Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жаңа шығармашылық алаңдағы алғашқы концерт өтті

Алматының Алатау ауданында дарынды балаларға арналған оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды. Орталықта Қазақстан Республикасының халық әртісі Шахимардан Әбілов Абай моно-операсын қойып, шығармашылық кештердің шымылдығын ашып берді.

"Толық адам, ой толғау, Хәкім Абай" атауымен ұйымдастырылған моно-операда әнші Шахимардан Әбілов Абай шығармаларынан үзінді оқып, әндерін шырқады.

Алматы қаласы әкімдігі әншіге оқушылардың шығармашылық жаңа орталығында алғашқы болып өнер көрсетіп, концерт ұйымдастыруға қолқалаған. Опера әншісі өзі 40 жыл бойы армандап келген Абай шығармаларынан құралған моно-операны ұсынған.

"Моноопера – ұзақ жылдық ізденістен туды. Менің шығармашылығымның шыңы десем болады. Алдымда 2 адам болса да, 3 адам отырса да, Абайды оқысам, Абайдың әнін шырқасам, соған көңілім марқаяды. Ал бүгін алдымда әртүрлі жастағы тыңдарманның болғанына қуаныштымын. Осындағы бір адамның болсын жүрегіне, жанына, санасына күш қуат беретін Абай сөзін жеткізе алсам – менің бақытым. Бұл менің 40 жыл бойы аңсап келе жатқан моно-опера программам еді. Былтыр ғана құрастырып шығардым", - дейді Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов.

Шараға әртүрлі жастағы көрермен жиналған. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі тұлғалары Марфуға Айтқожина, Асылы Осман, Айгүл Миразовадан бастап, Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының жас тәлімгерлеріне дейін жиналған.

Орталықтың үйлестірушісі Манас Тайкеновтың айтуынша, мұндай ауқымдағы шара орталықта алғаш рет өтіп отыр. Ондағы мақсат оқушылардың әдебиетке, ұлттық өнерге, мәдениетке деген қызығушылығын арттыру.

"Жасөспірімдерге осы Абай атамыздың шығармаларын үлгі алып, оған терең бойлаудың мүмкіндігін ұсынғымыз келді. Әдеби кешті моно-опера ретінде өткізіп отырмыз. Қазақстанның халық әртісі елімізде ғана емес, шетелде де кең танымал Шахимардан Әбіловтің осы кешін өнер сүйер қауым жоғары бағалайды деп ойлаймын", - дейді инновациялық орталықтың үйлестірушісі Манас Тайкенов.

Көрермендер моно-операға жоғары баға беріп, әншімен бірге Абай әндерін шырқап отырды. Кеш соңында орындаушыға ізгі-тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдауға арналған орталық Алатау ауданында орналасқан. 3 қабаттан тұратын ғимаратта оқушылардың шығармашылық дамуына барлық жағдай жасалған. Аптасына 5000-ға жуық баланы қабылдайды. Алматы қаласындағы кез келген оқушы орталық үйірмелеріне bilimAlmaty.kz сайты арқылы жазылуға болады.

Талқылау