Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атымнан 500 мыңға несие рәсімдеп, басқа шотқа аударған": Танымал банк клиенті көмек сұрады

Елорда қаласының тұрғыны белгісіз біреулердің өз атынан несие рәсімдеп, кейін 600 доллар көлеміндегі соманы бейтаныс шотқа аударғанын айтып көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

банк

 

«19 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында маған Kaspi қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалды. Олар маған мен білмейтін бейтаныс шотқа үлкен көлемде ақша аударылып жатқанын, соны тоқтату керегін айтты. Шотыма қатысты ақпарат айтқандықтан, оларға сендім. Себебі, ол ақпаратты банк және мен ғана білетін едік. Нәтижесінде менің атымнан 500 мыңға несие рәсімделіп, кейін шотымнан басқа банкке 600 доллар аударылғаны белгілі болды. Банк пен полицияға барып арыз жаздым», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Анна Грубниченко. 

Kaspi қызметкерлері өз кезегінде әйелдің мұндай жағдайға тап болуына қатысты өкініш білдірді. Осы орайда олар азаматтардан ешуақытта карта мәліметін, смс арқылы келген кодты және құпия сөзді айтпауды сұрады. Сондай-ақ, несиені клиенттің өзі ғана растай алатынын жеткізді. 

«Клиенттен басқа ешкім электронды қолтаңбаны қолдана алмайды. Ал қолтаңбаны пайдалану үшін түр-әлпетті тану, смс арқылы келген кодпен растау сынды кішігірім операциялардан өтуі тиіс. Бұл нәрсе өз кезегінде операцияның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, несиеге берілген ақшаны тек Kaspi банкоматтарынан алуға болады. Бұл жерде де ақшаны алмас бұрын бірнеше растау кезеңінен өту қажет. Ал біздің банкте қауіпсіздік талаптарына жауап беретін барлық технология бар», - деді банк қызметкері. 

Мұнымен қатар, ол аталған банкте барлық операцияның смс растаулар арқылы ғана жүзеге асатынын жеткізді. Ал бұл код тек клиент өзі берген нөмірге жіберіледі. Осы орайда, банк қызметкерлері барша клиентіне смс код арқылы келген құпия нөмірді, тіпті, банк қызметкерімін деп таныстырған азаматқа да айтпауды сұрады. 

«Осы жағдайға байланысты тексеріс жүріп жатыр. Заң аясында бекітілген мерзімде сізге жауап қайтаратын боламыз», - деді банк қызметкері. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Шымкент қаласында жеке куәлігін жоғалтып алған азаматтың атынан белгісіз біреулердің 30 несие алып тастағаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау