Аз ғана уақыт ішінде артық салмақтан қалай арылуға болады: Отандық маман кеңестері (видео)
Артық салмақтан құтылып, дене бітімінің мінсіз әрі әдемі болуын қаламайтын адам кемде-кем. Алайда көпшіліктің салауатты өмір салтын ұстанбай-ақ, көздеген нәтижесіне аз уақыттың ішінде қол жеткізгісі келетіні белгілі. Бұл мүмкін бе және аз уақыттың ішінде артық салмақтан арылу үшін не істеу керек? Tiger’s Pride Taekwondo Academy атты тхэквандо академиясының кәсіби спорттық клубының жетекші жаттықтырушысы Тимур Исмазов Stan.kz тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, арықтау үшін қандай жаттығулар жасау керектігін көрсетті.
Артық салмақтан арылу үшін не істеу керек?
Аптасына үш-төрт реттен жаттыққан дұрыс. Қанша сағат жұмсайтыны адамның мүмкіндігі, шамасы мен жаттығуларға байланысты. Бастысы, жаттығуды қайталап жасайтын кезде, сосын бір жаттығуды бітіріп, екіншісіне көшкенде арадағы үзіліс созылып кетпеуі тиіс. Мысалы, бір жаттығуды екі-үш реттен жасаса, бір рет жасаған соң, отыз секунд демалып, екінші рет жасайды. Толығымен аяқтап, басқа жаттығуды жасамас бұрын 1-1,5 минут демалады.
Ал тамақтану рационын қалай өзгерткен абзал?
Артық салмақтан арылу үшін күнделікті тұтынатын калорийдің мөлшерін есептеп, оны он бес пайызға азайту қажет. Сондай-ақ, калорий мөлшері ақуыз, май, көмірсумен теңдей азаюы керек. Ағзада ақуыз - 30%, май - 10% болса, көмірсу қалған 60%-ды құрайды. Негізгі салмақты біз көмірсудың мөлшерімен азайтамыз.
Бірінші кезекте, гликемиялық индексі жоғары азық-түліктен, ұннан жасалған тағамдардан, тәттіден, құрамында қанты көп газдалған сусыннан, фастфудтан бас тартыңыз. Сонда диетаны сақтап, күнделікті тұтынатын көмірсудың көлемін азайтып отырсаңыз, жаттығулар жасамай, денеге салмақ түсірмей-ақ жақсы нәтижеге жете аласыз.
Интернетте күнделікті қанша көмірсу тұтыну керектігін есептеп беретін калькуляторлар бар. Күнделікті жаяу, сосын көлікпен қанша жүретініңізді, денеңізге қанша салмақ салатыныңызды жазсаңыз, автоматты түрде қанша көмірсу жетіспейтінін немесе қанша мөлшерде азайту керектігін анықтап береді.
Алғашқы жаттығу апталарынан кейін қандай нәтиже күтпеген дұрыс?
Басында бірнеше рет жаттығып, спортпен айналыса бастаған соң, бірден, аз ғана уақыт аралығында 20-30 келі тастаймын деп ойламаңыз. Дегенмен кей адамдарда күрт салмақ тастайтын жағдайлар болады. Мысалы, адамның салмағы негізі 60 келі болуы тиіс, бірақ денесінде қажет емес майы болған соң салмағы 100 келі делік. Әрине, ол жаттығудың бірінші және екінші аптасынан кейін 15-20 келі тастайды. Денесіндегі майдың пайызы тез азаяды. Ағзасы дене пішінінің бастапқы қалыпқа келуін сұрап тұрады. Осыған ұқсас жағдайда артық салмақтан тез құтыласыз. Ал негізі жаттығуларды жасап, тамақтануды дұрыстап, ақуыз, май, көмірсу тәртібін, спорт режимін ұстанып, уақытылы ұйықтасаңыз, көздегеніңізге жетесіз.
Сонымен қатар, жаттығуларды үзбей жасаймын, спортты тастап кетпеймін деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Егер спортқа, тәртіпке деген махаббатыңыз болмаса, алғашқы кезде бәрібір жалқаулық жеңіп тұрады. Спортпен айналысқанда өзіңізден көңіліңіз қалмау үшін жаттығуларды жасаудан қашатын күндеріңіз болатынын біле жүріңіз.
Кейде адамдар қанша жаттықса да, дұрыс тамақтанса да, артық салмақтан құтыла алмайтынын айтып, шағымданып жатады? Арықтай алмауының себебі неде?
Салмақ тастамаса, бұл адам жаттығуларды бұрыс жасайды немесе жақсы жасаған күннің өзінде жұмсаған калорияларын тамақ ішіп, қайтадан жинап алады, уақытылы ұйықтамайды дегенді білдіреді. Кейде спортпен қанша айналысса да, дұрыс тамақтанса да, уақытылы ұйықтамаған соң, адам арықтай алмайды. Салмақ тастауда немесе оны қосуда ағза жұмысына жауап беретін ішкі гормондардың рөлі зор. Залда немесе үйде жаттығу жасағаннан кейін ағза тынығып, қайта қалпына келуі үшін жақсылап ұйықтау керек. Залда қиын жаттығуларды жасап, жаттығатын болсаңыз, түнгі 11-12-ге дейін төсек салып, 8 сағат ұйықтауыңыз қажет. Үйде жаттықсаңыз, алты сағаттық ұйқы жеткілікті болады.
Исмазовтың айтуы бойынша, спортқа деген махаббатын ояту үшін адам өзінің жанына жақын, өзіне ұнайтын спорт түрімен айналысуы керек. Артық салмақтан арылуға немесе керісінше салмақ қосуға арналған жаттығуларды жасағанда бірден үлкен нәтиже күтуге болмайды. Мақсатыңызға жету үшін күнделікті жаттықсаңыз, қалаған нәтижеңізге жетесіз.
Тимур Исмазовтың Instagram желісіндегі парақшасы: timur.ismazov
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
