Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан жер сілкінісі ең көп тіркелетін елдердің қатарына кірді

Алматыда жер сілкіністерінің саны артып, құрылыс салушыларға қойылатын талаптар да күшейтілді. Биыл Қазақстан жер сілкінісі көп тіркелген 20 елдің қатарына кіріп, 101 елдің ішінде 17-орынды иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: ru.freepik.com

Earthquakelist.org ғаламдық порталының мәліметіне сәйкес, 25 қарашаға дейін Қазақстанда магнитудасы 4-тен жоғары 259 жер сілкінісі болған. Жер сілкінісі ең көп тіркелген үш ел – Мексика, Индонезия және Жапония. Бұлар тектоникалық плиталар шекараларында орналасқан. Әрқайсысында 11 айда 1,4 мыңнан астам, ал Мексикада шамамен 1,8 мың сейсмикалық толқу болған.

Рейтингке сәйкес Қазақстан биыл ТМД елдері арасында ең сейсмикалық белсенді елдердің қатарына кірмеді. Осы ретте Қырғызстанда (338) және Тәжікстанда (275) сейсмикалық белсенділік айтарлықтай жоғары тіркелсе, Өзбекстанда (138) және Түрікменстанда (25) бұл көрсеткіштер төмен.

Төтенше жағдайлар министрлігі ұлттық сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер орталығының мәліметінше, ел аумағының шамамен 40%-ы жер сілкінісі қаупіне ұшырауы мүмкін. Бұл 400-ден астам елді мекенді қамтиды. Мұнда 7 миллионға жуық адам тұрады.

Фото: Finprom.kz

2016 жылы жасалған Қазақстанның сейсмикалық аудандастыру картасына сәйкес, ең қауіпті аумақтар – Алматы облысы мен Алматы қаласы. Мұнда жер асты дүмпулерінің қарқыны 9 балға дейін жетуі ықтимал. Басқа оңтүстік және шығыс өңірлерде 8 балға дейінгі сейсмикалық толқулар болады деген болжам бар.

Төтенше жағдайлар қаупі 7 балға дейін жететін қара жасыл аймаққа Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстары кіреді. 6 балға дейінгі толқулар мүмкін деп есептелетін ашық жасыл аймаққа елдің оңтүстік шекараларымен қатар, Батыс және Орталық Қазақстанның едәуір бөлігі кіреді.

ЮНЕСКО-ның жер сілкінісі мәселелері жөніндегі сарапшысы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Танатқан Абақанов еліміздегі сейсмикалық аймақтар техногендік факторлардың әсерінен кеңеюімен байланысты деп отыр. Бұл факторларға мұнай мен газ кен орындарын қарқынды пайдалану, гидротехникалық құрылыстардың салынуы және т.б. жатады дейді ғалым.

Былтыр төтенше жағдайлар министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған сейсмология саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірледі. Бұл құжатта жер сілкінісі салдарынан келетін залалдар қаупін арттыратын негізгі мәселелер көрсетілген. Олардың қатарында:

  • мониторинг жүйелерінің қазіргі талаптарға сай келмеуі;
  • көптеген аймақ үшін сейсмикалық аудандастыру карталарының болмауы;
  • ірі қалалардың сейсмикалық микроаудандастыру карталарының жоқтығы;
  • ең қауіпті аймақтар үшін жаңа құрылыс нормаларын әзірлеу қажеттігі;
  • ғимараттардың сейсмотұрақтылығын күшейтудің жеткіліксіздігі бар.

Дегенмен Алматыда басқа ірі қалаларға қарағанда өзінің сейсмикалық микроаудандастыру картасы бар. Бұл картаны ұлттық сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер орталығының мамандары жасап шығарған. Ол тектоникалық жарықтар, топырақ тербелісінің амплитудасы сияқты көптеген әсер етуші факторды ескереді. Осы карта негізінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу жобалау институтының мамандары №2.03-31-2020 құрылыс жобалау ережелерінің жинағын әзірледі. Бұл құжатты құрылыс компаниялары орындауға міндетті.



Құжатта "міндетті" деп жазылса да, Алматыдағы құрылыс компанияларының көбі бұл талаптарды қатаң сақтай бермейтіні айтылды. Оңтүстік астанада бақылаушы органдар құрылыс нормаларының бұзылуын және тіпті нысандардың заңсыз салынғанын жиі анықтап отырады. Жаздың соңында, жарты жылда мегаполисте ретсіз салынған 40-тан астам нысан сүрілді. Осыған сәйкес, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 725 әкімшілік іс қозғалды.

Мұндай өрескел заңбұзушылықтар кейін жаңа салынып жатқан тұрғын үй сатып алушылар үшін құрылыс компаниясының сейсмотұрақты құрылыс принциптеріне адалдығына күмән тудырады. Бүгінде үйді тек сапалы тұрғызу жеткіліксіз, оны ықтимал жер сілкінісінде топырақтың дірілі мен қозғалысына төтеп бере алатындай етіп салу қажет. Қазақстанда сейсмотұрақты құрылыс саласындағы озық технологияларды негізінен ірі, қаржылық тұрақты компаниялар пайдаланады. 

Алматыдағы белгілі құрылыс компаниясының нысандары негізінде сейсмотұрақты құрылыс саласындағы заманауи инновацияларды қарастырайық. Көпқабатты тұрғын үй жер сілкінісіне төтеп беруі үшін компания сейсмотұрақтылық қағидаларын жобалау кезеңін де енгізе бастайды. Алдымен жер учаскесінің геологиялық зерттеулері, топырақтың ерекшеліктері және сейсмикалық аудандастыру картасы зерттеледі. Осы зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, жобалаушылар нақты жер учаскесі үшін қандай конструкция түрін қолдану керек екенін анықтайды.

Сейсмикалық белсенділік жағдайында құрылыс жүргізудің негізгі қағидалары мыналарды қамтиды:

  • жоғары сейсмотұрақтылыққа ие материалдарды пайдалану (арнайы класты бетон, болат қаңқалар),
  • тұрақтылықты арттыру үшін стратегиялық нығайту әдістерін қолдану.

Бұл әдістерге ғимаратты жалпы биіктігінің 10%-ына дейін тереңдету, арнайы фундаменттік контрфорстарды (нығайтатын конструкциялар) орнату және антисейсмикалық деформациялық жіктерді пайдалану кіреді. Сонымен қатар компания тек мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылауынан ғана емес, ішкі техникалық сараптамадан да өтеді.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.

Талқылау