Әскерге бармай-ақ, лейтенант шенін алуға болады: Әскери кафедра туралы не білу керек
Еліміздің бірқатар университеттерінде оқу орынының жанында әскери кафедра жұмыс істейді. Мұнда әскери міндетті бар студенттер арнайы дайындықтан өтіп, оқуды аяқтаған соң, бірден лейтенант шенін алады. Сәйкесінше, олар жауынгерлік міндеттемеден босатылады.
Әскери кафедраға қалай түсуге болады?
Әскери кафедраға 25 жасқа дейінгі сотталмаған, тек қана оқытудың күндізгі түрінде оқитын студенттер түсе алады. Студенттер ақылы және арнайы грант негізінде білім ала алады.
Әскери кафедрада оқыту үшін іріктеу ҚР ҚМ әскери кафедраға жыл сайын қабылдау жылының 1 наурызына дейін жолдайтын қабылдау жоспарына сәйкес конкурстық негізде жүргізіледі.
Әскери кафедраға құжаттарды өткізу сол жылдың 20 мамырында аяқталады. Ал медициналық куәландыру нәтижелері қабылдау жылының 31 мамырына дейін белгілі болады.
Елімізде әскери кафедраға оқуға түсу үшін студенттер төрт кезең арқылы іріктеледі:
- Бірінші кезеңде әскери-дәрігерлік сараптама органдарында арнайы әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өтеді;
- Екінші кезең бойынша студент кәсіби-психологиялық тестілеуді ойдағыдай өтуі қажет;
- Үшінші кезеңде студенттің әскери кафедраға түсуі үшін физикалық дайындығы тексеріледі;
- Төртінші кезеңде ЖОО басшысы бекіткен рейтингілік балл есебіне сәйкес конкурстық іріктеу жүзеге асырылады.
Әскери кафедра құжаттарды қабылдауды және конкурстың бірінші кезеңін өткізуді ұйымдастыру мәселелерін қадағалайды. Ал іріктеу комиссясы екінші және үшінші кезеңдерді жүзеге асырады.
Әскери кафедраға түсу үшін өткізілетін әрбір кезеңінен студент тек бір рет өтуге құқылы. Алдыңғы кезеңнен өтпеген студент келесі кезеңге жолдама ала алмайды.
- Қазақстандықтар әскери оқу орындарына қалай түсе алады
- Қазақстанда резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін: Заң тұжырымдамасы қоғамдық талқылау үшін жарияланды
Әскери кафедрада оқуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент мынадай құжаттарды тапсырады:
- Өтініш;
- Жеке куәлік (түпнұсқа немесе көшірме );
- Тіркеу куәлігі немесе әскери билет (түпнұсқа немесе көшірме);
- 3х4 өлшемдегі 2 фотосурет;
- Ата-анасының біреуінің немесе екеуінің де балаға қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжаттардың бар болған жағдайда біреуінің не қамқорлықтың (қамқоршылықтың) белгіленуін растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі
- "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 27 шілдедегі № 95 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде №12055 тіркелген) сәйкес нысандағы соттылалғандығы бар болуы немесе жоқтығы туралы анықтама;
- Спорттық разрядын,ағымдағы жылғы орындаушылардың республикалық не халықаралық конкурсындағы,соңғы үш жыл ішіндегі жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиададағы,сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша Президенттік не республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын (құжат бар болған жағдайда;
- Екі файл.
Өтінішін ұсынған студентке медициналық куәландырудан өту тәртібі бойынша жадынамамен бірге келесі құжаттар беріледі:
- Медициналық куәландырудан өту үшін жолдама.
- Белгіленген үлгідегі медициналық куәландыру картасы.
- Медициналық құжаттар мен медициналық зерттеулер нәтижелерінің тізімі.
Әскери кафедраларда оқу қалай жүргізіледі?
