Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2024 жылдан бастап резервтегі әскери қызмет пайда болмақ: Заң жобасы талқылануда

Қазақстанда 2024 жылдан бастап азаматтар ерікті түрде әскери резервте қызмет етуге шақырылатын болады. Бүгінгі күні тиісті заң жобасы талқылануда. Арнайы дайындықтан өткен мұндай жасақты мобилизация кезінде немесе табиғи және техногендік апаттарға байланысты жарияланған төтенше жағдайларда жұмылдыруға болады. 

сарбаз

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заң жобасы заңнамалық жұмыстар бойынша ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілді. Заң ресми түрде қабылданғаннан кейін резервке әскерге шақыру 2024 жылдың екінші жартылдығында және 2025 жылдың басында өтеді деп жоспарлануда. Резервте қызмет ету ерікті түрде жүзеге асырылады. 

Министрлік мәліметінше, қазіргі заманғы қарулы жанжалдар әскери сипаттағы сын-қатерлерді тек тиімді жұмылдыру ресурстары бар жетілдірілген армия бар болған кезде ғана шешу мүмкін екенін көрсетті. Бүгінде Қазақстанда соғыс уақытында қарулы күштерді адам ресурстарымен қамтамасыз етудің тек бір ғана тәсілі - халықты жаппай жұмылдыру сақталған. Десек те қазіргі таңда бұл әдіс заманауи стандарттарға сай емес. 

Бұған қоса, заң тұжырымдамасын дайындаушылар республикада жауынгерлік міндеттерді шешуге қажетті санда жеткілікті жұмылдыру ресурстары мен әскери-оқытылған резерв бар екенін атап өтті. 

"Шетел мемлекеттерінің теріс тәжірибесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін немесе соғыс жағдайын енгізу үшін айқындалған уақыт қажет екенін көрсетеді. Тез өзгеретін жағдайларға байланысты кешіктірудің әрбір минуты әскери іс-қимыл театрында күштерді жайып салуға елеулі әсер етуі не табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан соң жай-күйді төмендетуі мүмкін. Сондықтан соғыс немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың енгізілуін күтпей, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі бөлімдермен қатар қысқартылған құрам бөлімдері мен резервті де лезде өрістету қажет", - делінген құжатта.

Қарулы Күштер құрылысының басты мақсаты бейбіт және соғыс уақытында қарулы күштердің оңтайлы құрамын ұстау болып табылады. Осы міндетті шешу қарулы күштер құрылысының негізін қалайтын қағидатты іске асыруға, қарулы күштер құрамының оларға бейбіт және соғыс уақытында жүктелетін міндеттерге сәйкес келуіне және мемлекеттің экономикалық мүмкіндігін жан-жақты есепке алуға негізделеді, дейді министрліктегілер.

Ведомство өкілдері резервтегі әскери қызметті құру бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін алға тартады. Атап айтсақ, бейбіт уақытта Қарулы Күштердің санын көбейтпей, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндетапсырмаларды кәсіби орындауға дайын әскери қызметке жауапты адамдарды жұмылдыру мүмкін болады. Сонымен қатар, техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде апат аймақтарына бірінші болып резервтегі сарбаздар жіберіледі, осылайша қызметтегі әскерилерді олардың негізгі міндеттеріне кедергі келтірілмейді. 

Резервте әскери қызмет етугее шешім қабылдаған әрбір сарбазбен келісімшарт жасалады. Оқу-жаттығудың уақыты, сондай-ақ бейбіт уақытта резервтегі әскери қызметшілер қандай әскери мамандықтарда оқитынын Қорғаныс министрлігі анықтайды.

сарбаз

"Резервтегі адамдар үшін даярлық бір айда бір-екі рет, ал жиын 30 күн өткізілетін болады, жалпы алғанда бір жілда екі айдан көп емес. Бұл ретте екінші эшелон бөлімдері және шығынды толтыру үшін резерв құру мақсатында жиындар өткізу арқылы әскери-оқытылған резервті даярлау  қалған әскери міндеттілер үшін жоспарлы түрде жалғасатын болады", - делінген порталда жарияланған құжатта.

