Алматылық әйелді әмиянымды ұрлады деп айыптаған Бостандық ауданының әкімі қызметінен кетті
Фото: gov.kz
Алматыдағы Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин отставкаға өтініш берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алин бұл қызметке 2023 жылдың мамырында тағайындалған, оған дейін Алматы қаласының энергетика және су шаруашылығы басқармасын басқарған.
Айта кетейік, Санжар Алин Людмила Сеңгірбаева есімді әйелді әмиянынды ұрлады деп айыптап, арыз жазуымен есте қалды.
2024 жылдың қазан айында Бостандық ауданының тұрғыны Людмила Сеңгірбаева аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Полиция бұған Бостандық ауданының әкімі Санжар Алиннің арызы себеп болғанын мәлімдеді. Әкім полицияға әйелдің оның әмиянын ұрлағанын хабарлаған.
2024 жылдың қарашасында аудан әкімі әмиян ұрлығы дауына байланысты өз қызметінен кетпейтінін мәлімдеді. Әкім егер тұрғындар оның жұмысына наразы болса, онда оның отставкасын талап ететін онлайн-петиция ұйымдастыра алатынын айтты.
Ал желтоқсанда полиция әкімнің әмиян ұрлады деген мәлімдемесін растау немесе теріске шығару үшін тергеу экспериментін өткізді.
Тәжірибеде сырт келбеті шамамен Сеңгірбаеваға ұқсас бөгде әйел әкімнің кабинетіне кіріп, әмиянды алып шығуы тиіс болған. Екінші нұсқада кабинетке кіріп, әмиянды алып, оны қалтасына не сөмкесіне салуы қажет. Екі жағдайда да оған төрт секунд қана берілді. Төрт секунд Людмила Сеңгірбаева әкім кабинетінде жалғыз болған кезде бейнежазбада көрінбеген уақыт. Қалған уақытта ол әкімдік қызметкерімен бірге болған немесе әкімдікке бірге келген аудан тұрғындары түсірген видеоларда көрініп тұрған.
Людмила Сеңгірбаеваның айтуынша, тергеу экспериментінде оның рөлін сомдаған әйел өзінен 10 жас кіші болып, бәрін барынша тез жасауға тырысса да, уақыт айырмашылығы айтарлықтай болған.
2025 жылдың шілдесінде Санжар Алин қылмыстық істің қай сатыда тұрғаны және сот әйелдің кінәсін дәлелдеді ме деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Әкім бұл ақпаратты жариялауға "құқығы жоқ" екенін айтқан.
Еске салсақ, бұған дейін аудан әкімі алматылық әйелді ұрлық жасады деп айыптағаны туралы жазған едік.

АҚШ-та ауыр жарақат алған қазақстандық дзюдошы хал үстінде жатыр: Ағасы емге 270 миллион теңге қажет екенін айтты
