Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкем тамақты жалап ішуге мәжбүр болған": Арон Атабектің қызы ақынды қайтыс болғаннан кейін ақтау үшін күресіп жүр

Арон Атабекті өлімінен соң ақтау мәселесін жалғыз қызы Алма Нутушева көтеріп жүр. Қазіргі уақытта саяси құрбанның ақталуын қолдап, халық петицияға қол қойып жатыр. Алайда бүгін ғана Бас прокуратура ақын қызының өтінішін қанағаттандыра аламайтынын жазып, жауап берген. Арон Атабекті ақтау мәселесіне қатысты құқық қорғаушылар да пікір білдірді. Stan.kz тілшісінің материалынан толығырақ оқыңыз.

Құқық қорғаушылар Ғалым Нүрпейісов, Евгений Жовтис, Арон Атабектің қызы Алма Нутушева

17 маусымда Бас прокуратураның берген жауабында Алма Нутушева әкесінің қорғаушысы ретінде өтініш беруге құқығы жоқ екені жазылған.

“Ресми хатта мен өз әкемнің қорғаушысы ретінде өтініш беруге хақым жоқ екен. Сөйтсе менің әкем тірі кезінде мені қорғаушы ретінде бекітуі керек екен. Прокуратураның пікірінше, марқұм әкем Арон Атабек өзінің қайтыс болуын болжап, алдын ала қамдануы тиіс екен? Ал менің әкем о дүниелік болып кетті, бірақ оның қызы екенімде ешкімнің шаруасы жок секілді. Қазақстанның заңгерлері мен құқық қорғаушыларынан түсініктеме күтемін! Орындаушының айтуы бойынша, қалған талаптарға жауап прокуратурадан болады, – деді Алма Нутушева.

Атабектің қызы Алма Нутушева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа петицияға негізделген хат жазған. Сөзінше, президентке бағытталған хаты Қылмыстық атқару жүйесінен бір-ақ шыққан.



Сөзінше, туған қызы ретінде іске қатысты тәуелсіз сараптама жасау құқығынан айырылған.

“Әкемнің аяғынан бөтен зат табылды. Өлімінен соң әкемнің аяғын “ашып”, сараптама жасауға өтініш жібердім. Қазіргі уақытта мен Әуезов ауданы прокуратурасына шағым түсірдім. Себебі олар заттай деректер мен атап өтілген бөтен затты жойып жіберген. Осылайша мені тәуелсіз сараптама жасау құқығынан айырды. Бұл процесс әлі де созылып келеді”, – дейді Алма.

Қызының сөзінше, алаяқтар Арон Атабектің еміне деп қызының атын, туыстарының атын жамылып ақша жинаған. Оларға қатысты да ешқандай әрекет қолға алынбаған.

Тағы бір мәселе – әкелікті анықтауға байланысты дау. Алма Медеу сотына әкелікті анықтау бойынша әділетті емес шешім шығарғаны үшін аппеляциялық шағым түсірген.

“Құжат бойынша мен – әкем Арон Атабектің жалғыз қызымын. Айдархан Айдана есімді әйел әкем ес-түссіз жатқан уақытта сотқа арыз берген екен. Әкемнің бұрынғы әйелі Жайнагүл Айдарханның балаларын әкем өз балаларындай қарап өсірді. Алайда 15 жыл түрме қабырғасында өткізген оған бұл отбасы ешқандай көмек берген емес. Сонымен қатар барлық активтер, халық тарапынан келген қайырымдылық қаражаты, меценаттар сыйлаған мүліктің барлығы да осы отбасының қалтасына түскен. Бақилық болар алдында әкем өзіне туған інісі сыйлаған үйді қайтаруын сұраған, бұл да орындалған жоқ.

Тәрбиелеп өсірген балаларын әкем асырап алмаған, себебі олар туған балалары емес еді. Әрине, бұл менің жеке өз ойым. Көзі тірі кезінде мені өзінің жалғыз қызы ретінде атады. Алайда әкелікті анықтау соты барысында шағым беруші тараптың ғана мүддесі қарастырылды”, – дейді Нутушева.

Айтуынша, Атабек өсіріп баққан әйел өзін ақынның қызы ретінде мойындалғанын қалаған.