Бұдан бөлек, резервте әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің әскери техниканы жүргізулеріне рұқсат ету және оларға бекітіп беруге мүмкіндік болады. Мұндай жағдайда техника, өзін пайдалану ресурсын жойып, тек ұзақ мерзімді сақтауда тұрмай, оған қызмет көрсетіліп, тез арада қолдануға әзір тұрады. 

Мұндай шаралар техниканы ұзақ мерзімді сақтаудан шығару уақытын қысқартуға және әскери бөлімді барынша қысқа мерзімде жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге мүмкіндік береді, дейді министрлік өкілдері.

Қорғаныс министрлігі алғашқы кезеңд  бейімдеу және құқық қолдану практикасын зерделеу мақсатында резервте әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің саны мың адамға жететінін жазады. Одан әрі резервтегі адамдардың санын бірнеше резервтегі бригадаларға дейін ұлғайтуға және олармен аумақтық әскерлерді жасақтауға болады.

"Резервтегі қызмет өзінің тиімділігін көрсеткен жағдайда әрбір ұдайы әзірліктегі бригадаға бір батальонға дейін резервтегі қызметті енгізуге болады. Бригада, бір батальонды қоспағанда, қолданыстағы әскери қызметшілермен жасақталатын болады,  ал бір батальон резервтегі адамдармен жасақталатын резервтегі батальон болып табылмақ. Ұзақ мерзімді перспективада резервтегі әскери қыметті енгізу ұдайы әзірліктегі әскери бөлімдердің жауынгерлік қабілетіне зиян келтірмей Қарулы Күштер санын қысқартуға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді", - делінген құжат мәтінінде.

Резервтегі жауынгерлер тиісті мамандықтар бойынша сабақтарда немесе әскери жиындарда болған кезеңде әскери қызметші мәртебесінде болатыны атап өтілді. Ал сарбаздар даярлау жылына 60 күннен аспайды деп жоспарлануда. Бұл дайындыққа бөлімшелерге үйлестіру бойынша отыз күндік оқу-жаттығу жиындары мен айына бір-екі күн жауынгерлік жаттығулар кіреді. Сонымен бірге, әскери қызметке келген резервтегі азаматтар өз лауазымын, жұмыс орны мен жалақысын сақтап қалуын қамтамасыз ететін заң әзірлеу жоспарланып отыр. Ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы төлеу де қарастырылған. 

Айта кетсек, министрліктің баспасөз қызметі аталмыш өзгеріс халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындалғанын хабарлады.

"Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерге тұрақты негізде талдау жүргізеді. Оларға қарулы жанжалдар, сонымен қатар авариямен, пандемиямен, экологиялық апатпен байланысты төтенше жағдайлар жатады. Мұндай жағдайларда қарулы күштер мен жұмылдыру резерві қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылуы мүмкін. Бұл ретте халықаралық тәжірибе жұмылдыру резервін өрістету мен тартудың қысқа мерзімде талап етілуі мүмкін екенін көрсетеді", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Резевтегі әскери қызмет өткерушілерге әскери бөлімдерде сақтауда тұрған қару мен жауынгерлік техника бекітіліп беріледі. Әскери бөлімдер оларды сабақтар мен оқу-жаттығулар кезінде тиісті киім-кешекпен, тұратын орынмен және тамақпен қамтамасыз етуге тиіс. 

"Сабақтар мен оқу-жаттығуларда болу мерзімі әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдарының жалпы мерзіміне кіреді. Резервтегі қызмет қысқа мерзімде тиісті әскери бөлімге келуге және қойылған міндеттерді орындауға дереу кірісуге әзір, даярланған азаматтардың болуына мүмкіндік береді", - дейді министрліктегілер.

 

Талқылау