Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жалған спортшылар спорттық марапаттарды негізсіз алған

Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында қазақстандық аралас жекпе-жек спортшысы Арман Әшімовтің жалған спортшыларға "ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы" және "ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері" спорттық атақтарын негізсіз беру туралы видеоақпарат тексерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ordasport.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған жарияланымға уақытылы ден қойып, сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Агенттіктің ұсынысы бойынша жалған спортшылар спорттық атақтарынан айырылды.

Жемқорлық қаупін сырттай талдау қорытындысы бойынша агенттік туризм және спорт министрлігінің атына жемқорлық қаупін жою бойынша ұсыныстар енгізді.

Агенттіктің дерегінше, спортты теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік туралы халықаралық стандарттарды ратификациялау, жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыру, қаржыландыру нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін спорт, инфрақұрылым, спорттық іс-шаралар мен жетістіктер саласында айналысатын адамдар бойынша толық деректерді қамтитын Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу ұсынылды.

"Бұл спортшылар, инфрақұрылым, жарыстар мен жетістіктер туралы бірыңғай деректер қоймасын құруды көздейді және спорт саласындағы жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін елімізге танымал аралас жекпе-жек шебері Арман Әшімов жалған атақ-дәреже жасатып алған бапкер мен шәкіртті заңды түрде жазалауды сұрағанын жазған едік. 

Талқылау