Әскери кафедра екі жыл оқытылады. Бұл жерде студенттер жауынгерлік даярлықпен қатар арнайы білім алады. Жігіттер үшін теориялық және практикалық оқу курсы, оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Ал студент қыздар үшін оқу-жаттығу жиынының орнына кәсіби практика қарастырылған.
Әскери даярлыққа барлығы 588 академиялық сағат белгіленген. Бұл уақыт аралығында арнайы білім беріліп, оқу-жаттығу қатар жүргізіледі.
Әскери кафедрадағы сабақтар "әскери күн" әдісімен жүргізіледі, яғни оқу кезеңінде әскери кафедрадан өту үшін арнайы бір күн беріледі.
Әскери дайындықтан шеттету ЖОО басшысының бұйрығымен мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:
- үлгерімнің төмен болуы;
- ЖОО басшысымен бекітілетін (еркін нысанда) ішкі тәртіпті бұзғаны үшін;
- науқастануы, отбасы және қызметтік жағдайлар бойынша босатуларды қоспағанда академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының 18 сағатын босатуы;
- өз еркімен;
- денсаулық жағдайы бойынша;
- ақылы негізде оқыған жағдайда оқу үшін төлем жасамаған кезде оқудан шеттетіледі.
Ескере кететін жайт, шеттетілген студенттер әскери даярлыққа қайта қабылданбайды. Тек бір жағдайда ғана студенттер бұйрық шыққан сәттен бастап бір ай ішінде оқу үшін төлем жасаған кезде қайта қабылдануға мүмкіндігі бар.
Резервтегі офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындықтың толық курсын бітірген және бітіру емтиханын тапсырған білім алушылар ЖОО бітірген соң "резервтегі лейтенант" "резервтегі медицина қызметінің лейтенанты" әскери атағын беруге ұсынылады.
2021 жылға арналған Іріктеу жоспарына сержанттар құрамының жаңа әскери-есептік мамандықтарын енгізуге байланысты, запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту үшін конкурстық іріктеуде құжаттар күндізгі оқу нысанының бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші курс (5 жылдық оқумен) студенттерінен қабылданады.
Резервтегі сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу кезеңі өтеулі негізде 1 жылды құрайды.
Еліміздегі 30 ЖОО-да әскери кафедра жұмыс жасайды. Олар:
Алматы қаласы:
- "Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті" КАҚ жанындағы әскери кафедра;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы әскери кафедра;
- С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті жанындағы әскери кафедра;
- Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы әскери кафедра;
- "Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті" КАҚ жанындағы әскери кафедра;
- "Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық хатынастар және әлем тілдері университеті" АҚ жанындағы әскери кафедра;
- "Нархоз Университеті" АҚ жанындағы әскери кафедра;
Талдықорған қаласы:
- І.Жансүгүров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Нұр-Сұлтан қаласы:
- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедра;
- Қазақ мемлекеттік медицина академиясының әскери кафедрасы;
- С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жанындағы әскери кафедра;
- Қазақ гуманитарлық заң университеті жанындағы әскери кафедра;
- Қаржы академиясы" АҚ әскери кафедрасы;
Шымкент қаласы:
- М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
- Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының жанындағы әскери кафедра;
Тараз қаласы:
- М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Қызылорда қаласы:
- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Өскемен қаласы:
- Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;
Семей қаласы:
- Семей мемлекеттік медицина академиясы жанындағы әскери кафедра;
- Қазақ гуманитарлық заң инновациялық университеті жанындағы әскери кафедра;
Қарағанды қаласы:
- Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;
- Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанындағы әскери кафедра;
Ақтөбе қаласы:
- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жанындағы әскери кафедра;
Орал қаласы:
- Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік аграрлық-техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;
Ақтау қаласы:
- Каспий технология және инжиниринг мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Атырау қаласы:
- Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Петропавл қаласы:
- М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Көкшетау қаласы:
- А.Мырзахметов атындағы Көкшету университеті жанындағы әскери кафедра;
Павлодар қаласы:
- С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;
Қостанай қаласы:
- Қостанай мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра.