Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Мәсімов пен Қожамжаров тергеуге ықпал етті": Депутат Бәпи ЭКСПО ісі бойынша сотталған Ермегияевті заңсыз сотталды деп есептейді

Фото: kzenergy.kz / Депутат Ермұрат Бәпи және Талғат Ермегияев

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Бас прокурор Берік Асыловқа жіберген депутаттық сауалында "ЭКСПО ісінде" аты-жөні аталмаған, "қытайдың ала сөмкесімен пара алған" ықпалды тұлғаның жауапқа тартылмағанына назар аударады. Депутат дәлелсіз Талғат Ермегияевке жүктелген айыпты заңсыз деп есептейді. Сонымен қатар параны алғандар көрсетілгенімен, нақты кім бергені тергелмегеніне күмән келтіреді. Психикалық науқас адамның куәгер болуы мен "Рона" ЖШС-нің офшорға ақша аударуы да ескерілмеген дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи жуырда бірқатар интернет ресурстарда бұрынғы ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты жарияланғанын атап өтті.

"Еске сала кетейін, бұл азамат кезінде елдің құқық органдары мен қазақстандық медиа "жер жарған жемқорлық шырғалаңы" деп атаған "ЭКСПО ісі" бойынша 14 жылға сотталған басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен бірге 4,5 жылға қамалып, шартты мерзіммен босап шыққан еді. Тағы да депутат әріптестерімнің есіне салайын, ресми деректер бойынша, ЭКСПО-ның құрылысына мемлекеттен 565 миллиард 100 миллион теңге (сол кездегі бағам бойынша 2,1 миллиард доллар) бөлінген еді. "ЭКСПО ісі" бойынша осы қаражаттың (жалпы жиыны) 10 миллиард 200 миллион теңгесі талан-таражға түсті деген желеумен 23 адам жазаға тартылған-ды", – деді депутат.

Депутат Бәпидің сөзінше, бүгінде әлеуметтік желілерді шарлап жүрген, интернет ресурстардың қазақстандық сегментінде қоғам қызу талқылаған тақырыптардың біріне айналған осы сұхбатта "ЭКСПО жемқорлығына" қатысты жаңа жағдаяттар жария етілген.

"Ең бастысы, сұхбат спикері Омаров мырза бұл жемқорлықты "саусақтан сорылған", жалған және жасанды деректер негізінде "қара жіппен көктеліп" жүргізілген іс деп, Бас прокуратура мен кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған "Антикор" агенттігін ашық айыптайды. "Иә, ЭКСПО-да жемқорлық қылмыс болған, бірақ ол жемқорлықты Ұлттық компанияның басқармасы емес, елдің кезіндегі саяси басшылығы тағайындаған басқарма бастығының кеңесшісі жасаған" дейді сұхбаттың спикері. Сотталушылар кезінде ашық айтудан қаймыққан ол кеңесшінің аты-жөні – Айдос Есполов. Оны "анықталмаған тұлға" деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен "Антикордың" экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров деп көрсетеді сұхбат беруші. Міне, сұхбатта айтылған басқа айыптауларды есепке алмағанда, қоғамға кеңінен тараған осы жазғыруға қатысты тиісті органдар тарапынан жауап берілуге тиіс еді. Бірақ біздің Бас прокуратура мен "Антикордың" ресми өкілдері ауыз ашпады", –деді мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи.

Мемлекеттік күштік құрылымдардың қызметіне көлеңке түсіріп, азаматтарды қудалауға қатысты қылмыстық істердің "қолдан жасалатыны" туралы айыптаулар мен қоғам тарапынан күдік туғаннан кейін, Бәпи осы сұхбатта айтылған жаңа деректерді нақтылау мақсатында Мұрат Омаровпен және оның, сондай-ақ Талғат Ермегияевтың адвокаттарымен бірнеше рет кездескен. Ол жалпы көлемі 500 томға жуық қылмыстық істің негізгі материалдарымен танысқан.

"Бұдан соң бұл жағдаятты "жаңадан жария болған жағдай" (вновь открывшиеся обстаятельство) деп бағалай отырып, сұхбатта айтылған деректер негізінде Бас прокуратура тарапынан мынадай сұрақтар төңірегінде жаңадан тексеріс жүргізілуін сұраймын (Құрметті Бас прокурор мырза, қозғалып отырған мәселенің егжей-тегжейі жазылған депутаттық сауалдың жазбаша нұсқасын Сізге қосымша жолдаймын):

  1. Сол кездегі ел басшылығы басқарма төрағасына "кеңесші" ретінде қосып берген және сұхбатта айтылғандай, "параны бірнеше рет қытайдың ала сөмекесімен алған" адам кім? Айыпталушылар тергеу барысында және сот процессі кезінде аты-жөнін атап, одан жауап алу талап етілсе де, "анықталмаған тұлға" ретінде ол адам қылмыстық істен неге алып тасталды?
  2. Айыптау қорытындысы мен сот ісінде заңсыз сыйақы алған "анықталмаған тұлғаның" аты-жөні өшіріліп, оның орнына ешқандай дәлел-дәйексіз Талғат Ермегиявтың сотталуына байланысты прокурорлық баға берілуге тиіс деп есептеймін!
  3. Тергеуден кейін 23 бірдей азаматтың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына желеу болған пара беруші "сенімді өкіл" кім? Тергеу барысында және сот кезінде пара беруші адамның анықталмағаны қалай? Параны алушы – бар, ал беруші кім?
  4. Басқарма басшысына пара беру фактісіне қатысы бар деп қылмыстық істе көрсетілген, бірақ психикиялық ауру ретінде тіркеуде тұрған адамның тергеу мен сотқа куәгер ретінде тартылуы заңды өрескел бұзу фактісі. (Бір қызығы – жүйке ауруына ұшыраған бұл куәгер сотқа дейін аурулар тізімінен шығарылып, сот біткен соң қайтадан есепке алынған).
  5. ЭКСПО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған "Рона" серіктестігінің (ЖШС) басшылығы ЭКСПО-дан түскен қаражатты офшорға аударып жатқаны тергеу барысында және сот барысында неге назарға алынбады?" – деді мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи.

Ермұрат Бәпи сауалында бас прокурорға әділеттің ешқашан жарты кеш болмайтынын және "Әділетті Қазақстан" идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келді деп атап өтті. 

"Бұл сияқты "пара беру" және "жемқорлық" желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке дара билік "қолынан жетектеп апарып соттатқан" тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты істер бар. Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептеймін! Ал "ЭКСПО ісіне" қатысты ақиқат толығымен анықталып, нақты жазықтылар жауапқа тартылып, бейкүналар ақталуға тиіс! Сондықтан осы депутаттық сауалда көтерілген және Сізге жолданған жазбаша нұсқада егжей-тегжейі көрсетілген деректер бойынша "ЭКСПО ісіне" оралып, елдің Бас прокуроры ретінде сот үкіміне "протест" беруіңізді сұраймын!", – деді Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында.


Жемқорлық үшін 17 жылға сотталған Атыраудың экс-әкімінің сакура тамашалап жүрген видеосы тарады


Астанадағы LRT құрылысы бойынша ақша жымқырды деген күдіктілердің бірі анықталды – Интерпол


Еске салайық, бұған дейін Талғат Ермегияев 2016 жылдың маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол қомақты көлемде пара алды деп айыпталған. Ермегиявтің түрме басшыларының арқасында емін-еркін шалқып өмір сүргені хабарланған-ды. Сондай-ақ оның колония ішінде жүріп тағы қандай тәртіп бұзғаны анықталды. "Экспо-2017" ұлттық компаниясының экс-төрағасы, жеке аспазшы жалдап, телефон ұстап қана қоймай, ресми әйелімен де және азаматтық некедегі жарымен де емін-еркін көрісіп тұрған. Оған қоса сотталушының заттарды бөлшектеп қораптайтын цехтың ішін жөндетіп, оны өзінің жеке пәтеріне айналдырғаны расталды. "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысының қорғаушысы Алла Котлова Талғат Ермегияевтің ісі соттан сұратып алынып, тексеруге жіберілгенін мәлімдеген еді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 14:31
Талқылау