"Ата-анамның бетіне қарай алмаймын": Алматы облысында 16 жастағы қызды алты жігіт жарты жыл бойы бопсалап, зорлап келген
"Алты жігіт зорлады, бірақ олар жазаланған жоқ" деген бойжеткен қыз бен оның ағасы президенттен көмек сұрайды. Себебі алты ай бойы қылмыстық іс сотқа жетпек түгілі, қысқарып қала берген. Полиция бұл сұмдық істің қысқарғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ермек Тұрарұлының сөзінше, қарындасын алты ай бойы алты жігіт бопсалап, қорқытып, зорлап келген. Заңгерге келген ол бұл сұмдықты дәлелдеп, сотқа жеткізу қияметке айналғанын айтады. Өйткені, қылмысқа қарсы тұруы тиіс, анықтауға міндетті құқық қорғау органдары, керісінше жәбірленушіні - күдіктіге айналдырғысы келеді екен.
"Тергеуші айғақтардың бәрін өртеп тастадым деп, қол қойдырып алып кетеді. Ертесі күні тергеу бөлімінің бастығы Әбдірахманұлы Айдархан деген сен неге елге жала жауып жүрсің, арызыңды қайтып ал, әйтпесе, әйеліңді соттаттырам дейді", - деді жәбірленушінің ағасы Ермек Тұрарұлы.
Оның айтуынша, 16 жасар жасөспірім, 2018 жылдың қазан айы мен 2019 жылдың наурызы аралығында өзін қорқытып, қорлық көрсетіп келгендердің қылмысын айтудан қорқып жүргенде, бұл сұмдықты қыздың әкесі білген. Мал қорадағы қан іздері мен қылмысқа дәлел болар айғақ заттарды тауып алған күні, яғни 2019 жылдың 9 наурызы күні жасөспірімнің анасы Панфилов аудандық полиция бөліміне шағымданған. Бірақ сол күннен бері іс әлі сотқа жетпеген.
"Алты адамның ішінен біреуінен шәуіті шыққан, ол расталып отыр. Екіншіден, Whatsapp жазбалары бар. Оны толыққанды алмаған тергеушілер. Үшіншіден, кәмелетке толмаған қыз, онымен қарым-қатынаста болған адамдарды бірден беттестірген", - деді заңгер Камиша Есмұхамбетқызы.
Зорлық ісіне қатысты айғақтан өзге, бопсалау, қорқыту хаттарын да тергеушілер ескермеді, дейді жәбірленушінің ағасы.
Ермек Тұрарұлының сөзінше, "олар қызға сенің қорланған сәтіңді видеоға түсірдік, егер ол тарап кетпесін десең, айтқанымызға көнесің" деп 11 сынып оқушысын қорқытып келген.
Ал, Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді.
"Қылмыстық процеске қатысушылардан жауап алу, беттестіру, бес сот сараптамасы секілді Қылмыстық іс-жүргізу кодексімен қарастырылған жедел, тергеу іс-шараларының кешені өткізілді, олардың нәтижелері бойынша зорлау дерегі расталған жоқ. Қылмыстық іс тоқтатылды", - деді құзырлы органда.
Алайда жәбірленуші тарап істің қысқарып қалғанын естімеген.
"Алты адамнан зәбір көрдім"деген жәбірленуші, ел президентінен көмек сұрады.
"Менің болашағым бар. Кейін күйеуге шығам, үйленем. Ата-анамның намысын жерге таптадым. Қазір олардың бетіне қарай алмаймын. Бірге шәй іше алмаймын. Жазасын берсін. Мен тек қана президенттен қолдау күтем, жазасын беріп, түрмеге қамалып, жазасын алса екен", - деді жәбірленуші Айгүл.
Жәбірленуші мен жақындары бұл істі назарға алуын сұрап Бас прокуратураға да шағым жолдады.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