“Әкем бұл сәтте өлім аузында, ес-түссіз жатты. 30 жыл бойы құжаттарында әкемнің есімі болмағаны оны алаңдатпаған екен. Өлім алдында жатқан уақытта арыз түсіріпті. Мені таңғалдырған, жаға ұстатқан жағдайды айтайын, бұл әйел әкемнің үстінен арыз жазып, белгісіз жолмен клиникада жатқан оған кіріп кеткен. Алайда оған тек менің ғана кіріп-шығуға рұқсатым бар еді.  Ол ауруханаға алаяқтық жолмен кіріп, комадан шыққанына бірнеше күн өткен әкем атына сотқа арыз жазғаны туралы айтады. Бұл уақытта бүкіл Қазақстан болып Арон Атабек комадан шықты деп қуанған едік. Ал ол осы оқиға туралы ұялмастан интернетке пост салған. Осы оқиғадан бірнеше күннен кейін әкем көз жұмды. Оның қандай жағдайда қайтыс болғанын барлықтарыңыз көрдіңіздер”, – дейді қызы Алма.

Нутушева қылмыстық іс аясында алынған ДНҚ, басқа да сараптамаларды биоматериалдар негізінде тағайындауды соттан сұраған. Алайда сот оған бұл мүмкіндік берген жоқ.

“Мені ДНҚ сараптамасын қымбат, танымал да емес жеке клиникада тапсыруға мәжбүрледі. Емхананы таңдау құқығын да берген жоқ, қайта тапсыруға да рұқсат бермеді. Тіпті Медеу аудандық соты маған әкемнің биоматериалдары мен ДНҚ сараптамасын тапсыруға рұқсат бермеген сәтте полиция биоматериалдармен қоса, денесінен табылған бөтен затты жоюға шешім шығарды. Бұл жерде қитұрқы іс-әрекеттердің орын алып жатқаны көрінбей ме?” – дейді Алма.

15 жыл бойы жалғасып келген азаптаулар жайлы қызы толығырақ айтты. Арон Атабек бетонның үстінде ұйықтауға мәжбүр болған, оған мүлдем тамақ берілмеген дейді қызы.

“Әкем “иә, мені тамақтандырмады, мен тамақ ішпедім” деп мойындады. Оған тамақ әкелген уақытта қасықты өз қолымен ұстауға шамасы келмеген. Сол себепті табақтағы тамақты жалап ішуге мәжбүр болған. Түрме қабырғасында әкеме деген қарым-қатынас осындай жағдайда өтті. Мемлекет тарапынан абақтыда отырған адамдардың жағдайы үшін үлкен қаражат бөлінеді. Қазақстанда адам құқығы туралы заң да бар, барлығымыз соны ұстануға тырысамыз.

Әкем 47 келі салмақпен түрмеден шықты, түрмеге дейін салмағы 80-нен көп болған. Бұл нені білдіреді? Әкеме тамақты дұрыс бермегені, тамақты жалап ішкендігі – адам құқығының тапталғандығын көрсетеді. Мен мұның барлығын біздің елде қандай жағдайлар орын алып жатқандығын адамдар білсін деген ниетте айтып отырмын”, – деді Нутушева.

Арон Атабектің өмірден өтуінің ресми себебі ретінде өкпе жетіспеушілігі деп аталған.

“Ұзақ жылдар бойына жалғасып келген азаптаулар өз нәтижесін берді, Арон Атабек қаза тапты. Оны сыртқа шығарып, өлімін күтуге жіберді. Реанимациялық жағдайда жүрегін соқтыру кезінде бес қабырғасын сындырып жіберген. Мен тіпті білмеймін, ойым сан-саққа кетеді. Бәлкім әкемді құлатып алды, бәлкім әкеме қатыгездік танытты. Павлодар қалалық полиция қызметкерлерінің өзі қорлық көрсеткен. Бір апта бойы қолындағы кісенді шешпеген. Үш күн бойына анализ тапсыруы қажет деген желеумен мүлде тамақ бермеген. Осылардың барлығы Арон Атабекке деген адам ретінде қарым-қатынас жасамау көрінісі”, – дейді ақынның қызы.

Алма қазіргі таңда өміріне қатысты қауіп төндіру фактілері бар дейді. 

“Әкемнің шығармашылығын жариялап жүргенім, оны ақтау үшін күресім үшін бе? Әкемді сан жылдар азаптап, маған қызы ретінде ауыр тигені үшін бе? Мен мүлде түсінбеймін. Мен барлық жерде кедергіге тап боламын. Мені қолдайтын мыңдаған адам бар, алайда барлығын заң жүзінде шешуге маған билік мүмкіндік бермейді. Біреулердің тапсырысымен жүрген арандатушылар өміріме қауіп төндіріп келеді”, – дейді Алма.

Құқық қорғаушы Ғалым Нүрпейсов Қазақстанда соттарда саяси тұтқындар жоқ деген пікір айтады, бұл жалған дейді.

“Арон Атабек – Желтоқсан оқиғасына қатысты заңды және саяси бағасын беруді көтерген алғашқылардың бірі. Қазақстан 20-ғасырдағы трагедияларға қатысты саяси бағасын бермеген ТМД елдері ішіндегі жалғыз мемлекет сияқты. 37-жылдар үшін, ашаршылық, тіпті 86-жылдағы оқиға үшін де.  Яғни осы оқиғалар туралы саяси декларация болмаған жағдайда белгілі бір деңгейде дұрыс шешімді шығару мүмкін емес.

Бүгінгі таңда өзінің азаматтық позициясын, жеке көзқарасын білдіргені үшін сотталған азаматтар бар. Криминалды ой не болмаса криминалды тұжырымдар болмайды, криминалды іс-әрекеттер болады. Біздің соттар бұған қарамайды, өзгеше көзқарасы барларды жауапқа тартады”, – дейді ол.

Саяси ақтау – бұл үкімнің күшін жою ғана емес, бұл басқаша механизм, адам құқығының шектелгенін мойындау дейді құқық қорғаушы.

“ҚР-ның 1995 жылғы Конститтуциясының 20-бабында “Қазақстан Республикасының азаматы заңды түрде кез келген мүлікке ие бола алды деп жазылған”. Арон Атабек өзінің мүлкін қорғаған адамдарға шыққан. Бұл оқиғада көп адам зардап шекті. Көбі түрмеге қамалды. Қылмыстық процессуалды кодексте ақтау туралы бөлім бар. Ол үшін үкімді айыптау керек. Ал енді саяси ақтау туралы айтайық, бұл – мемлекеттің қателескенін мойындауы. Жәбірленушінің барлық құқығын ақтауы. 

Алма Бас прокуратураға хат жазған. Ал енді прокуратура үш айдың ішінде ІІМ, ҰҚК, Десаулық сақтау министрлігіне жіберіп, қорытындысын алу керек. Содан соң прокуратура өз шешімін шығарады. Бұл шешімге шағым түсіруге болады. Алманың хатының бір жерден екінші жерге өтіп кетуінің себебі Прокуратураның құзіретсіздігін немесе мәселені қарастыруға мүддесіздігі деп есептеуге болады. Бұл жерде Арон Атабектің есімін шығаруға саяси мүддесіздікті көреміз деп айта аламын”, – дейді Нүрпейісов.

Сонымен қатар, бізге өз тарихымызды өз бетімізше бағалауымыз керек, сонда ғана адам құқығы туралы айта аламыз дейді құқық қорғаушы. 

Тағы бір құқық қорғаушы маман Евгений Жовтис Арон Атабектің мәселесі нағыз саяси тұтқынның мәселесі екенін көруге болады дейді.

“Заманауи Қазақстан тарихында саяси мәні бар және құқықтық салдары болған бірнеше оқиға болып өткен. Осыларға 1986-жылды, “Жаңаөзен” оқиғасын, “Шаңырақ” және “Қаңтар” оқиғаларын жатқызамын. Мұнда саясат құқықпен астасып жатыр. Демек саясат басым тұрған жерде, құқық тапталады. Бұл оқиғаларда әдетте себеп болады, қатысушылар және жәбірленушілер болады. Бұлардың бәрінде ақиқат анықталған жоқ. Бұған қатысы барлардың бәрі жауапкершілікке тартылмады. 

Саяси тұтқынды қалай анықтаймыз? Сот таққан кінә, сот процесі, тәуелсіз соттың жоқтығы саяси мүддені көрсетеді. Арон Атабектің мысалында процестің өзінен және оның мазмұнынан көрініп тұрды. 
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда саяси процестердің әділ өтуіне үміт арту мүмкін емес”, – дейді ол.

Ақынның қызы жақында әкесінің жазбалары мен өлеңдерінің негізінде кітап шығарған. Алайда Арон Атабек атымен қор аша алмай жатқанын айтады.

“Оның атын пайдалануға кедергі келтіруде. Мақсатым – әкемнің шығармашылығын жеткізу, тарату. Өзімнің саясатқа еш қатысым жоқ. 

Одан еркіндікті, денсаулығын, барлық күш-қуатын тартып алды. Бірақ рухани күшін, Қазақстанға үлесін ешкім тартып ала алмайды”, – дейді ақынның қызы.

Арон Атабек 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізді. 

Талқылау