Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атамекен" палатасы бизнес өкілдерін тонаушылардан қорғауға шақырды

"Атамекен" ҰКП жергілікті билікті кәсіпкерлердің мүлкін тонаушылардың қолынан қорғауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

мародерство

Кәсіпкерлер палатасы Алматыдағы және Қазақстанның басқа аймақтарындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Тәртіпсіздік салдарынан бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлер ҰКП-ға жүгінуде. Атамекеннің мәліметінше, банктерге, мейрамханалар мен дүкендерге шабуыл жасау фактілері анықталған.

"Бірқатар өңірлерде енгізілген төтенше жағдай аясында "Атамекен" жергілікті билік пен құқық қорғау органдарын кәсіпкерлердің мүлкін қорғауға шақырады. ҰКП  зардап шеккен кәсіпкерлерден палатаға хабарласып, келтірілген шығын көлемін фото және видеоға түсіруді сұрайды. Палатада сенім телефоны жұмыс істеп тұр", – деп мәлімдеді кәсіпкерлер палатасы.

Келтірілген залалдың фото және бейнежазбасын Telegram 8 701 375 11 84 нөмірі арқылы жіберуді сұраймыз.

Жедел желі байланысы: 1432 (тегін) 8 8000808010, WhatsApp: 8 778 870 1432.

Алматы: 8 7273 310 133

Алматы облысы: 8 7282 401999

Маңғыстау облысы: 8 7292 304040

Палата Алматы қаласы мен облысы және Маңғыстау облыстарының комендатураларының төтенше жағдайдағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс режимі туралы ресми ақпаратын күтуде.



Айта кетсек, еліміздің бірқатар өңірлерінде халық наразылығы туындап, тұрғындар митингке шыққан. 

Наразылық 2 қаңтар күні Жаңаөзендегі сұйық газ бағасының өсіміне қарсы шығып, алаңға жиналған халықтың әрекетінен кейін басталды. 

Көп уақыт өтпей Маңғыстаулықтарды Қазақстанның біраз аумағының тұрғындары қолдап, алаңға жинала бастады. Толқулар Орал, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, және Алматы қалаларында байқалды.

Бүгін еліміздің солтүстік аумақтарында да наразылық шаралары болды.

Жаңаөзен мен Ақтаудағы жағдай

2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында жүздеген көлік иелері көшеге шыққан болатын. Олар жиындарда 1 қаңтардан бастап литрі екі есе қымбаттаған сұйытылған газдың бағасын төмендетуді талап етті.

Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін сұйытылған газды өндірушілердің оны электронды сауда арқылы сатуға көшуімен түсіндірді.

Бірақ халық түсіндірмеге қанағаттанбады, себебі Қазақстанның батыс өңірлеріндегі көлік толығымен дерлік газдандырылған. Көтеріліс салдарынан наразылық акциясы облыстың бірнеше ауылын қамтып, шерулер түннің бір уағына дейін жалғасты.

Талқылау