Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі
Фото: sanekgondar желідегі парақшасынан
Қазақстандық тұрғындар RAMS Qazaqstan компаниясының кейбір жобалардағы пәтерлерді уақытында тапсырмауына наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерде уәделердің орындалмай отырғанын ашық жариялады. Ал компания өз кезегінде ребрендинг жүргізіп жатқанын, барлық міндеттемелерді орындап, құрылыс жұмыстары қалыпты режимде жүріп жатқанын мәлімдеді. Осы ретте Stan.kz компания қашан құрылғанын және қандай көлемде салық төлегенін зерттеп көрді.
Бірнеше нысанда мәселелер ушығып тұр
Қазақстандағы ірі құрылыс компанияларының бірі RAMS кейінгі уақытта қоғам талқысынан түспей жатыр. Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында RAMS және онымен аффилированген ұйымдар құрылыс саласындағы талаптарды бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылғанын айтқан еді.
Компанияға айыппұлдар келесі нысандар бойынша салынған:
RAMS City – 9,97 миллион теңге
Signature – 7,75 миллион теңге
NEF Uptown – 5,54 миллион теңге
Beyond – 4,06 миллион теңге
Rams Garden – 4 миллион теңге
RAMS Evo – 4 миллион теңге
Айыппұлдан соң компания көп жағдайда кемшіліктерді түзеп, нысандарды пайдалануға бергенімен, тұрғындар тарапынан шағым азаймаған.
Мәселен, Алматыдағы RAMS City тұрғын үй кешенінің салымшылары да шыр-пыр болып отыр. Желі қолданушысы Диля Шарафутдинова өз тәжірибесін бөлісіп, нақты мерзімдер бойынша наразылығын білдірген.
"2022 жылы 24 маусымда мен Rams City жобасынан пәтер сатып алдым. Договорда оның берілетін уақыты 2024 жылдың бірінші тоқсаны деп көрсетілген еді. 2024 жылы күттім, 2025 жылы шаршадым. Көктемде кілтті тамызда аламыз деді, тамызда қарашаға шегерілді, ал қазір 2026 жылдың ақпаны деп айтылады. Сайтта жаңа комфорт деңгейі туралы жазылған, бірақ мен үшін бұл жаңа деңгейдегі ыңғайсыздық!" – деді Диля Шарафутдинова.
Айта кетейік, былтырлары да Алматыда RAMS City тұрғын үй кешенінің пәтер иелері компанияның объектінің тапсырылу мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға шегеруіне наразы болып, сатылым бөліміне жиналған еді. Салымшылар көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізуді банк несиесі арқылы жоспарлаған, бірақ күте-күте амалдары таусылған.
Krisha.kz сайтында RAMS City тапсыру мерзімінің бірінші кезегі 2023 жылдың екінші тоқсаны, ал екінші кезек – 2025 жылдың екінші тоқсаны деп белгіленген. Пәтердің м² үшін 650 000 теңгеден бастап сатылған.
Сол уақытта компания өкілі тұрғындар шағымдарына келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, кешеннің басым бөлігі салынған, сондықтан жоба мерзімінен кешіксе де, жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді. Дегенмен бастапқы тапсырылу мерзімі 2023 жылдың желтоқсанында өтіп кеткен, кейін 2025 жылдың 16 наурызына шегерілген. Тұрғындар өздерінің ақшаларын қайтара алмай отырғанын, компания олардан 20%-ын ұстап қалу арқылы қорқытып отырғанын айтады. Олар шағымданғандай, компания бастапқыда кездесуге келіп, сұрақтарына жауап беретінін айтқанымен, жағдай шиеленісіп кеткен. Кілттер 2023 жылдың желтоқсанында берілуі керек болса да, тамыз айында олар әлі ала алмай отыр. Ескертілген мерзім 2025 жылдың наурызы, ал жиналыста ол маусым-шілдеге дейін созылуы мүмкін екені айтылған. Тұрғындар өтемақы немесе нақты уәде ала алмаған. Оған қоса бірінші кезектегі тұрғындар қосылып, кешендегі проблемаларды айтты.
Фото: krisha.kz
Осы сәтте медиаменеджер Абылайхан Камаладин Instagram желісінде NEF Uptown тұрғын үй кешенінің құрылыс сапасы мен RAMS QAZAQSTAN компаниясының жобаны мерзімінде тапсырмауына қатысты наразылығын білдірген. Ол 2020 жылы аталған тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлікті сатып алған. Кейін RAMS QAZAQSTAN өз беделін қорғау мақсатында моральдық зиянды өтеу мен ақпаратты теріске шығаруды талап еткен, бірақ екі тарап келіссөздер арқылы дауды бейбіт жолмен шешуге келіскен. Қазіргі уақытта NEF Uptown тұрғын үй кешені басқа құрылыс компаниясына өтті және жақын арада жақсы жаңалықтар болады деп айтқан еді.
Krisha.kz сайтында тапсыру мерзімінің бірінші кезегі 2022 жылдың екінші тоқсаны деп көрсітілсе, екінші кезек 2023 жылдың үшінші тоқсаны болған. Пәтердің м² үшін 1,3 миллион теңгеден бастап сатылған.
Абылайхан Камаладин атап өткендей, мәселе негізінен NEF компаниясының кейбір қателіктерінен туындаған, сол қателіктің зардабы бәріне, соның ішінде оған да тиген. Дегенмен, RAMS QAZAQSTAN компаниясы және оның құрылтайшылары жағдайды түзету үшін жауапкершілікті өз мойнына алған.
Осы орайда редакция тағы да Абылайхан Камаладинден осы мәселеге қатысты сұрап көрдік.
"Бұл іске қатысқым келмейді. Пікірді компаниядан немесе олардың иелерінен алыңыздар", – деп блогер жауап қайырды.
Ал Санек Донгар RAMS компаниясының жаңа жобасы Signature пәтерлерді уақытында тапсырмауына қатысты шағым айтып жатыр. Ер адам компанияның уәдесін орындамауы оның шыдамын сарқып отырғанын жеткізді.
"Бүгін RAMS-тың басты офисіне бардым. CITY жобасында жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр екен. Ал Signature тұрғын үй кешенінде мүлде тыныш. Бірнеше перфоратор ғана жұмыс істеп тұр, территорияда адам аз. Офисте есепшоттың жойылғанын түсіндіре алмады, бірақ бәрі штаттық режімде жұмыс істеп жатыр деді. Адамдарға уақытында пәтер берілмеуі өкінішті, біз де Nomad2 жобасында бір жылдай күткен едік", – деп шағымданды Санек Донгар.
Signature тұрғын үй кешенінде м² үшін 1,1 миллион теңге шамасындағы бастап баға ұсынылып, 27 ақпанға арналған баға көрсетілген. Құрылыс қазір жүргізіліп жатыр, сондықтан нысан 2025 жылдың екінші тоқсанында тапсырылады деп жазылған.
Көпбалалы аналардың бірі Венера Сәбит бірнеше жылдан бері нәтиже күтуден шаршағанын жазып, басқа тұрғындардан да пікір сұрады.
Оның айтуынша, RAMS Evo кешенінің құрылысы үш жыл бойы аяқталмай келеді, ал компания жаңа 40 қабатты жобаны іске қосуға дайын болғанымен, бұрынғы нысандарды бітіруге асықпайды.
"Біз RAMS-пен үлкен мәселеге тап болдық. Келісім бойынша осы жылдың қарашасында RAMS EVA-ға көшуіміз керек еді. Бірақ құрылыс үшінші жылға созылып кетті. BI Group немесе “Свой Дом” сияқты құрылыс қарқыны мүлдем жоқ. Ал компания жаңа 40 қабатты жоба бастауға дайын. Алдыңғы, адамдар ақшасын құйған үйлерді аяқтауға неге күш салмайды, түсініксіз", – дейді ол.
Венера Сәбит көпбалалы отбасы ретінде жағдайдың ауырлап бара жатқанын атап өтті.
"Біз қазір пәтер жалдап отырмыз. Бұл біз сияқты әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін өте ауыр. Құжатта қараша деп көрсетілген, үш айға кешіктіру мүмкін дейді. Ақпанға дейін бітірсе жақсы. Бірақ оған да сенім аз", – деп жазады оқырман.
Енді RAMS Evo құрылысында м² үшін 620 000 мен 856 000 теңгеге дейінгі баға ұсынылып, 2023 жылғы 21 желтоқсанға арналған баға көрсетілген. Алайда құрылыстың бітпеуіне байланысты нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында тапсырылады.
Ол RAMS-пен мәселеге тап болған басқа тұрғындардан кеңес сұрады.
Бұдан бөлек RAMS-тың Атыраудағы Rams Garden кешеніне қатысты дабыл көтергендер көбейді. Компанияның маңдайшалары алынып, желілердегі парақшалары белсенді емес болып қалғаны сатып алушыларды алаңдатып отыр. Кейбір тұрғындар тіпті қаражатты қайтаруға дайын, алайда келісім бойынша 20% ұстап қалынатыны оларды тығырыққа тіреді.
Атыраудағы Garden Atyrau тұрғын үй кешенінде м² үшін 550 000 теңге көлеміндегі баға ұсынылып, 2024 жылғы 23 қазандағы баға көрсетілген. Алайда 2026 жылдың төртінші тоқсанында тапсырылады деп көрсетілген.
Фото: krisha.kz / Атыраудағы Rams Garden
RAMS компаниясы Алматыдағы ең даулы нысандардың бірі – 40 қабатты Rams Beyond Almaty жобасын жүзеге асыра алмайтын болды.
Тимирязев-Сейфуллин қиылысындағы 4,5 гектарлық бұл аумақта соңғы 20 жылда бірде-бір құрылыс сәтті аяқталмаған. Бұған дейін Okan Holding, кейін RAMS "Алматы парк" атты жобаны қолға алғанымен, ол да іске аспады.
2025 жылы компания биік тұрғын үй салу жоспарын жариялап, акиматтан рұқсат алған еді. RAMS тіпті жобаға бренд-амбассадор ретінде түрік актері Бурак Өзчивитті тартқан. Алайда бастама қоғам қарсылығына ұшырады: тұрғындар аудандағы көлік жүктемесі мен инфрақұрылым тапшылығын алға тартып, петиция ұйымдастырды. Central Avenue тұрғындары құрылыс олардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін айтты. Депутаттар да жобаны сынға алған.
Ұзаққа созылған даудан кейін RAMS 17 қарашада Beyond Almaty құрылысынан бас мердігер ретінде шығатынын мәлімдеді.
Фото: rams-global.com
Компанияның өзі не дейді?
Тұтынушылар мен инвесторлардан ресми ақпарат алу үшін біз RAMS Qazaqstan компаниясына хабарластық. Компанияның өкілдері қазіргі жағдай мен жаңартулар туралы мынадай пікір білдірді.
"Қазір RAMS Qazaqstan ребрендинг процесінде, бұл жаңа фирмалық стильді енгізуді және компания қызметінің сапасын, ашықтығын, сондай-ақ клиенттер мен серіктестерге ыңғайлылығын арттыруды көздейді. Барлық міндеттемелеріміз салымшылар мен инвесторларға толық көлемде орындалады. Құрылыс жұмыстары қалыпты режимде жүргізіліп жатыр, ал орындау графиктері инженерлік-техникалық мамандар мен серіктес құрылыс компаниялары арқылы қатаң бақыланып отыр", – деп хабарлады компания өкілдері.
Сонымен қатар олар әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың уақытша тоқтап тұрғанын, бірақ барлық жаңартулар мен құрылыс бойынша фото және видеоесептер Telegram-каналдарында қолжетімді екенін атап өтті. Клиенттерге тікелей менеджерлерден кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.
Компанияның пікірінше, қаржылық және құқықтық жағдай тұрақты, барлық келісімшарттық міндеттемелер толық орындалып жатыр.
"Біз ашықтық пен заңнамалық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, клиенттеріміз бен серіктестерімізге адалдық пен жауапкершілік принциптерін ұстанамыз", – деп түйіндеді RAMS Qazaqstan өкілдері.
RAMS Qazaqstan туралы мәлімет
Бүгінде RAMS Qazaqstan Қазақстан құрылыс нарығындағы көшбасшылардың бірі. 1997 жылдан бері компания Алматының өзінде 60-тан астам жобаны жүзеге асырып, 20 000-нан астам пәтер мен 4 000 000 м² тұрғын үй мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті пайдалануға берген. Құрылыс компаниясы "комфорт", "бизнес" және "премиум" санатындағы үйлерді ұсынады. Оның жобалары Алматы қаласының сәулет бейнесін өзгертіп, болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді.
"Галатасарай" спорт клубы өзінің Али Сами Йен атындағы спорт кешеніндегі стадионның атауына қатысты Rams Global-пен келісімге келгенін хабарлағаннан кейін, көпшілік "Rams Global кімге тиесілі?" деген сұраққа жауап іздей бастады. Бұл компания Қазақстанда және бірқатар басқа елдерде ірі жылжымайтын мүлік жобаларын жүзеге асыруымен танымал. Компанияның иесі – Рамазан Булбул.
Рамазан Булбул 1976 жылы Түркияның Джизре қаласында дүниеге келген. Бизнес жолын жас кезінен бастап, 1988 жылы Газиантепке көшіп, кәсіпкерлік ауқымын кеңейткен. Ол алғашқы сыртқы сауда келісімдерін Ирак және Сириямен жасаған, кейінірек түркітілдес елдермен де жұмыс істей бастады. Rams Global-дың негізі Қазақстанда қаланды. 1995 жылдан соң Булбул осы елде өз компаниясын дамыта бастады. Сол уақыттан бері ол Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында 80-нен астам ірі жобаны жүзеге асырды.
Фото: rams-global.com
Rams Global бүгінде жылжымайтын мүлік, туризм, денсаулық сақтау және медиа салаларында жұмыс істейтін көпсалалы халықаралық компанияға айналды. Рамазан Булбул бұл алпауыт құрылымды үш ұлымен бірге басқарады. Қазақстанда басталған компанияның жаһандық даму жолы кейін Түркия, Германия, Таиланд, Ресей және БАӘ-ге дейін кеңейді. Қазіргі Rams Global-ды Рамазан Булбул және оның ұлдары – Доған, Девран және Фарук Булбул басқарады.
RAMS Qazaqstan коммерциялық және тұрғын көпқабатты үйлер, сауда-ойын-сауық орталықтары, өндірістік нысандар, коттедждер, спорттық және сауықтыру кешендерін салумен айналысады. Кейбір деректерге қарағанда, компанияның мүддесін қазақстандық-түрік жобалары бойынша бұрынғы Болат Назарбаев қорғаған. Компанияның бенефициарлық иесі – Фарук Булбул. Қазір ол Rams Qazaqstan-ның бас директоры болып есептеледі.
28 жылдық тарихы бар Rams Kazakhstan компаниясы 10 жылда қанша төлегені туралы Аdata.kz сайтында көрсетілген.
Мәліметтерге сенсек, компаниясы 2015 жылы 113 189 255 теңге салық төледі. 2016 жылы 119 238 735 теңге, 2017 жылы 119 229 469 теңге, 2018 жылы 192 379 191 теңге, 2019 жылы 523 503 703 теңге, 2020 жылы 348 079 062 теңге, 2021 жылы 614 546 178 теңге, 2022 жылы 818 509 392 теңге, 2023 жылы 727 182 431 теңге, 2024 жылы 1 286 184 804 теңге және 2025 жылы 2 026 869 551 теңге салық төледі.
Фото: Аdata.kz сайтынан скрин
Rams Kazakhstan 2021 және 2024 жылдары сот ісінде қатысы болғаны көрінген. Дегенмен, бизнес саласында 42 619 компанияның ішінде 449 орын алып, өз саласындағы компаниялардың 98,9%-ынан жоғары көрсеткішке ие екен.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі