Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 мыңның дәрісін 45 мың теңгеге сатып жатыр": Қазақстанда дәрілерді заңсыз сатқандармен күрес басталып кетті

Елімізде эпидемиологиялық ахуалды пайдаланып, дәрілерді айналымға қымбаттатып шығаратын алыпсатарлар көбейіп кетті. Қазақстанның бірқатар аймақтарында оңай жолмен пайда көрмек болғандардың жолы кесілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

дәрі

"Масқара! Масқара! дексаметазонның бір ампуласын 1600 теңгеден сатып отыр. Бір қораптағы 25 данасы 2 мың теңгедей тұратын. Сонда неше есе қосып сатып отыр?! 25 штугы 1600-ден болғанда, 40 мың теңге болайын деп тұр. 2 мың тұрған нәрсені 45 мыңға сатып жатыр. Барлық жерде жасырып, қымбатқа сатып жатыр! Чек бермейді. Бұл не деген сұмдық?!", - деп күйінді дәрігер травматолог Асқарбек Қамбарбеков .

Мәселен, Атырауда косметикалық клиниканың тапшы дәрі-дәрмекті заңсыз сатып келгені әшкере болған. Бұл жағдай Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті полиция және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерімен бірігіп жүргізген рейд барысында анықталыпты. 

Департамент өкілдерінің хабарлауынша, қаладағы жеке косметологиялық клиникада бірнеше дәрі-дәрмек лицензиялық құжатсыз әрі заңсыз сатылған. Оның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың туыстары таба алмай жүрген азитромицин мен ингавирин секілді қат дәрі-дәрмек болған. Клиникадан 636 орама парацетомол, 1519 дана цефтриаксон, 1000 орама ацетилен қышқылы, 233 ампула лидокаин, 12 орама цитрамон, 3 орама азитромицин, 117 ампула дексаметазон және өзге де дәрі-дәрмектің 5 мыңнан астам данасы табылған. Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 214-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Көкшетауда жергілікті тұрғын тапшы дәрілерді түнде тығылып сатқан. Ол қалада тапшы препараттарды интернет арқылы сатқан көрінеді. 

"6 шілдеде полиция қызметкерлері Көкшетау қаласының 42 тұрғынының дәрілік препаттарды баға қосып сатып жатқандығын анықтады. Олардың арасында өз үйінде «дәріхана» ашып, түнгі уақытта препараттарды сатумен айналысқан ер адам бар. Жедел алдын алу шарасы кезінде кәсіпкер ұсталып, оның заңға қайшы қызметі әшкерленді», - деп атап өтті департаменттен. Ұсталған адамның үйін тінту кезінде ақша мен дәрілік препараттар: 30 қорап Ибуфен, 10 қорап асперин және 10 қорап парацетамол таблеткалары тәркіленді. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды", - делінген ресми хабарламада.

Тергеу шаралары жалғасуда екен. 

Дәріні заңсыз қымбаттатып жібергендер Ақтөбеде де анықталып отыр. Желіге жүргізілген мониторинг кезінде цефтриаксон дәрісінің әр ампуласын 1 000 теңгеден сатқан адам ұсталыпты.

"Бұл антибиотиктің әр ампуласы 150-200 теңге болуы тиіс. Жедел іс-шара жүргізу барысында 27 жастағы ер адам ұсталды. Полиция қызметкерлері 31 және 26 жастағы екі ақтөбелікті бөлімшеге жеткізді. Олар әлеуметтік желі арқылы дәрі-дәрмек сатқан. Ер адамнан ингавериннің 60 ампуласы, центриаксонның 300 ампуласы мен дексамезонның 29 ампуласы тәркіленді. Екіншісінен цефтриаксонның 3 ампуласы, цефазалиннің 50 ампуласы, азитромициннің 3 ампуласы алынды. Барлық факті бойынша тексеру басталды", - деп мәлімдеді облыстық ПД өкілдері. 

Оңай олжаға кенелмекші болғандардың қатарында шымкенттіктер де бар. ҚР ҚМ қаржы мониторингі комитетімәліметінше, Шымкент қаласының тұрғыны «Ингавирин» тапшы препаратын заңсыз сатумен айналысқан.

"2020 жылғы 5 шілдеде дәрі-дәрмектердің тапшылығы жаңдайында COVID-19 пандемиясымен күрес кезеңінде Қаржы мониторингі комитетінің Шымкент қ. бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел ақпарат негізінде тапшы дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактісін анықтады. Жедел-іздестіру шараларының қорытындысы бойынша Шымкен тұрғыны жалпы сомасы 200 000 теңгеге «Ингавирин» дәрі-дәрмегін рұқсаттық құжаттарсыз заңсыз сатумен айналысқаны анықталды. Яғни, ол 1 қорабын 10 мың теңгеге сатып отырған, ал бұл дәріханалардағы бағадан бірнеше есе қымбат (бағасы 3-5 мың теңге аралығында)", - деді комитет өкілдері.

Айта кетейік, 2019 жылғы 15 шілдедегі ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес «Ингавирин» препаратына 1 қорабы үшін 5640 теңге шектеулі бағасы орнатылған.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалды.

Соңғы кездері ел ішіндегі әбігерді пайдаланып ақша тауып қалатындардың саны күрт артқан. Мысалы, осыған ұқсас жағдайлар Өскеменде, Нұр-Сұлтанда, Қарағандыда да анықталған.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте тегін берілуі керек болған дәрілерді заңсыз сатқан азаматтардың ұсталғаны жайлы айтылған еді. 

Талқылау