Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайының құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр

Алматыда Орталық Азия аумағындағы  алғашқы заманауи өнер мұражайы - Almaty Museum of Arts-тың құрылыс жұмыстары таныстырылды. Аталған экскурсияны заманауи өнер мұражайының негізін қалаушы коллекционер және меценат Нұрлан Смағұлов өткізді.

Кәсіпкер 2024 жылы ашылатын мұражайдың жалпы жобасы мен ондағы өнер туындыларын таныстырды. 

“Мұражайдың құрылысы өткен жылдың шілде айында басталды. Қаңтар айынан кейін жобасын қарап, бекіттік. Келесі жылы қыркүйек айында ашылу салтанаты болады. 
Жалпы 9 000 шаршы метрдің 3600-і көрме алаңы. Үшінші бөлігі де көрме алаңына арналған. Сондықтан мұражай бюджеті 30 миллион долларды құрады. Қаржының негізгі бөлігін өнер туындылары, мұражай жабдықтары мен экспонаттар құрайды”, - деді кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.   

Мұражайдың сәулет жобасын Сан-Францискодағы заманауи өнер мұражайы, Бильбаодағы Гуггенхайм, Дохадағы Катар ислам өнері мұражайы, Париждегі Помпиду орталығы мен Лувр жобаларын жасаған халықаралық мұражай жоспарлау жөніндегі Консалтинг компания - Lord Cultural Resources-пен бірлесіп, әлемнің 60-тан астам елінде бой көтерген ғимараттардың авторы британиялық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалады. Chapman Taylor аймақтық директоры Крис Ланксбури (Chris Lanksbury) ғимараттың архитектуралық жоспарымен таныстырды.  

"Қазақстандықтармен бірлесе жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе. Әрбір жобаның тамыры терең мәдениеттен басталады. Біз жобаны қолға алар кезде ағылшынның "L" әріпін таңдадық. Өйткені ғимараттың тастан жасалған бөлігі орманды, жасыл алқапты, ал металл бөлігі динамикалық Алматы қаласын бейнелейді. Тас бөлігі берік материалдар мен үлкен пішінді тауларды суреттейді. Ғимараттың екінші бөлігі қаланы бейнелейтін жасыл түсті металлдан жасалады. Аталған екі пішін бір-бірімен байланысып, "Art Street" аймағын құрайды. Бұл мұражайдың ең маңызды бағыттарының бірі.

Бұл модельді таңдау себебіміз халықтың келуіне мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасағымыз келді. Сондықтан Назарбаев даңғылы жағындағы басты кіреберісті жаңа Балет театрының кіреберісімен байланыстырдық.  

Әрине, бұл ғимараттың басты жұлдыздары - суретшілер мен мұражайдың өзі болмақ", - деді Chapman Taylor сәулет бюросының аймақтық директоры Крис Ланксбури. 

Мұражай ішіндегі тұрақты көрсетілімдер үшін арнайы зал қарастырылған. Сондай-ақ биіктігі 12 метр болатын, аумағы 1000 шаршы метрді қамтитын уақытша көрсетілім алаңы да бар. Мұндай ерекше зал өнер сүйер қауым үшін үлкен сыйлық болмақ. Себебі бұл жерден халықаралық көрмелерді де тамашалауға болады. 

Мұражайдың инженерлік жобасымен Лондондағы Британ, Абу-Дабидегі Лувр, Лос-Анджелестегі LACMA мұражайларының жобасын дайындаған британдық Buro Happold консалтингтік компаниясы айналысады. 

Алдағы уақытта мұражай ішінен көрме залдарынан бөлек концерт, кино көрсетілімдері мен театр қойылымдарын тамашалауға болады. Сондай-ақ дәрістер өткізуге арналған трансформер-көпфункционалды зал мен білім беру бағдарламаларын жүргізуге бағытталған арнайы шеберхана жасалады. 

Сонымен бірге сурет, графика және мүсіндерді қалпына келтіретін жаңа жабдықтары бар шеберхана, 5000-нан астам туындыны сақтауға арналған жалпы ауданы 1200 шаршы метрді қүрайтын кәсіби қойма жасалады.

Мұражай ішіндегі өнер туындыларының жинағы мен көрменің болашақ көрінісі туралы өнертанушы, Almaty Museum of Arts музей қызметі жөніндегі директоры Меруерт Қалиева сөз қозғады.

"Мұражай ең алдымен тірі организм. Біз келушілер үшін көрмелер, қоғамдық және білім беру бағдарламалары кіретін қарқынды жоба дайындап жатырмыз. Мұражайдың қаламыздағы маңызды бөлшектердің біріне айналатынына сенеміз. Бұл жерде жаңа білім алуға жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Мұражайдан әлемнің жетекші суретшілерінің туындыларын көруге болады", – деді Меруерт Қалиева.

Мұражайға қойылатын жинақтардың негізгі бөлігін Нұрлан Смағұлов соңғы 30 жылда жинаған XX ғасырға тән қазақстандық өнер туындылары құрайды. Қазіргі таңда мұражайда белсенді жинау жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе Орталық Азиядағы заманауи суретшілер мен халықаралық авторлардың туындылары сатып алынды. Мысалы, өткен жылы Венеция биенналесі кезінде неміс суретшісі Ансельм Кифердің монументалды инсталляциясын алған. Ол эмульсия, акрил, күйген ағаш, көмір, отқа күйген кітаптар мен металл сымдардан тұрады. Туынды "Бұл шығармаларды өртегенде, әлем шамалы болса да жарыққа бөленеді" деп аталады.  Ол Венециядағы Дож сарайында өткен суретшінің жеке көрсетілімінде ұсынылды. 
Ал америкалық мүсінші, әйгілі шебер Ричард Серрдің ұзындығы 25 метр болатын "Қиылыс" монументалды мүсініне арнайы жеке зал бөлінеді.

Сондай-ақ мұражайдың іргелес аумағында әйгілі әлемдік суретшілердің жаңа мүсіндері орналасады.

"Мұражайдың сыртқы бөлігі – келушілердің көзіне бірінші түсетін аумақ болғандықтан біз үшін маңызы зор. Британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаренің, испаниялық Джауме Пленстің және арғы тегі поляктардан шыққан неміс суретшісі Алисия Кваденің туындыларынан таңдап алынған үш мүсіннің сана-сезімімізге берер әсері зор болмақ. Әрбір туындыны әртүрлі деңгейде қабылдауға болады", – деді Меруерт Қалиева.

Биыл мұражай коллекциясы үлкен сұранысқа ие заманауи суретшілердің бірі – жапониялық Яеи Кусаманың туындысымен толықты. "Шегі жоқ бөлмелер" әлемнің көптеген мұражайларында қойылды. Мұражай ғимаратында құрылыс жүріп жатқанда Almaty Museum of Arts  Кусама инсталляциясын Сан-Францискодағы МОМА мұражайында ашылатын суретшінің көрмесіне ұсынды. Ал келесі жылы инсталляцияны Almaty Museum of Arts мұражайынан көруге болады.

Талқылау