Астанадағы 78 құрылысты рейдерлік жолмен басып алған: Мердігерлер сотқа шағымданды
Астанадағы 73 үлескер мен құрылыс салушы мердігердің құрбаны болды. 2018 жылы басталған көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы 35% ғана аяқталған. Құқық қорғау органдары да істі тергемеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Астаналық тұрғынның айтуынша, жерді және бизнесті рейдерлік басып алу жаңа форматқа ие болған. Ол 2014 жылдан бері меншігінде тұрған Кенесары хан – Шевченко көшелерінің қиылысында салынып жатқан нысаны бар жерден айырылып қалуы мүмкін екенін айтады. 2018 жылдан бері олар 3 миллиард теңгеден астам инвестиция құйып үлгерді. Жұмыс 35% ғана орындалды.
"Ер-Тау" ЖШС директоры Мұрат Тасов басқа мердігер компанияның құрылысты аяқтау үшін көмек сұрағанын айтты.
"2020 жылдың желтоқсан айында маған "Нұрлы жол – 2008" ЖШС тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға көмектесу туралы ұсыныспен жүгінді. Содан кейін біз тек құрылыcтың алдын ала келісімшартына қол қойдық. Бір айдан кейін сату туралы хабарландырулардан кездейсоқ пәтерлерімізді көріп қалдық. Осылайша "Нұрлы жол 2008" ешқандай құқығы жоқ үлескерлерді тартып, "Ер-Тау" ЖШС меншігіндегі аяқталмаған құрылыс нысанының пәтерлерін сатып жіберген. Сонымен бірге олардың арасында қаржылық немесе басқа да міндеттер жоқ", – деді Мұрат Тасов.
Белгілі болғандай, мердігерлер 408 пәтердің 89-ын сатқан. Содан кейін мердігер оларды сотқа берген. Бірақ соңында жәбірленуші ретінде тек үлескерлер танылды. Ал сот жер учаскесі бар нысан тұрғын үй құрылыс кооперативіне тиесілі болады деп шешім шығарған. Мердігер компанияның басшысы қамауға алынды.
Ал заңгер Жасұлан Рахымғалиев ешкімнің де заңсыз әлдекімнің мүлкін басып алуға құқығы жоқ екенін атап өтті.
"Ең бастысы мемлекеттік актілер қолда тұр. Бұл – жеке меншік. Демек сот шешімі болмаса, ешкімнің де бұл мүліктен айыруға құқығы жоқ. Бұл бірінші принципті көзқарас", – деді заңгер.
Сот шешімі шыққаннан кейін кооперативпен басқа құрылыс компаниясы келісім жасайды дейді "Ер-Тау" құрылысшылары.
“Тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруге міндеттелді. Бұл жағдайда компания қазірдің өзінде 3 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдейді”, – деді "Ер-Тау" құрылысшылары.
Адвокат Еркінбек Мыңжанов жобаның тағдырын анықтау үшін Астана прокуратурасына сауал жолдап, жауап күтіп отыр екен.
"Уәкілетті органдарда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың келісілген іс-әрекеттері біздің өтінішімізде көрсетілген қылмыстың алдын алып, оны тоқтату шараларын қолданудың орнына, әуел бастан-ақ "ER-TAU" ЖШС-нің мүлкін рейдерлік жолмен тартып алуды мақсат еткенін көрсетеді. Тұрғын үй кешенінің құрылысы өткен жылдың тамыз айынан бері тоқтап қалған. Сатып алушылар әлі пәтерлеріне кіре алмайды, ал құрылыс салушы құрылысты жалғастыра алмайды. Бұл жобаның тағдырын анықтау үшін Астана прокуратурасына сауал жолдадық, жауап күтіп отырмыз", – деп жауап берді адвокат.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 60-қа жуық үлескер екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүргенін жаздық. Премиум санаттағы баспананың жарты ақшасын алдын ала берген жұрт компания құрылысты созғанына наразы. Ақтөбенің Батыс-2 ауданында салынып жатқан премиум санаттағы үйдің алдына 60-қа жуық үлескер апта сайын жиналады. Компанияға бар ақшасын салған жұрттың төзімі таусылды. Пәтер жалдауға мәжбүрміз дейді. Олар жаппай полицияға арыз жазып жатыр.