытқуы бар немесе ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді адам болуы мүмкін екені айтылды.
Қазір куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Еске сала кетейік, Атырау облысында өрт салдарынан екі бала қаза тауып, анасы жансақтау бөліміне жатқызылғаны айтылды. Олардың үйін біреу өртеп жіберген. Күдікті ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды.