"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр

Фото: Жасанды интеллект көмегімен
Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңның қабылдануы қызу пікірталас тудырып жатыр. Желі жұртшылығының бір бөлігі мұны балаларды қорғау үшін қажет десе, енді бірі оны сөз бостандығы мен азаматтық еркіндіктерге қауіпті екенін жеткізді. Енді бірі мұны өзге өзекті мәселені жасыру үшін биліктің жасап отырған кезекті айласы деп атады. ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынса заң қалай және кімдерге қарсы жұмыс істейді? Stan.kz тілшісі сарапшы мамандардан сұрап көрді.
“Биліктің назарды мәселеден басқа нәрсеге бұруы”
Актриса Дина Тасболатова бұл заңның халықтың талқылауынсыз қабылданып кеткенін алға тартты. Айтуынша, бұл заң қабылданса тіпті әзілдеудің өзі қауіпті болмақ.
“Қазір ғана оқыдым: Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салатын түзетулер қабылданыпты. Оның үстіне бірауыздан қабылдаған! Халықтан ешкімнен сұрамай, талқыламай! Бұл мені расымен таңғалдырды. Бұл қалай жұмыс істейді сонда? Яғни комиктің немесе кез келген адамның сахнада айтқан гейлер туралы кез келген әзілін заң бұзушылық деп қабылдауға бола ма? Енді біреуге біреу ұнамай қалса, бірден "ой, ол тым тар шалбар киіп алыпты, бұл насихат сияқты, шара қолданыңыздар" деп үстінен шағымдана салуы мүмкін ғой”, – деді ол.
Алайда кейбір желі пайдаланушысы мұны балалар психологиясын қорғау үшін қабылданып жатқан тиімді әдіс екенін атап өтті.
“Көпшіліктің ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты ашуланып отырғаны байқалады. Өз ойымды айтайын: меніңше, бұл – дұрыс шешім. Педофилия, дін және басқа да нәрселерді насихаттауға тыйым салған сияқты, мұнда да әңгіме балаларға арналған насихат туралы болып отыр. Олардың әлі қалыптаспаған санасына болмауы тиіс дүниелерді тықпалауға тырысады. Мен гомосексуал адамдарды қудалау керек деп есептемеймін. Бірақ белгілі бір бейнені мақсатты түрде насихаттау болмауы тиіс”, – деп жазды ол.

Фото: Желіден скрин
Белсенді Әсем Жәпішева бұл заң цензураны күшейту үшін жасалып жатыр деп ойлайды.
“Егер сіз заң ЛГБТ-пропагандаға қарсы деп ойлап, оның гейлерге қарсы емес, цензураны күшейту үшін қабылданғанын түсінуге ақылыңыз жетпесе, онда сіз – осы заңның мінсіз нысаналы аудиториясысыз. Сізге бұл заң "мораль туралы" деп сіңіріп қояды, ал шын мәнінде ол толық бақылау орнату үшін керек, "балаларды қорғау" деген желеумен медиа, өнерді тыйым салуға мүмкіндік беріледі. Бүгін – ЛГБТ, ертең – әйелдер, ал бүрсігүні – билікті кез келген сынға алу. Цензураны әрқашан "құндылықтарды қорғау" деген қаптамаға орап сатады, осы ақымақтыққа қанша уақыт алданып жүруге болады”, – деп жазды Әсем Жәпішева.
Тағы бір желі қолданушысы мұны биліктің назарды үлкен мәселелерден бөлу айласы деп бағалады.
“ЛГБТ тақырыбы халыққа 100% әсер етеді. Бұл нақты мәселелерден назарды басқаға бұратын таптырмас тәсіл”, “Депутаттар ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы жаңа заң қарастырып жатыр. Не болса да, 16% НДС-қа бірге қарсымыз, оны ұмытпайық! Осындай тақырыптар кеше бірігіп жатқан қоғамды, бүгін бір-біріне қарсы қоюда. Сонда олардың мақсаты ЛГБТ емес екенін түсінуге болады. Кім не деп ойласа да, бәріміз де бастысы жақсы өмір сүргіміз келетінін ұмытпайық!”, – деп жазды жұртшылық.
Одан бөлек қазақстандықтардың арасында бұл заңның нақты қандай кезде кімдерге қолданатыны алаңдатады.
“ЛГБТ-ны насихаттау деген не? Егер біз лакорн көріп, оны өзіміз үшін өз аккаунтымызға салсақ, ол да насихаттау болып саналады ма? Дегенмен,біз біреулер көрсін немесе гей болсын деп салмаймыз ғой. Сонда енді манхвалар мен лакорндар көруге рұқсат жоқ па? Осыны түсіндіретін адам бар ма?”, – деп жазды ол.
“Гей, транссексуал, гомосексуал бола ма өздері біледі: Басты талап – олар мұны насихаттамау”
Заңгер Нұрсұлтан Орынбек жаңа заң жобасының мақсаты мен қоғамға әсері туралы пікір білдірді.
“Егер бұл заң қабылданса, ол ең алдымен қоғамдық тәртіпті, ұлттық құндылықтарды, отбасылық институт пен балалардың психологиялық ойын қорғауға бағытталады. Қазақстан көпұлтты, дегенмен дәстүрлі дінге құрметпен қарайтын мемлекет болғандықтан мұндай заң ұлттық менталитет пен қоғамдық сұранысқа жауап береді. Өткені білетініміздей, ислам болсын христиандық болсын дәстүрлі діндерде мұндай әрекеттер тыйым салынған. Сол себепті бұл заң қоғамдағы тәртіпке әсер етеді. Ой санасы әлі жетілмеген балаларға түрлі үгіт-насихат ерте жүретін болса, осындай фильмдерде болсын, желіде болсын ашық жарияланса бұл балаларға психологиялық түрде кері әсер етеді. Олардың қалыпты дамуына кедергі келтіруі мүмкін”, – деді ол.
-
Қазақстанда “Тақтар ойыны” немесе “Кальмар ойыны” фильмдері ЛГБТ насихаты анықталса бұғатталады
-
"Еркектер қол ұстасып қыдыруына болады": Депутат ЛГБТ насихатына не жатпайтынын айтты
Заңгер заңның жеке өмірге араласпайтынын, тек балалар мен қоғамның қауіпсіздігі үшін шектеу жасалатынын түсіндірді.
“Насихаттау дегеніміз бұл белгілі бір идеяны қоғам ішінде тарату, қабылдату мақсатында, арнайы әдейі жасалған әрекеттер. Ал бұл заң аясында ЛГБТ-ны мектептерде, әлеуметтік желіде, БАҚ-та, балалар мен жасөспірімдерге насихаттауға жол бермейді. Заң жеке өмірге қол сұқпайды. Тек қоғамға ашық әсер ететін әрекеттерге шектеу қояды. Яғни ЛГБТ, гей, транссексуал, гомосексуал бола ма өздері біледі. Олардың мұндай болуы мен өз ойларын айтуын ешкім шектемейді. Тек басты талап – олар мұны насихаттамауы керек. Сол себепті мұндай тыйым салу өте орынды дүние. Конституцияда балалар құқықтарын қоғамдық қорғау міндеті берілген. Халықаралық құқықта да мемлекеттерге балалардың мүддесін қорғау құқығы бар. Демек егер бұл заң балалардың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз етсе, бұл халықаралық нормаларға сәйкес келеді. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ішкі шешімі”, – деп қорытты маман.
“Адамдарды олардың сексуалды бағдарлары үшін жазалау дұрыс емес”
Психолог Сурия Кдралина ЛГБТ насихатына тыйымдардың психологиялық әсерін түсіндірді. Айтуынша, зерттеулер бойынша, қатал тыйымдар әр жағдайда әртүрлі әсер етеді.
“Алдымен ЛГБТ насихаты дегеніміз не екенін түсіну керек. Мысалы, митингілер, ЛГБТ өкілдерінің киімдерімен шығуы, гей-парадтар – бұлар насихатқа жатады. Ал адамдарды олардың сексуалды бағдарлары үшін жазалау дұрыс емес.
Мұндай тыйымдар отбасылық қатынастарға да әсер етуі мүмкін. Егер ата-аналар балаларға ЛГБТ өмірі, құндылықтары және оларға деген көзқарас туралы сабырлы әрі дұрыс түсіндірмесе, отбасында сенім орнату қиын болады. Ал тек тыйым салып, жазалау болса, бұл жасөспірімдерде қорқыныш, депрессия және эмоцияналды проблемаларды күшейтеді. Менің ойымша, тыйым әрдайым адамдардың қызығушылығын арттырады деп айту дұрыс емес. Дегенмен, ЛГБТ насихатына тыйым салу ішкі де, сыртқы да қарсылық тудыруы мүмкін. Сондықтан қатал тыйымнан гөрі жұмсақ, түсіндірмелі тәсіл қолдану дұрыс болады”, – деді маман.
Еске салсақ, Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдаған еді.
Жеке блок ретінде балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін контенттен қорғау шаралары бекітілді. Қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ БАҚ, телекоммуникациялық желілер және онлайн-платформалар арқылы педофилия мен (немесе) дәстүрлі емес сексуалдық бағдар насихатын қамтитын ақпаратты таратуға тыйым салынады.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр